
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Жауапкершілік уақыты келді
Жалпы, 2024 жыл отандық банктерге табысты жыл болды. Олардың таза пайдасы 2,6 трлн теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 17,1%-ға артты. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, банктердің жалпы несие портфелі 20%-ға өсіп, 61,6 трлн теңгеге жеткен. Яғни банктер бизнесті көбірек қаржыландырып, экономикаға көбірек ақша бөлген. Былтыр олар 36,2 трлн теңге көлемінде несие берген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 19,5%-ға артық. Бизнеске берілген несие көлемі де 16,3%-ға өсіп, 13,1 трлн теңгеге жеткен. Банктер әсіресе өнеркәсіп, сауда, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындарға несие беруді көбейткен. Бизнеске 18,2 трлн теңге жаңа несие бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,2%-ға артық. Бірақ мұның бәрі сонда да жеткіліксіз. Саяси шолушы Ғазиз Әбішев еліміздегі жеке банктер экономиканы көптеп несиелендіруге тиіс дейді.
– Іргелі жобалар үлкен инвестицияларды талап етеді. Жеке инвесторлардың, мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордың, тіпті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатының ақылға қонымды үлесте бөлінуінің өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Жеке банктер экономиканы көптеп несиелендіруі қажет. Қазір, өкінішке қарай, олар көбіне тұтынушылық несиелеу арқылы халықтың қарыздық жүктемесін арттырып отыр. Оның үстіне, көбінесе күрделі импорттық тауарлар тұтынылады. Бұл – мәселе. Мұны өзгерту керек, – деді сарапшы.
Кәсіпкерлермен кездесуде Үкімет бизнеске арналған пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ұсынатыны айтылды. Алайда Әбішевтің пікірінше, бұл жеткіліксіз болуы мүмкін.
– Қосымша шараларды ойластыру қажет. Банктер артық тұтыну мен халықтың қарызға батуын емес, керісінше, бизнестің дамуын ынталандыруға тиіс. Басқаша айтқанда, азаматтар депозитке салған ақша ұлттық экономиканың дамуына қызмет етіп, шетелдік өндірушілердің пайдасына кетпеуі керек, – деді сарапшы.
Ал сарапшы Бауыржан Ысқақов банктер жауапкершілік сезінуі керек деген ойынан танған емес.
– Банктерге мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін қомақты қаражат құйылды. Мысалы, 2009 жылы 10 млрд доллардан астам көмек көрсетілді, теңгенің теңгерімділігін сақтау үшін 6 млрд доллар ақша бөлінді. Тіпті банктің қайта құрылымдау үдерісін қалыптастыруға жәрдемдесті. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген түсінік бар, яғни мемлекет керек уақытта банктерге көмектесіп, дағдарыстан шығуға жағдай жасаса, олардың да экономикаға қосатын үлесі артуы керек. Егер банктер болашағын елмен байланыстырса, бұл оларға үлкен мүмкіндік. Үкіметтің бизнестік ортаға, инвестициялық климатқа жасап отырған жағдайы біз секілді дамып келе жатқан мемлекеттерден анағұрлым жоғары. Экономика дамыған сайын банктердің де кәсібі өрлей түсетінін ұғыну керек. Сол арқылы халықтың төлем қабілеттілігі артып, қайтарылмай жатқан қаржының да қайтарылуы тез болады, – деген пікірде.
Мысалы, Еуропада банктердің экономикадағы қаржыландыру үлесі – 55-60%. Ал АҚШ-та 80%-ға дейін барады. Біздің көш бұған жетпейді. Бұл – банктер экономикаға несие бере отырып, қаншама әлеуметтік мәселені шешеді деген сөз. Жаңа жұмыс орындары, кәсіпорындардың ашылуы арқылы бюджеттің кіріс бөлігін құрайтын салықтық базаны қалыптастырады. Инфляцияның тежелуіне, нарыққа төленетін несие қаржысының төмендеуіне де әкеледі.
