19 Маусым, 2015

Жол жібектей болған жоқ

317 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
05-1.jpg-04-07 Белгілі орыс жазушысы Сергей Плехановтың Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Не шелковый путь» атты кітабын оқығанда туындаған ойлар Самғау Жазушының жан рахатын сезінер сәті – оның талай уақыттан бері көз майын тауысып, түн ұйқысын төрт бөліп, түнде қалам таянып, ойы тербеп оянып, жазып жүрген шығармасының соңғы нүктесін қойып, өзге әлемнен өзіне қайыра келуі. Текті аруананың тебінгі теуіп, түзге бошалағаны секілді шаршаулы шақ пен қамсаулы қайырым артта қалған соң ол енді қарапайым ғана пенде қалпына келіп, он сан оқырманнан оңтайлы баға, олжалы пікір күтіп, базарға кеткен әкесін тосқандай сезімде болады. Әрбір қаламгердің жүрегінде жарқырап ізін қалдыратын осындай сәт Сергей Плехановтың да басынан өткеніне біз кәміл. Кейіпкердің де жан дүниесін толқытқан шуақты шақты сезіну бір басқа, ал сол көңілге жақын кейіпкердің жаңа туындыдағы сомдалған бейнесінің ажары мен базарын саралау мен бағалау оқырманның ой зердесіне салмақ салатыны және бар. Кітаптың бас кейіпкері мемлекетіңнің Басшысы – Президентің болса, негізгі объектісі туған елің – тәуелсіз Қазақстаның болса, көрші жұрттың көрнекті қаламгері қолынан шыққан жаңа туындыны жаныңа жақын тұтып қабылдау нотасы ілтипат пен ізгіліктің толқынында астасуы заңдылық. Мәскеу жұртшылығы осыдан аз ғана уақыт бұрын жайсаң жаңалықтың куәсі болып, зиялы қауымы зерделі залды толтырып, жаңа кітаптың тұсаукесеріне жиналған-ды. Оқырманның да оқырманы бар, талғам туралы таласпайды деген қатқан қағиданың өңін бүгінгі күннің бағасына салып қарасақ, талғам туралы сөз, сайып келгенде, «жаңа несімен жаңа, жақсы несімен жақсы?» деген сауалдарға себеп-салдарлы жауап беруге шақырады. Аузы дуалы атақтылардың сөз құйылысы сардар кейіпкерді сөз еткенде бір арнаға тоғысып, бірін-бірі толтырып, кейіпкер мен автор арасындағы алтын көпірдің тірегін тіктейді. Сондықтан да тұсаукесерде көсіле сөйлегендер мен шешіле сыр шерткендердің лебізі Елбасымыздың бүгінгі деректі прозадағы дәйекті бейнесі сындарлы сомдалды деген ортақ пікірге қол қойғызады. Кітаптың авторы Сергей Николаевич Плехановтың негізгі мамандығы – халықаралық қатынастар саласы. Әдебиеттің де өз адамы саналады. Ресейдің белгілі жазушысы. Ол бұған дейін әлемдік деңгейде аттары шыққан тұлғалар туралы арнайы кітаптар түзген қаламгер. Демек, уақыт тудырған көшбасшылар туралы арнайы тақырыптарға ұзақ жылдық дайындықпен келетін кісі. Сондықтан, оның жаңа туындысы – «Жібектей есілмеген жол» («Не шелковый путь») өмірбаяндық-деректік романы асығыс жазыла салған дүние емес. Автордың өз кейіпкері жөніндегі пікірі мен көзқарасы әбден пісіп-жетіліп, шығарманың жалпы желісі идеялық-көркемдік деңгейде көңілінде сұрыпталып, мақсаты мен мәні айқындалған соң өмірге келген туынды. Ұлт республикаларының бодандықтың бас жібін үзіп, өзіне тән өрісін табу әрекетіндегі берекетін көрсеткен шығарма. Тарихи тұлғалар туралы жазу әрі қиын, әрі қызық. Әсіресе, оқырман үшін қызық. «Жүйрікке қалғаннан да озған