
Фото: inbusiness.kz
Қосылған құн салығы мөлшерінің көбейту мәселесі қоғам, сарапшылар ортасында қызу талқыға түсті.
Мемлекет басшысы бүгін бизнес өкілдерімен кездесуде осы тақырыпқа қатысты пікір білдіріп, Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.
«Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары», деді Президент.
Осы орайда экономика саласындағы сарапшы, PR маманы Айбар Олжаев Президенттің мемлекет және бизнес өкілдері үшін бірдей тиімді шешім қабылдау бастамасын қолдайтынын жеткізді.
«Мемлекет басшысы компромистік шешімге алып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Біріншісі,бизнес иелерінің табыс айналымы белгілі бір шектен асса, ҚҚС төлейді, айналымы аз қаражатты құраса сәйкесінше аз мөлшерде ҚҚС төлейді. Бұл прогрессивті шкала бойынша жүзеге асады. Барлық бизнес өкілдеріне ортақ ҚҚС белгілеу орынсыз. Бизнес иелерінің мүмкіндіктерін зерделеп, салықтық жүктеме арту керек. Бұл өте әділ шешім болмақ. Үкімет ҚҚС-ны көтеру арқылы бюджет тапшылығын жоюды көздеп отыр. ҚҚС-ның прогрессивті жартылай көтерілуі бюджет мәселесін түбегейлі шешпеуі де ықтимал», деді экономикалық сарапшы, PR маманы Айбар Олжаев