– Тұтынушылық несиеден гөрі экономиканы, бизнесті несиелендіретін қаржы көздерін қарастыру маңызды. Ол үшін бизнестің де, халықтың да ұсынысы ескеріліп, заңда қарастырылғаны дұрыс. Заңда ұлттық мүдде бірінші орында тұруы қажет. Сондай-ақ бәсекелес орта болып, халықаралық банктердің де үлесі артуы керек. Жақсы нәтиже бәсекеден ғана туады, ал ол өз кезегінде сапаға әкеледі. Қорыта айтқанда, экономиканы дамытатын қандай несиелер бар, соның барлығы «Банктер туралы» заңға енгізілуі керек, – дейді сарапшы.
Банк не дейді?
Осы орайда банктердің де айтар уәжін тыңдағанды жөн көрдік. Банктерге нақты секторды несиелеу неге тиімсіз? Бұл жағдайды өзгерту үшін қандай ынталандыру шаралары қажет? Банктердің нақты секторға инвестиция салуына қандай негізгі факторлар кедергі келтіреді? Осы сұрақтарды «Алтын банкке» қойдық. Банктің баспасөз қызметі нақты секторды несиелеу банктер үшін бірқатар себептерге байланысты тиімсіз деп жауап берді.
– Біріншіден, бұл салалар жоғары тәуекелге ие, себебі олардың табысы тұрақсыз, шикізат бағасының ауытқуына тәуелді. Екіншіден, нақты секторды қаржыландыру ұзақмерзімді инвестицияларды қажет етеді, ал банктер, тәуекелге деген көзқарасына, несиенің тез өтелетін түрлеріне басымдық береді. Үшіншіден, банк реттеуі мен капиталға қойылатын талаптар осындай несиелердің көлемін шектеуі мүмкін. Сонымен қатар жоғары тәуекелді жобаларды қаржыландыру қосымша резервтерді (провизияларды) қалыптастыруды қажет етеді, бұл – қосымша шығын, – делінген «Алтын банк» жауабында.
Ал аграрлық сектордың жоғары тәуекелділігіне байланысты банктер бұл салаға несие беруге аса құлықты емес. Бұл бағытты тиімді дамыту үшін мемлекеттің ауқымды қолдауы мен ынталандыру шаралары қажет-ақ. Банктер де дәл солай ойлайды. Мұндай қолдау аграрлық кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, банктердің тәуекелін азайтады. Біздің «Нақты секторды несиелеу көлемін арттыру үшін мемлекет қандай қолдау көрсетуі керек?» деген сұрағымызға «Алтын банктен» мынадай жауап алдық:
– Нақты секторға несие беруді кеңейту және оның өсуіне жағдай жасауға көмек керек. Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау – кәсіпорындар үшін несие құнын төмендету арқылы олардың қолжетімділігін арттырады. Несиеге кепілдік беру – банктердің тәуекелін азайтып, экономикалық маңызы жоғары, бірақ тәуекел деңгейі жоғары салаларды қаржыландыруға ынталандырады. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету – инфляция мен валюта бағамын басқару арқылы инвестициялық ортаға сенімділік қалыптастыру. Даму институттары мен қорларды дамыту – ұзақмерзімді қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беру, – деді.
Ал «Банк ЦентрКредит» болса, қолдан келгенше экономикаға араласып жатырмыз дейді.
– Нақты секторды белсенді қолдайтын банктердің бірі ретінде біз еліміздегі маңызды бастамаларға қатысып, несие беруде көш бастап келеміз. Мысалы, Қазақстан Даму банкімен бірлесе отырып, RG Brands Kazakhstan компаниясына алғашқы синдикатталған қаржыландыруды ұсынды. Бұл қаражат өндіріс көлемін кеңейтуге, жаңа технологиялық желілерді сатып алуға және Өзбекстанға экспортты ұлғайтуға бағытталған. 2025 жылы банк көлік, инфрақұрылым, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы инвестициялық жобаларды қарастыруды жоспарлап отыр. Бұл шаралар нақты секторды қаржыландыруды күшейтіп, экономиканың орнықты дамуына ықпал етеді, – делінген «БанкЦентрКредит» жауабында.