оңай» демекші, жарық көрген сандаған кітаптар мен өмірбаяндық очерктерді саралау барысында «бөтен сөзбен былғамай сөз арасын» суырылып шығып, сөзінің дәмін, бояуының әрін, айтарының дәнін көптің жүрегіне жаңылмай жеткізуде автор абыройлы биіктен көріне білген десек, артық айтқандық болмас. Кейіпкер өзіміздікі болғасын, оның осал болмай шығуына халықшыл оқырман әбден мүдделі. Мүддеміздің мерейі үстем болғаны үшін қаламгерге рахмет айтсақ жарасар. Кітаптың алғысөзінде белгілі қайраткер, Ресей Батыры Игорь Иванов: «Это не только история жизни Нурсултана Назарбаева, но и ретроспектива истории политических трансформации... Ни для кого не секрет, что среди лидеров современного мира он одна из наиболее ярких, сильных фигур, что он давно перерос статус руководителя «одной из бывших республик СССР». Стратегическое видение, инициативность и невероятная настойчивость в сочетании с прагматизмом и осторожностью позволили Нурсултану Назарбаеву занять достойное место среди политиков мирового масштаба», деп орынды әрі дәлелді жазғанындай, бұл туындының бас кейіпкері туралы басты пікір әлемдік деңгейде әбден қалыптасқан. Сонымен қатар, кітаптың негізгі орталық объектісі – тәуелсіз Қазақстан, оның еңбеккер де бейбітсүйгіш халқы, сан ұлтты елдің кешегісі мен бүгіні және ертеңі. Автордың баяндау тәсілінде, болған оқиғаларды кітаптың рухани арқауына айналдыруында, уақыт кеңістігіндегі елдер мен алып державаның құлауындағы себеп-салдарлар негізгі кейіпкер – Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттағы, өмірдегі, қызметтегі тыныс-тіршілігі мен адамдық болмысын ашып көрсетуімен құнды. Кітапты оқу барысында оқырманның еліне деген құрметі, Елбасына деген ілтипаты қалтқысыз қалыптаса түседі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы қазақ әдебиетін айтпағанда, алыс-жақын шетелдердің қаламгерлері тарапынан бірнеше кітаптар жарық көрді. Англияның атақты қаламгері Джонатан Айткеннің кітабында қамтылған көптеген деректік, дәйектік, статистикалық, ақпараттық мәліметтердің саяси астары босаң тартпай баяндалып, қарапайым оқырманның қоғамдық-саяси дайындығын қажет ететін болса, Сергей Плехановтың баяндауында халықтық қабылдау мен оқырмандық ой байламы қатар ұштасып, шығарма жалықтырмай, жаттандылыққа ұрындырмай оқылады. Бұл жерде осы тақырыпқа бейімделген кәнігі қаламгердің тәжірибесі мен кейіпкердің жан дүниесіне үңілуінде достық-әріптестік басым түсіп, Президенттің де ет пен сүйектен жаралған жан екені көрініп, бірақ оның аса маңызды тарихи миссияларды орындау барысындағы батырлығы мен батылдығы, шапшаңдығы мен ширақтығы, жігері мен нақты шешімі, тәуекелі мен турашылдығы, қиналысы мен қуанышы қаз-қатар өріліп, туындының тынысын аша түседі. Кітаптың авторлық ремаркасы тал бесігін таянып, тәуелсіздікке толғатқан қазақ жұртының әйгілі желтоқсан көтерілісінен бастау алғандықтан, ауқымды тақырыпты ашудың авторлық тәсілі бірден өз мақсатын өміршеңдігімен айқындап, оқырманның қызығушылығы мен «одан әрі не болар екен?» деген сұрағына жауап іздеуден бас­талады. Ұтымды тәсіл, ұшқыр байлам. Біз, әрине, Елбасымыздың балалық