Дүбірге толы дүние
Ақпарат құралдарынан «Ислам мемлекеті» жасақтарының Ауғанстан мен ТМД елдері шекарасы аймағында пайда болғаны туралы хабарды естігенде, еріксіз шошисың. Шынымен-ақ бұлар осылайша ауқымын жая бере ме, қаныпезерлікке тоқтау болмайтын ба еді дейсің.
Олар қаңтар айының басында Ауғанстанның ең оңтүстігіндегі Гильменд провинциясында кезіксе, енді араға ай салмай елдің солтүстігіндегі Құндыз провинциясында пайда болған. Бұл провинция Тәжікстан мен Өзбекстанға тиіп тұр. Әзірге бұл елдерде, сондай-ақ, Қырғызстанда сол радикал-экстремистер жасақтары кездеспегенмен, оларға адам тартушы насихатшылардың бой көрсетіп жүргені де белгілі.
Сол «Ислам халифаты» жасақтарының жан түршігерлік жауыздық әрекеттері туралы ақпарат құралдарында аз айтылып жатқан жоқ. Сөйтсе де дін атын жамылған жауыздардың қатарына қосылушылар баршылық. Бұған дейін сонау алыстағы Сирияға талай елдің жерін басып өтіп баратын болса, енді олар іргеге келгенде, оған қосылатын адамдар да бұл аймақтан көбейетін шығар. Сол Ауғанстанға көршілес елдердің үкіметтерін алдымен мазалайтын осы жай.
Әрине, олар қамсыз отырған жоқ. Олардан түсіп жатқан хабарларға қарағанда, соңғы кезде оған ерекше мән беріле бастаған. Өзбекстанда да, Тәжікстанда да, Қырғызстанда да діни экстремистерге қарсы шаралар жүйесі белгіленген, соған орай елдің заңнамаларына біршама өзгерістер енгізілген. Құқық орындары өз қызметтерін ширатып, экстремистердің халыққа ықпалын шектеу жолында біраз жұмыс та атқарып отыр.
Діни радикалдық экстремистердің мақсаттары үлкен. Өздері басып кірмегенмен, мүмкін болған жердің бәрінде, діни, саяси тұрғыда іріткі салуға ұмтылады. Алдын ала мәлімдемелер жасап, қай елде нендей әрекеттер жасайтынын хабарлап-ақ онда тұрақсыздық ахуал тудыруға тырысады. Биылғы жылғы көктемде Өзбекстанда бірнеше террорлық актілер жасайтынын мәлімдеп үлгерген. Ал бұл елде наурызда президент сайлауы өтпек. Эстремистер сол саяси науқанды өз мүдделеріне пайдаланбақ. Ал Тәжікстанда парламент сайлауы болғалы жатыр. Сыртқы діни экстремистердің әрекеттерінен ел ішіндегі діни топтарды да пайдаланғысы келетіні аңғарылады.
Ауғанстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның ұзындығы 137 шақырым. Ел үкіметі оны нығайтуды мықтап қолға алмақ. Ал тәжіктерге 1344 шақырым шекараны күзету оңайға соқпас. Қазірдің өзінде шекаралық Пяндж өзенінің арғы бетінде діни экстремистік жасақшылардың топтасып жатқаны жайында хабар түсіп жатыр. Республика Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода содан қауіп қылатынын мәлімдеді.
Бұрын жұрт Ауғанстанды айтқанда, көңілге талибтер, «Талибан» қозғалысы оралар еді, енді оған «Ислам мемлекеті» экстремистері қосылып отыр. Қалай дегенде де, басқаға қол жайғаннан гөрі өз қамыңды өзің ойлаған жөн. Етек-жеңіңді жинап, өзің қымтанбасаң, жағаңа жармасатын жау жақын келіп тұр.
Байлығы көп елдегі тапшылық неден?
Әңгіме Венесуэла жайында. Бұл – Оңтүстік Америкадағы ауызға көбірек ілінетін ел. Оның басты себебі байлығы. Әлемдегі ең басты тауар саналатын мұнайдың ең көп қоры осы елде. Бірақ сол байлық жөнді игерілмеген. Содан да бұл елдің, араб елдеріндей емес, экономикасы төмен.
