Қоғам • 10 Ақпан, 2025

Аса ауыр жағдайдағы 342 бала мемлекет қамқорлығына алынған

102 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бас Прокурор Берік Асылов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шараларды баяндады, деп жазады Egemen.kz.

Аса ауыр жағдайдағы 342 бала мемлекет қамқорлығына алынған

Фото: gov.kz

Берік Асыловтың айтуынша, прокурорлар қауіп-қатер аймағындағы 63 мың отбасыны аралаған. Тексерулерден кейін бала асырап алған ата-аналар мен қамқоршыларға қатысты 93 сотқа дейінгі тергеу басталған. 

Ал 11 мың ата-ана мен заңды өкіл бала тәрбиесіндегі міндеттерін орындамаған. Аса ауыр жағдайда қалған 342 бала мемлекет қамқорлығына алынған. 

«54 ата-ананың құқықтарын шектеу және 92 ата-ана құқығынан толық айыру туралы талап-арыздар берілді. Мыңнан астам отбасыға материалдық көмек көрсетілді (алғашқы көмек заттары, азық-түлік, оқу құралдар, көмір және басқалары). 1 мыңнан астам отбасыға тұрғын үй мәселесі бойынша қолдау көрсетілді. 10 мың отбасыға медициналық және әлеуметтік көмек ұсынылды. Балаларға 4,5 млрд теңге көлемінде алимент өндіріп алынды», деді Бас Прокурор.

Берік Асылов «URPAQ» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін бөлісті. Балалардың құқықтарын бұзылған жағдайда мәлімет беруге арналған Telegram чат-боттары іске қосылған. Мектеп пен мемлекеттік мекемелерде, қоғамдық орындарда мәселені жедел жеткізу үшін QR-кодтар орнатылған.

«Қысқа уақыт ішінде оқушылар мен мұғалімдер тарапынан орын алған бұзақылық пен буллинг туралы 1 809 хабарлама түсті. Тексеру нәтижелері бойынша 192 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 1 617 адаммен профилактикалық әңгімелер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді», деді Берік Асылов.