шағынан бастап, күні бүгінгі кезеңіне дейін жақсы білеміз. Ол туралы жазылған сан алуан жанрлардағы шығармаларда, кино очерктер мен көркем фильмдерде кейіпкердің адами портреті мен саяси тұлғасы әбден орнығып, оған қосымша деталь, қосымша фабула мен сюжет қосу мүмкін еместей де болатыны бар. Лирикадағы нәзирашылдықтың саяси әдебиетте жолы қиын болуы мүмкін. Бірақ, «қалауын тапса қар жанады» деген сөзді айтқан да қазақ баласы. Қаламгер қалауын тапса, кейіпкердің сан қыры жан-жақты ашылып, жайнап сала береді. Кітапты оқу барысында тағы бір қызық ой қылаң берді. Мектепті күміс медальмен бітірген бозбала Нұрсұлтанның жолы бірден жеңіл басталған жоқ. Қол созым жердегі алтын медаль жалт етіп, алыстап кетті. Бір жол Киев қаласына қарай қиғаштай тартты. Украинаға өкше көтерілер сәт туды. Бірақ, қазақты билеген қиын тұрмыс оның алдынан шықты. Әке келісім бере алмай, ағайын рай танытпай бұл жол да жабылды. Ол ауылда қалды. Бірақ, өзін іздеумен болды. Тапты. Қазақстан Магниткасына жүрек жолдамасын алған жас жігіттің алдында тағы бір жол жатты. Тағы да Украина бағыты. Атақты Днепродзержинск қаласы. «Ат бас­паймын деген жерін үш рет басады, ер бармаймын деген жеріне үш рет барады», деген халық сөзі қалт кеткен жоқ. Украина жас арманның жолын ашты. Оның үлкен өмір мектебі осы жерден бастау алды. Бүгінде қазақ даласының бір мәртебелі аймағы болып саналатын, Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыздың қайраткер болып қалыптасу өңірі – Теміртау қазақ «Корчагині» – Нұрсұлтан Назарбаевты «құрыштай шынықтырды». Оның үнемі үстелінде жататын темір тотығына малынған «Құрыш қалай шынықты» романы жалпы қазақ жастарының үлкен өндіріске келуінің, жұмысшы табының қалыптасу кезеңінің басы болды. «Жапанда құйын кезіп, боран буған», қарлы далада шыңдалған жастық оның өмір бойғы төзімі мен шыдамдылығының, ерік-жігерінің, күш-қайратының рухани қайрағы, жан дүниесінің жайнағы болды. Бұл жердегі қиын өмір, тар жол, тайғақ кешулер ердің ерін сынап, оның азамат болып қалыптасуына ерекше әсер етті. Осы жерде екінші бір тарихи параллелизм қылаң береді. Жел суырған, боран ұйытқыған даладағы өмірге әлеуметтік-тұрмыстық өзгеріс жасау, еңбек адамына деген құрмет қалыптастыру тұрғысында Нұрсұлтан Назарбаев белсенділік көрсеткен тарихи сәт бүгінгі Теміртау қаласының алғашқы қадасын қақтырып, таптырмасты таптырып, күш-қуатты жаңа өмірге қарай барынша құлшындырды. Теміртауда болған жұмысшылар көтерілісінің себеп-салдарын Кремльге бүкпесіз жеткізіп, азуын айға білеген Саяси бюроның суық көзқарасын жібіткен Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлігін суреттеген жерлер кітаптың оқиғалық желісін бірден назарға алдырып, оқырманның арғы күндерге онымен бірге адаспай сапарлауына сүрлеу салады. Бұл кейіпкердің алғашқы үлкен жолының басы болатын. Адамның қолынан құдіретті не бар? Тың жерде қала салады, зауыт тұрғызып, өндіріс орындарын ашады, тусыраған тың даланы көтеріп, егін егеді, орман отырғызады, ұрпақ өрбітіп, өмірді жалғайды. Нұрсұлтанның да алғырлығы мен алымдылығының, шалт қимыл, шалымдылығының нәтижесінде жұмысшы