Иә, қазір мұнайдың бағасы төмендеп кетті. Бірақ бұл – тек Венесуэланың басындағы жай емес, бүкіл әлемдік құбылыс. Сол мұнайға бай елдердің кейбіреулері болмаса, көпшілігінің мұрты қисайған жоқ. Айталық, араб елдері өздерінің сол мұнайдан жасаған қорының арқасында бүгінгі қиындықтан қиналмай отыр. Ал Венесуэла болса, әсіресе, осыдан біраз бұрын дүниеден өткен басшылары Уго Чавестің кезінде бар тапқандарын қару-жараққа жұмсап, қайдағы бір соғысқа дайындалған. Әлемдегі ең бір милитариланған елдермен достасып, біразына қарызданып та қалған. Әрине, қару-жарақ халыққа тамақ болмайды, бұларға тап беретін жау да табыла қойған жоқ.
Дәл қазір сол Венесуэла халқы тамақтың, азық-түліктің тапшылығынан зардап шегіп отыр. Азық-түліктің көп пайдаланылатын сүт, ұн түрлеріне карточка жүйесі енгізілген. Оған да ұзақ тұрып, кезек күтіп жетесің. Азық-түлік дүкендеріне халықтың аптасына екі-ақ рет кіруге хақы бар. Бірнеше күнге жетерлігін сонда алып алмасаң, кейін қолың жетпейді. Соның өзінде сол алатындарың толып тұрған жоқ, ілінгенге қуанасың.
Бұл елдегі азық-түлік қатшылығы ақпарат құралдарының көп айтатын әңгімесіне айналды. Мұнда, тіпті, күлкілі жайлар да көп. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық қызметінің жетекшісі Карлос Осорио ұзын-сонар кезектің болуын баршылықтың көрінісі санайды. Ол телеарнадан сөйлеп: «Егер Венесуэлада тамақ болмаса, кезек те болмас еді ғой. Бұл – біздегі баршылықтың айғағы», деп біраз жұртты күлдіргендей де болған.
Ал жұрт сол тапшылықтан кезекке түні бойы тұруға мәжбүр. Яракуй штатының губернаторы Хулио Леон Эредия сол түнгі кезекке де тыйым салып, халықты одан сайын қинаған.
Осының бәрі халықтың наразылығын тудырды. Үкімет жоқты бар деп айтып, құтыла алмасын білген соң, елдегі азық-түлік тапшылығын оппозиция мен кәсіпкерлерге, сондай-ақ, АҚШ империализміне жауып, ақталмақ болып еді, халық оған да иланбады. Сонда президент Николас Мадуро азық-түлік сататын дүкен басшыларына тиісіп, олардың біразын түрмеге де жапты. Оларды сатушыларды азайтып, кезекті қолдан жасап отыр деп айыптады. Оған да ешкім сене қоймас.
Қазір елде азық-түлік сататын сауда орындары ең маңызды нысандарға айналған. Оларды полиция қызметкерлері күні-түні күзетіп, айрықша қамқорлықтарына алған. Күйзелген халықтан бәрін күтуге болғандай. Инфляция деңгейі елде 63,6 пайызға жеткен.
Президент Николас Мадуро ел аралап, көмек сұрап қайтты. Қытайдан 20 миллиард доллар несие алса, Катар 5 миллиардтай қарыз бермек болыпты. Мұны президенттің өзі тыныс тарылғандағы оттегі санап отыр. Ол таусылса қайтпек? Жау іздеп, қару жинағанша, күні бұрын халықтың қамын ойлағанда, әрине, бұлай болмас еді. Рас, мұнай бағасының күрт төмендеуі қиыншылық тудырды. Бірақ ол тегінге сатылып жатқан жоқ. Әлемдегі мұнай қоры ең көп елдің қаржыдан тарыққаны, сірә, таңданарлық оқиға ретінде тарихта қалатын шығар.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.