Руханият • 08 Ақпан, 2025

«Тасқа жазылған тарих» оқырманға жол тартты

280 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлінің әзербайжан, қырғыз және түрік тілдерінде жарық көрген «Тасқа жазылған тарих», түрік тілінде оқырманға жол тартқан «Kod adı Türkistan: Mustafa Çokay», орыс тілінде басылған «Тюркский мир: через призму истории» кітаптарының тұсаукесері өтті. Іс-шара Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

«Тасқа жазылған тарих» оқырманға жол тартты

Түркі мәдениеті және мұра­сы қорының президенті Ақтоты Райым­құлова: «Мемлекет және қоғам қай­раткері, академик Дархан Қыдыр­әлінің «Тасқа жа­­­зыл­ған тарих» ат­ты кітабы бауыр­лас халықтардың ортақ мұ­ра­ларымызға деген қызы­ғу­шы­­лығын оятарына сенемін. Ме­­нің­ше, Түркі мәдениеті және мұ­расы қоры осындай құнды еңбектер­дің жарық көруіне ұйытқы болу арқылы бүкіл түр­кі жұртының тарихи жады мен мұрасын сақ­тап, оны келешек ұрпаққа аманат­тауға жол аша алады. Осы орайда түр­кі әлемінің ұлттық тарихы мен мәдениетін көпке таныту ісінде Дархан Қыдырәлі­мен бір­лесе жұмыс істегенімізді үл­кен мәртебе санаймыз», деп ал­ғашқы сөзін айтты. Сондай-ақ ол Түр­кі мәдениеті және мұрасы қо­ры Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің идея­сы­мен құрылып, бү­гінгі таңда Қазақ­стан, Түркия, Қыр­ғызстан се­кілді түркі мемлекеттері пре­зи­денттерінің қолдауымен түр­кі халықтарының арасындағы ­дос­тық қарым-қатынастың та­мы­­рын терең­дету мақсатында кешен­ді жұмыстар жасап жат­қанын мәлімдеді.

Басқосуда сөз алған мемле­кет және қоғам қайраткері Мыр­затай Жол­дасбеков ғылым жо­лын­да академик Дархан Қыдыр­әліні шәкірт тұтаты­нын, екеу­ара зерттеу тақырыптары да ортақ екеніне тоқталып, «Тасқа жазылған тарих» – бәріміз үшін құн­ды еңбек. Мұндай туын­ды барша түр­ік жұртының мә­дениетін жаңғыр­ту­­ға септе­серіне сенемін», деді. Сон­дай-ақ Мырзатай Жолдасбеков ­соң­­­ғы отыз жылдықта ғылыми айналымға «түркі» деген сөздің еніп кеткенін, жер бетіне «түркі» деген халықтың бол­мағанын, сол себепті бұл атауды Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұма­баевтар секілді «түрік» деп дұ­рыс қолдануымыз керектігін ұсыныс етті.

Әзербайжан Республикасы­ның мәдениет министрі Адил Керимлі Дархан Қыдырәлінің түркі халық­тары­ның мәдениеті мен тарихын зерт­теу ісінде аян­бай тер төгіп, Түркі акаде­мия­сының президенті бол­ған кезде де қандас халықтардың ортақ мұрасын зерттеу, насихаттау ісінде табанды қызмет еткенін, «Тасқа жазылған тарих» еңбегі сол бастамалардың жалғасы еке­ніне тоқталды. Азия кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сарыбай түрік халықтарының ортақ мұралары, ортақ тұл­ға­лары көп бола тұра, ға­лым­дар ұқсастықтан гөрі, ұлт­тық ерекшелікке, айырма­шы­лық­тарға мән беруге бейім еке­нін, бұл туыс халықтардың ара­сын алшақтататынын айта келіп: «Бүгін тұсауы кесіліп отырған кітаптар сол олқылықтың орнын толтырады», деді.

Президент кеңесшісі Бауыр­жан Омаров кітап авторы төрт биліктің үшеуінде, яғни заң шығарушы­лық, атқарушылық және ақпараттық билікте же­місті жұмыс атқарғанын, ғалым-академик ретінде де талмай тер төгіп, түркілік танымды қоз­ғайтын, түркі дүниесін одан әрі жақындасты­ра түсетін елшіл­дік сипаттағы елеулі еңбек жазып шыққанын айта келіп, бұл еңбектің ерекшеліктерін санамалап берді:

«Біріншіден, «Тарихты жазу тарихты жасаумен бірдей өзекті», деп автордың өзі айт­қандай, Дархан Қыдырәлі еңбегін қағаз бетіне түсі­руге аса жауапкершілікпен қарай­ды. Монографияның ғылыми аппара­тының ауқымды және мазмұнды болуына жете көңіл бөледі. Беделді ғалым­дардың еңбектеріне сүйене­ді. Сол зерт­теулерді саралай келіп, өзін­дік ой қорытады. Екіншіден, ежел­гі және орта ғасырлардағы біз­дің тек-тамырымызға қатысы бар мем­лекеттік құрылымдар туралы мәліметтер ұсынып, елдің рухын оятады, танымын байыта­ды, ой-өрісін кеңейтеді. Үшінші­ден, ол байырғы түріктердегі «ел» ұғымы мәселесін жан-жақ­ты талдайды. Ел мен мемлекет түсініктерін бөле-жар­май қарастырып, түп-төркініне үңіледі, даму жолдарын айқын­дайды. Төртіншіден, түркі ха­лықтарының танымындағы на­ным-сенімдер туралы мол мә­лі­метке қанықтырады. Арғы-бергі деректерді салысты­рып, салмақтай отырып, өз көз­қа­расын танытып, байлам-ба­йып­тамасын білдіреді. Бесін­ші­ден, түркі дүниесі­нің тұлға­лары, сол тұлғалар шыққан тектер мен тайпалардың таңбалары туралы маңызды деректерді топтас­тырады. Яғни еңбектің ғылы­­­ми ғана емес, фактологиялық сипаты да мейлінше мазмұнды. Алтын­шы­дан, өз ұстанымына берік автор түр­кология ғылы­мында өзіндік орны бар аса бе­делді ғалымдардың ыңға­йы­на жығыла бермейді. Мәсе­леге өз көзқарасын танытады. Мы­са­лы, Ашина атауы туралы бай­лам жаса­ған атақты түрколог Сер­гей Кляшторныйдың пікірі­мен онша келісе қоймайды. Себе­бі оның бұған қатысты тү­йін-тұжырымдары мен дә­лел-дәйектері жеткілікті. Же­тін­шіден, «Тарихты жең­ген ел жасайды дегендей, Америка, Ұлыбритания, Ресей пат­ша­лық­тары әлем тарихын өз қа­лауынша жазды», деп сөз бас­таған Дархан қазақ тари­хы бұр­маланбауы үшін ұлт­тық иммунитетті қарсы қою қа­жет­тігін алға тартады. Өзінің жүйелі жұмыстарын да осы ба­ғытта өрбітеді. Сегізіншіден, ол түркі жазуы мен түркі тари­хының ара қатынасын, өз­ара байланысын зерделейді. Көне жазудың мән-маңызын ұғын­дыру арқылы түркілік ұғым­дарды тоғыстырады. Оны келе­шектегі міндеттерге, ел­дік мұ­раттарға ұластырады. «Біз үшін бітік жазуы тарихымыз ретін­де ұлықталуға тиіс. Ал латын әліп­биі – бізді әлемдік өркениетпен жал­ғастыратын болашағымыз», – деген тиянақты тұжырымы – нақ осының дәлелі».

Қырғыз Республикасы Пре­зи­ден­тінің кеңесшісі Аслан Койчиев «Қыр­ғыз оқы­мыс­ты­лары Дархан Қыдыр­әліні ұлы­лардың жолын жалғаған ой­шыл ғалым ретінде таниды. Содан да болар, қырғыз тілінде жарық көрген «Ташка жазылган тарых» атты кітапты оқырмандар қанын жерге тамызбай оқып жатыр. Алдағы уақытта кітаптың «беташарын» Қыр­ғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткізуді ұсынамын», деді.

Бұдан кейін сөз алған ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хат­шы­сының Қазақ­стандағы кеңес­шісі, академик Кәрім­бек Құр­маналиев, мемлекет және қо­ғам қайраткері Әділ Ахметов, Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлт­­тық университетінің ректоры, академик Ерлан Сы­дықов, Назар­баев университетінің ­про­фессоры Юлай Шамилоғ­лу сынды азаматтар сөз сөйлеп, қалың оқыр­манға жол тартқан жаңа кітаптар туралы келелі ойларын ортаға салды. Мәсе­лен, «Мазмұндама» баспасы­н­ың басшысы Шыңғыс Мұқан орыс тілінде басылған «Тюрк­ский мир: через призму истории» атты кітаптың қазақ тілін білмейтін жерлестеріміздің ара­сында сұранысқа ие екені­не тоқталып, бұл еңбекті орыс тілі кең қолданысқа ие Орта­лық Азия нарығына шығаруды жоспарлап отырғандарын тілге тиек етті.

Жиын соңында сөз алған кітап авторы, академик Дархан Қыдырәлі Еуразия кеңіс­тігін ен жайлаған жоралы жұр­тымыз елдерді жаулаушы ғана емес, өркениеттерді жалғаушы халық болғанын, тамырын те­реңге тартқан түріктер тарихын тасқа қа­шап жазғанын айта келіп, аталған кітапты «Daşa yazılan tariх» атауымен әзер­­байжан тіліне аударған Аида Эй­вазоваға, «Ташка жазыл­ган тарых» деген атаумен қыр­ғызша сөйлеткен Негизбек Шаб­даналиевтерге және барша іс-шара қонақтарына алғысын білдірді.