табы ауыр еңбектен бүгілген белін жазып, маңдай терінің өтеуіне әлеуметтік-тұрмыстық, рухани-мәдени ақы сұрайтын кезеңге жетті. Сол кездегі далалық демократияның ежелден қалыптасқан үрдісі қалалық өмірдің тынысын ашуға септігін тигізіп, Нұрсұлтан Әбішұлы секілді алғыр жандардың арқасында жапан түзде жаңа қала бой көтерді. Арада талай тарихи кезеңдер өтті. «Өткен күнде белгі жоқ» деген сөз бар. Даулы. Өткен күнде белгі бар, ол – адамның атқарған асыл ісі, орындалған арманы, жаңа қалалар, жаңа мекендер, жаңа, жас ұрпақ. Нұрсұлтан Әбішұлының қалыптасқан тағы бір қыры – қала салу. Арада жарты ғасыр өткенде ол тәуелсіз Қазақстанның астанасын Сарыарқаның сайын даласында жаңадан көтерді. Қалалардың да өмірі адамдардікі секілді. Олар да қаз тұрады, қадам басады, ержетеді, ертеңгі күнге қол созады, жаңа ұрпақты дүниеге әкеледі, жаңа әлемге өзі туралы жар салады, көңіл дастарқанын жайып, әлемнің әр түкпірінен адал ниетті қонақ шақырады, құрылтайлар мен саммиттер, симпозиумдар мен съездерге төрін ұсынады. Бұл кейіпкердің одан әрі жалғасқан жолы еді. Енді елорданың картадағы орнын әлем біледі. Ал осы асқақ арман Нұрсұлтан Назарбаевтың аса жігерлі бастамасы мен ұсынысы бойынша сонау суық қабақ Кремльде шешіліп, Теміртаудың қалалық портреті ұлттық болмысқа өз сәулесін түсіріп, халқымыздың көшбасшысын қалыптастырудың алғашқы мектебі болғанын біз ұмытпауымыз шарт. Ұрпақтың ұлағатты бір сабағы да осы болса керек. Темір шайнап, от бүріккен алып домна пештерінің ұңғыма ұясын Днепродзержинскіден келген жастармен бірге кітап кейіпкері де құйысқан болатын. Шорланған шойын шыңдалған жандардың жігер-күшінің арқасында темір науамен жөңкіле ағып, қазақ даласының қайратын әлемге танытып, ұлттық жұмысшы табының алғашқы алғыр буынын өмірге әкелді. Алпысыншы жылдарда бой көтерген қалалардың көбінде дерлік «Заречный» көшесі бар. Ол – жастық пен махаббат көшесі. Ол сол кезде бүгін мен болашақ көшесі болатын. Осы жастық көшесінде кітап кейіпкерінің бозбала күндері, сезімге сенім ұялатқан шақтары, албырт көңілдің алғы күндерге бір тілек, бір жүрекпен бірге самғаған кезеңі өткен. 4000 градус ыстықта қара темірді қара судай ағызған адам жүрегінің 36 градус температурасы қандай құдіретті. Бетті шарпыған тентек жалынды ұзын да ауыр қайланың ұшымен ұршықтай үйіріп бағындырып, ақ жасыннан арқан ескен азамат самайды қуалаған ақ терге қонақтаған темір тотығын жұмыс қолғабымен бір жайпап жіберіп, қызыл ағынды науаға тоғытқан шақтардың ұмытылмас бейнесін сол кездегі қоғамдық-саяси жағдай ауанында тарихи дәлдігін бұзбай жеткізген жерлер кітаптың деректік-көркемдік реңін райландырып, оқырманның кейіпкерге деген құрмет сезімін күшейте түседі. Осы кезде мартен пешінің маздаған шоғын жүрек жалынына орап, жас қаланың жаңа көшесінде болашаққа бірге қадам басқан жастардың арасында оқшау көрініп, оза байқалатын бір жұпты танығандай, жаңылмай көргендей боласың. Кезінде Жауыр тауы аталған жерде бүгінде Самарқан көлі жарқырайды. Самарқанның самаладай жарқыраған бүгінгі бейбіт жағасында бара жатқан жастық кешегі аға-апаларының ізін жалғап, еңбек