
Музейдің төрінде тұрған батыр бейнесі – этнограф, қарутанушы, суретші Қалиолла Ахметжанның туындысы. Костюм мен қару-жарақ жинағының заттық реконструкциясы ортағасырлық көшпелі халықтың киім үлгісіне барынша жақын жасалған. Бас киім, құрама белдік, қылыш, садақ, қалқан мен жебелер, қаптан, шалбар, етік, домбыра – қимақ жауынгер-музыкантының кескін-келбетін аша түскен.
Тарқатып айтсақ, жауынгер-музыкант Катонқарағай ауданының Қарақаба жазығында профессор Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарында табылды. Бұл қорғандар ерте орта ғасырларға, дәлірек айтқанда, VIII-IX ғасырлардағы қимақ мәдениетіне жатады. Сондай-ақ ескерткіштер өңірдің ерте ортағасырлық халықтарының мәдениетін сипаттайды. Олар Орта Азияның көрші халықтарымен тығыз этностық және мәдени байланыста болғанын дәлелдейді.
«Қимақ жауынгерінің бейнесін заманауи қалыпқа келтірмес бұрын жерлеудің этнографиялық ерекшеліктері терең зерттелді. Ежелгі түркілер дәуірінің жерлеу рәсімдеріне тән ерекшеліктердің бірі – марқұммен бірге жерленген атты қабірдің кіреберіс түбіне қойған. Ал әбзелдерін марқұмның аяғының астына, жерлеу шұңқырының төменгі жағына орналастырған», дейді музей қызметкері Шұғыла Меделбек.
Қарақабада қазылған төрт жерлеу орнының үшеуінде үш түрлі құрылымдағы музыкалық аспаптар табылған. Катонқарағай өңірінен табылған музыкалық аспаптардың түрлері Моңғолия Алтайында да кездескен. Сондай-ақ Украина аумағындағы қыпшақ қорымдарынан да табылған.
Жалпы, қазіргі уақытқа дейін белгілі болған қимақ ескерткіштері негізінен өзен бойларында орналасқан. Ал Қарақаба аңғарындағы қорғандар теңіз деңгейінен 1 700–2 000 метр биіктікте б.з.д. VIII ғасырда өмір сүрген «таулық қимақтар» атты жергілікті этнографиялық топтың болғанын болжауға негіз бар.
Шығыс Қазақстан облысы