19 Маусым, 2015

Болам деген балаға банктер де болысады

324 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Альменов-фотоДәл бүгінгі күндері өздеріне кәсіп, болашағына нәсіп іздеген еліміздің барша түлектері мен халықаралық деңгейде мамандық алуға көздеген жастарымыз ізденіс үстінде. Қазіргі таңда сапалы білім алудың барлық жолдарын қарастырып отырған түлектердің мүддесіне орай, түрлі мүмкіндіктер туып тұр. Ал мектепте жақсы оқыған қабілетті балаларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау да аз емес. Дегенмен, өз кезегінде ұлттық компаниялар мен банктер де болашағынан үміт күттірген мақсатшыл жастарға қаржылық гранттар бөлуде. Сөзімізді нақтылау үшін біздер «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Марат ӘЛМЕНОВТІ әңгімеге тарттық. – Марат Бүркітбайұлы, биыл мамырда Бейжіңде өткен Халықаралық кеңестің VI отырысының шеңберінде UPI банк қытайлық төлем жүйе­сі­мен ынтымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойылғанынан хабардармыз. Ынтымақтастық бағыт­тарының ішінде – Қытайда оқып жатқан немесе оқығысы келетін Қазақстан студенттеріне арналған стипендиялық бағдарламаны дамыту да бар екен. Бұл болашақтың ісі ме, болмаса нақты бастама бар ма? – Шын мәнінде, Бағдарламаны іске асыру басталып та кетті. Дегенмен, UPI басшылығы стипендиялық бағдарламаны ұйымдастыру жөніндегі жоспарын өткен жылғы қарашада UnionPay International Co., Ltd. бас­шы­лығының және ҚР Ұлттық Банкі мен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (Halyk Bank) бірлесіп өткізген баспасөз конференциясында мәлімдеген болатын. Биыл, мамыр айында UnionPay International Халықаралық кеңесінің VI отырысында UnionPay International Co., Ltd., және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (Halyk Bank) арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл отырысқа «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова UnionPay International Халықаралық кеңесінің мүшесі ретінде қатысып, Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдері (Ресей, Беларусь, Украина) («Far Eastern Europe and Central Asia») атынан өкілдік етті. Бірлескен стипендиялық бағдарла­маны тікелей іске асыру дәл осы оқиғадан, аталмыш жиыннан бас­тау алды десек болады. Яғни, 16 маусымнан бастап бағдарлама ресми түрде жүзеге аса бастады. – Түрлі мүмкіндіктерді қарас­тырып отырған мектеп бітірушілер атынан бұл неғылған бағдарлама деп нақтылай түсуге бола ма? – «UnionPay»-мен бірге Халық­тық білім беру» стипендиялық бағдар­ламасы» («Halyk Education with Union Pay» scholarship program») – Қазақстан азаматтарын – отандық және шетелдік орта және жоғары оқу орындарын бітірушілерді Қытайдағы бейінді жоғары оқу орындарында оқыту жөніндегі бағдарлама болып табылады. Бағдарламаға іліккен студенттерге бір жыл бойы стипендия төленеді. – Бағдарламаның жай-жапсарын толықтыра түссеңіз. Оған қанша қазақстандық студент іліге алады? Талаптары қандай? – Бағдарлама аясында 50 шақты студентке стипендия бөліне­ді. Бағ­дарламаға Қазақстан Республи­ка­сының келесідей азаматтары қатыса алады: ҰБТ-дан кем дегенде 100 балл алған мектеп бітірушілер. Қалған оқыту мерзімі кем дегенде бір академиялық жыл болатын Қытайдағы бейінді жоғары оқу орындарында бакалавриат бағдарламалары бойынша оқитын үздік студенттер. Қазақстанда немесе шетелде жоғары оқу орнын бітірген және Қытайдағы бейінді жоғары оқу орындарында магистр дәрежесіне оқуын жалғастырғысы келетін, сондай-ақ, қалған оқыту мерзімі кем дегенде бір академиялық жыл болатын магистратурада оқып жатқандар. Барлық жоғарыда аталған жағдай­ларда көпбалалы отбасынан шық­қан, сондай-ақ, ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған мектеп бітіру­шілерге және жетім балаларға артық­шылық беріледі. – Бұл жобада басқа да серіктестер бар ма? Мысалы, Қазақстан мен Қытайдың жоғары оқу орындары? – Жоқ, басқа серіктестер жоқ. – Бағдарлама болашақта жал­ғасын таба ма? – Біздің бірлескен стипендиялық бағдарламамыз 2015 жылғы қыркүйектен 2016 жылдың маусым аралығында жүзеге асады. Осы аралықта әрбір стипендия алушыға төленетін стипендияның жалпы сомасы 5 мың АҚШ долларын құрайды. – Бағдарламаның мерзімі шектеулі екен. Неге? Алдағы уақыт­та аталмыш бағдарламаға қаты­су­шылардың саны көбеюі мүмкін бе? – Бұл UnionPay International-мен бірлесіп жасап жатқан біздің алғашқы жобамыз. Бастапқы жобаның жүзеге асырылуына қарай, келешекте осы мәселелердің барлығы нақтылана түседі деп ойлаймын. – Студенттерді қолдауға қатысты Халық Банкінің тағы қандай бағдарламалары бар? – Шынында да, Халық Банкі балалар үйінен шыққан мектеп бітірушілер лайықты өмірге қадам бассын деп, олардың жоғары оқу орындарында білім алуына бағытталған тағы бір бағдарламаны іске асыруда. «Халықтық студенттер» атты әлеуметтік жобасы 2007 жылдың қыр­күйек айынан бастап іске асы­рылып, міне, сегіз жыл бойы жалғасып келеді. «Халықтық студенттер» – рес­публиканың әр түкпіріндегі балалар үйлеріндегі және әке-шешесі­нің қамқорлығынсыз қалған бала­лар мен мектеп-интернаттар тәрбие­ленушілеріне арналған арнайы қайы­рымдылық бағдарлама. Ол бойынша Қазақстанның әртүрлі өңіріндегі осы ұйымдардың тәрбиеленушілері жоғары білім мен Халық Банкінің негізін қалаған Қ.Әбенов атындағы атаулы стипендияны алады. Осы уақытқа дейін «Халық­тық студенттер» атты жобаның арқасын­да біздің банктің қамқорлығын­дағы балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың 39 тәрбиеленушісі жоғары білім алды. Олардың бірқатары Халық Банкінің мыңдаған қызметкері бар ұжымының қатарын толықтырды, яғни 14 студент біздің Банк­ке жұмысқа қабылданды. Біз өз қамқорлығымыздағы жоо түлектеріне Халық Банкінде, сондай-ақ, барлық «Халық» қаржылық тобының құры­лымында қызмет етуді ұсына аламыз, мансап жолында өсу мүмкіндіктерін қарастырамыз. «Халықтық студенттер» атты жоба іске асырыла бастағаннан бері «Қазақстан Халық Банкі» АҚ бұл мақсатқа 45 миллион теңге қаражат жұмсады. Тек 2014-2015 оқу жылына ғана 2,5 миллион теңге қаржы бөлінді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.