вахтасына тұрғанда Теміртаудың жүрек ыстығы Қазақстанның бойына жалын құйғандай болады. Бүгінгі жастықтың әні де өзгерген. «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» деп абыз Шәкәрім қалай тауып айтқан? Әр уақыттың өз әні болады екен. Ал кешегі ән қандай еді? «Весна на Заречной улице» деген лирикалық көркем фильмдегі жастық әні ол толқынның көкірегінде әлі сайрап тұр. Мемлекеттік қызметтен қолы қалт етіп босағанда немесе туғандай болған Теміртауына жолы түскенде Нұрсұлтан Әбішұлы сол кездегі дос­тары мен құрдастарының ортасында отырып, бұл әнді бабына келтіріп шырқайды. Алдымызда келе жатқан мерейтой қарсаңында дайындалып жатқан бір жарияланымға сол әннің мәтіні де үзінді түрінде жол тапты. Реті келгенде кешегі ардақты аға толқынның жан жүректерін толқытып, махаббаттың мәрмәр жағалауына жетелеген сол әннің осы жолдардың авторы аударған толық мәтінін осы мақалада келтіре кетсем, артық болмас деген ойдамын. («Заречная көшесіндегі көктем», өлеңі – А.Фатьяновтікі, әні – Б.Мок­роу­сов­тікі). Көктем қашан, біле алмадым, Жаңбыр жауар, қар да кетер. Туған көшем, біл, ардағым, Сен қымбатым арман етер.   Бұл көшеде балаң шақта, Шатырларда кептер қудым. Осы жерде, қиылыста, Сүйгенімді жолықтырдым.   Өкінемін... Сол бір күнге, Менің жаным нөпір ағын. Бұл өмірде сөнді бірге, Махаббаттың оты жалын.   Заречная көшесінде, Сөнген кезде үйлер шамы, Шоқ боп маздар мартен пеші, Күндіз-түні оттың әні.   Басқа ғұмыр қаламаймын, Ауыстырман үйренгенді. Зауыт алдын аралаймын, Мұнда өмірді үйренгем-ді.   Бұл өмірде сан көше бар, Өзгермейді мекен-жайым. Ғұмырымда мәңгі қалар, Туған көшем сенсің дәйім. Иә, өмірде сан көше бар, сан тарау жолдар бар. Осы ұзақ жолдың бойында туған халқының бүгіні мен болашағы жолында «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай» ғұмыр кешкен бағзы бабаларындай тізесі бүгілгенше қызмет жасап, туған халқының есіктегі басын төрге шығаруда жасампаздықпен еңбек етіп, елін әлемдік өркениеттің ұлы көшіне қапысыз қосқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы жаңа кітаптың жарыққа шығуына әуелі біз, туған халқы, қуануы керек. Мақтануы керек. Мақтанамыз да! Шарықтау 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде төгілген қан мен тапталған тән, жаншылған жан, үзілген ән Тәуелсіздік болып қайта оралды. Азат күндердің ашық аспаны астында келер жылы тәуелсіздіктің 25 жылдық мәртебелі мерекесін қарсы алмақпыз. Тарих осылай жалғаса береді. Халық өз қайраткерін дүниеге келтіре береді. Ол бабаның жолын, жақсының қолын ұзартып, туған елінің туын биікке көтеру мұратында еңку-еңку жер шалып, егеулі ойды қолға алып, тебінгісін тарихтың қамашау терге суарып, болашақ тұлпарының тізгінін қақтырып, алынбасты алдырып, табылмасты таптырып келеді. Елбасымыздың бойындағы өршіл мақсат пен өнегелі гуманизм, өз халқына деген сенім мен құрмет, ең бастысы ата тарих алдындағы ар мен ұждан ядролық қарудан бас тартқызып қана қоймай, қаруын алып қоқаңдағандарды да сарабдал ақыл, салиқалы оймен сабасына түсірді. Бір кезгі Жібек жолы бойында енді Қазақстан жолы көсіліп жатыр. Бұл жолдың үзеңгі қағар тұсында жібектей болмағанын қария-тарих құлаққа құяды. Ата тарихтың алыс күндеріне күн сала қарасақ, «азиялық жорығын» аршындап бастаған Александр Македонскийдің Азия мен Еуропа жолдарын түйістіріп, жаңа әлемдік карта жасаған жанкешті еңбегі де тарих құрдымына кетті. Эллиндік ойкумена Шығыс ойкуменасымен тоғысты. Алайда, ұзақ ғасырлар бойы, 2000 жылдық тарихи үдеріс бойында үзілмей келе жатқан Ұлы Жібек жолы әлемдік өркениеттің ұлы мұрасы ретінде сан алуан мәдениетті ұштастырып, қазақ даласының кең алқабында көсіліп жатты. Шаң басса да шымылдығын түсірген жоқ. Жібек жолының түркілік бөлігі магистральдік маңызға әрқашан ие болып, батыста бабаларымыз жырлаған Азаулыға, сол жа­ға­лауында тынып аққан Танайсқа тірел­се, Еділден шыққан енді су бойы жарбай атанның жазғы талысындай, күн же­ген көніндей болып көсіліп жатқан Маң­ғыстауға келіп иек артты. Көгілдір Дунайға көкала жылқысын жапқан көк ұлдарының атақ-даңқы Аттиламен астасып, аңыз Артемиданың атақ-даңқын Жібек жолында жаңаша жаңғыртқандай болып, әлемнің жаңа ғажаптарының біріне баланған ақ маржан қала – Астана кітап кейіпкерінің есімін әлемге әйгілеп қана қойған жоқ, сегіз қиыр шартараптың ат байлап, қазан көтеріп, төр ұсынар ордасына айналды. Осы орайда шығыс ғұламаларының аузынан жеткен: «Жері байтақ ел – қашанда бай ел» деген сөз ХХ ғасырдың өліара тұсында, тәуелсіздіктің таңғы арайында саяси-қоғамдық тұрақтылығын сақтай алу арқылы өркениеттер көшіндегі керуенін түзу жолға салып, тұңғыштарының тілекшісі болып, соңынан еруге жазды. Жаңа, ХХІ ғасырдың басында, Сарыарқа жазығында жаңа елордасының іргетасын салып, Шу жазығында өмірге келген Қазақ хандығының ресми жалғасын жаһандық деңгейде жаңғыртып, тың тарихқа түрен салынды. Бұл тағдыршешті, талайлы тарихтың басында оның атақты авторы, Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. Жаңа еңбектің өн бойына көңіл көзін суарғанда байқалатын темірқазық тін – кітаптың әр тарауы мен бөлімдері қазақ тарихының жылнамасы секілденіп түзіліп, құрылымдық құрсауы нақты деректермен шегенделіп, ақиқат мысалдармен айшықталған. Мен де осы түзілімді бұзбау ниетінде мақаланы екі бөлімге бөліп, біріншісін «Самғау», екіншісін «Шарықтау» деп алғанды жөн көрдім. «Құлама құздың басында» тұрған аңсарлы арманның «Құстар қалай көреді?», «Аспаннан жерге құлдилап», «Болат қалай қорытылды?», «Ыстық жылдар», «Бақытты болудың өнері», «Болат қалай даттанды», «Өткен болашаққа келіп жолықты», «Жоғалған уақыт» деген бірінші тараудағы тақырыптардың өзі кітаптың ішкі мазмұны мен автордың айтар ойын бір арнаға түзіп, еңбектің мазмұндық түзілімін шойындай қорытып, шынайы баяндайды. «Шарықтау» тарауындағы тақырыптар да астарлы да мазмұнды: «Қайта құрудың алып қадамдары», «Жеңімпаздардың жеңсік мәзірі», «Азаттық ағыстары», «Қарғыс па, алғыс па?», «Күн астындағы орын», «Әлем орталығы», «Жаңбырлы ауа райының жақсы жақтары» болып қисындық жағынан құйылып келіп, «Авторитарлық па, әлде абыройлы асу ма?» деген ойға келіп тиянақ тауып, саяси сәуегейлердің таба алмай жүрген жұмбағына араағайын автор ретінде орнықты жауап беріп, ел абыройы – Елбасы абыройы екенін жан-жақты жауапкершілікпен дәлелдеп, кей көңілде жүрген күмән бұлтын ыдыратып тастайды. Осы еңбекті оқып отырғанда мұның жалғасы жазылып жатқандай әсерде болдым. Автордың келер күндерге ой жіберіп, Елбасымыздың ерен қимылын, ертеңгі күнге деген құштарлығы мен жан қайратын, халқына деген құрметі мен перзенттік сезімін көрсету тұрғысында ойланып, ойға кеткен сұлбасын алыстан көңіл дүрбісімен болжалдап, келер күндерге жақсы пейілмен елеңдеп қараймын. Ұлытаудың төрінде, ата қазақ жерінде ұлттың ұлы мүддесін: тарихы мен тілін, дәстүрі мен салтын, діні мен ділін талдап айтып таратып, саралап айтып, санатып, жарау ойын жаратып, алдымызда тұрған жалпыұлттық мақсаттарды «Мәңгілік Ел» идеясына тоғыстырып, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жолдың» басында тұрған, 5 халықтық реформаны ұлтымыздың ұлы мақсаттарына айналдырудың бас сардары – Ұлт перзентінің парасаты мен па­йымын жұртымыз жүрегіне жақсылық сәулесі етіп құйып алса деп ойлаймын. Қазақстанды алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына қосу мақсатында ұлттық бағдарламаларын өмірде жүзеге асыру жолында жұмыла көтерер жүгіміз ортақ, жүрісіміз бір боларына сенемін. Өйткені, өзіміз емес, өзгенің – көршілес мемлекеттің көзімен қаралып, өзгенің қаламына заңды түрде ілініп, өрісін ашып жатқан өнікті еңбектің ортақ кейіпкері ішінде бәріміз де бармыз деп санаймын. Кітаптың алғашқы ресми тұсаукесері Ресей астанасында, қалың зиялы, саяси қауымның кең көлемде қатысуымен өтті. Мұның өзі көп жайдан хабар береді. Кітаптың қазақша атауын осы мақаламда өзімше «Жол жібектей болған жоқ» деп алдым. Аудармашылар бұл нұсқаға да көз қиығын салар деген ойым бар. Қазірше «Егемен Қазақстанның» бетінде кітап аты «Жібектей есілмеген жол» деп алынып жүргенін де білемін. Бұл кітаптың құндылығы неде? Біріншіден, бұл әлемдік қоғам­дас­тықтағы Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың орны мен рөлін терең бағалау­шылық. Екіншіден, кітаптың жазылу ше­бер­лігі барша қауымның көңілдерінен шығуы. Үшіншіден, Ресей секілді алып елдің қазақ көшбасшысын құрметтеуі әрі қапысыз мойындауы. Төртіншіден, әлемдік өркениетте ұлттық деңгейдегі көшбасшылардың басында баянды, аяғында ауыр жағдайларға ұшырап жатуы секілді оқыс оқиғаның Қазақ елінен алыс жатқаны. Бесіншіден, халықаралық деңгейде Қазақстанның күн сайын өсіп келе жатқан беделі мен абыройының тірегі де, жүрегі де Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы екендігі. Алтыншыдан, ұзақ жылдар бойы өз халқының сенімі мен халықтық мандатына ие болып келе жатқан Ел мен Елбасының арасындағы рухани-ұлттық байланыстың тереңдігі. Жетіншіден, Елбасы туралы еңбектің бүгінгі жас, ертеңгі келер ұрпаққа берер өнегесі мен үлгісі мол екендігі. Ал, ең бастысы, Азаттық архитекторы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік көшбасшылар қатарынан орын алуының осындай айтулы еңбекпен аталып өтілуі – тәуелсіз еліміздің туының биікте желбіреуі. Байрағымыз айбынды, абыройымыз айдынды бола бергей! Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты.