
Суреттерді түсірген – Владимир ТРЕТЬЯКОВ
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты өз тарихында екінші рет жүрек алмастыру операциясын сәтті өткізді. Алты сағатқа созылған трансплантация University Medical Center-мен бірге, атақты кардиохирург Юрий Пяның жетекшілігімен жүзеге асты. Қазірде елімізде тек қана жүрек донорлығына 140 ересек адам, 5 бала зәру болып жатыр. Құзырлы сала қолынан келген әрекеттердің бәрін атқарып жатқанына қарамастан, бүгінде басқа да донорлық ағзаларды алмастырудың Күту парағында 4117 адам, оның ішінде 96 бала бар. Өкінішке қарай бұл цифрлар күнде өзгеріп жатады, өйткені көпшілігі донорлық ағзаға жете алмай көз жұмады.
Көрер жарығы бар, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да екінші болып жүрегі алмастырылған 43 жастағы пациентке оралар болсақ, дәрігерлер 45 жастағы ер адамның миы өлгенін анықтағаннан кейін, марқұмның туыстары қайтыс болған Алматы облысы азаматының ағзаларын алуға рұқсатын берген. Осы келісімінің арқасында төрт азаматтың өмірі ұзарды, тіпті ажалдан аман қалды десек те артық емес.
«Дилатациялық кардиомиопатия» дейтін уытты, ауыр жүрек дертіне душар болған 43 жастағы Дәурен 5 жыл бойы энергетикалық сусындарға шектен тыс әуес болып, дәрі-дәрмек те шипа болмайтын жүрек қызметі жеткіліксіздігінің соңғы сатысына жеткен. Науқасты аздаған дене қимылының өзінде ауа жетіспеушілігі, 50 метр жүрсе ентігіп, қалыпты жағдайда, тіпті жатқан кезде ентігуі өршіп, тез шаршау мен жалпы әлсіздік мазалаған. Денсаулығы нашарлап бара жатқанын 2023 жылғы желтоқсаннан бастап байқаған. Донор мәселесінде жолы болған Дәурен: «Ажалдан арашалап қалған дәрігерлерге алғысым шексіз. Күнделікті тіршіліктің күйбеңімен жүріп, өмірімізді бағаламаймыз, денсаулықты күтпейміз. Қазір халім жақсы. Тағы бір айтарым, энергетикалық сусындарды ішпеу керек, өйткені денсаулыққа зияны орасан», – дейді.
Отандық медицинадағы осындай маңызды оқиғадан кейін БАҚ өкілдерімен кездескен Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимов: «Елімізде кардиохирургия мен кардиореанимацияның даму деңгейі жүректі трансплантациялау операцияларында оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ағзаларды трансплантациялау операциялары медицина қызметкерлерінің жоғары біліктілігін талап етеді. Осы орайда Юрий Пя бастаған UMC командасына көмек пен қолдау көрсеткені үшін алғысымыз шексіз», – деді.
Марат Орынбасарұлы донордың туысқандарына да разылығын білдіре отырып, донорлыққа өз еркімен келісім беру, адамдардың өмірін сақтап қалуға дайын болу – адамгершілік пен мейірімділіктің үлгісі екендігін, ағзаларын алуға келісім берген донордың туыстарының ісі зор сауапқа ие екендігін атап өтті.
«Операцияның ауырлығына сәйкес, науқастың жағдайы бірқалыпты. Кейбіреулер донорды жылдар бойы күтеді, күте-күте күдер үзетіндері қаншама. Өкінішке қарай пациенттердің көпшілігі трансплантацияға жетпей қайтыс болады. Жүрек трансплантациясы мәселесі тіпті күрделі. Ауыр жүрек аурулары тез өршиді, шұғыл емдеуді қажет етеді», – дейді клиника басшысы.
Институттың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев та жүрек алмастыру – аса күрделі операциялардың бірі екендігін, алайда мамандардың жинақтаған тәжірибесі, машығы, клиниканың техникалық жабдықталуы операцияны жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік беретініне тоқталды.
Ерекше атап өтерлік жайт, мәйіттік донордан жүрегінен де басқа екі бүйрегі, өкпесі, мен көз қабығы алынған. Бір бүйрегі Жетісу облысының тұрғыны 17 жастағы науқасқа А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығында енді бірі астаналық 18 жастағы пациентке UMC-те трансплантацияланды, өкпесі – UMC-те қостанайлық 43 жастағы пациентке, көз қабығы кератопластикасы екі реципиентке салынды.
Жақында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті. Кездесуге вакцинациялау мен ағза донорлығы мәселелері өзек болды. Вакцинациядан бас тартудың басты себептерінің бірі ата-аналардың діни наным-сенімдерінен туындап отырса, мәйіттің донорлық мәселесі де осыған байланысты болғандықтан, министрлік Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен (ҚМДБ) ынтымақтастықты күшейтуді көздеп отыр. Осы мәміле аясында ДДҰ қолдауымен вакцинациялаудан бас тартуға әсер ететін діни факторларды анықтау, байланыс олқылықтары мен вакцинациялауға кедергі келтіретін басқа да ықтимал факторларды зерделеу мақсатында зерттеу жүргізілмек. ҚМДБ мәйіт донорлығына рұқсат беру мәселесінде халықаралық тәжірибеге сүйенетін болады.
Кейінгі 10 жылдың ішінде отандық трансплантология саласында әлемдік стандарттар деңгейіндегі айтарлықтай ілгерілеу бар. Қазіргі таңда ағза алмастырудың ең күрделі де қымбат операциялары қолжетімді бола бастады, одан кейін пациенттер өмір бойы мемлекет есебінен тегін ем-дом алады.
Министр еліміздің діни басқармасының жетекшілеріне жергілікті халық арасында, мешіттерде қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселелерін түсіндіруде діни көшбасшылардың рөлін меңзеп, бұл елге саналы да сауапты шешім қабылдауға септесетінін жеткізді.
Осы орайда, әлемде қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытуда Испания көшбасшы екендігін мысалға келтіруге болады, 1 миллион адамға шаққандағы мәйіттік донорлық – 49,38 адам. Бұл көрсеткіш бұрынғы ТМД мемлекеттерінің ішінде Беларусь Республикасында – 25,26, Иранда (мұсылман мемлекеті) – 12,57, ДДҰ-ның Жаһандық қорының есептеулері бойынша елімізде небәрі 0,36 адамды құрайды.
Елімізде бір өзі бірнеше адамның өмірін ұзартып кеткен мәйіттік донорларды дәріптеу жөнінде айтсақ, қаңтар айының соңында Астана қаласында «Барыс Арена» спорт кешенінде төрт пациенттің өмірін сақтап қалған Максим Войнюшті еске алуға арналған хоккей матчын мысалға келтіруге болады. Максим Войнюш ауыр жол апатынан кейін 15 шілдеде Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне шұғыл жеткізіледі. Дәрігерлер Максимді құтқарып қалу үшін барын салғанына қарамастан, оның жағдайы өте нашарлап, бірнеше күннен кейін, 23 шілдеде миының өлгені расталады. Содан соң Максимнің туыстарымен әңгіме жүріп, олар донор болуға шешім қабылдайды.
Отандық медицина ағзаларды трансплантаттау бойынша жоғары технологиялық операцияларды жүргізуде барлық заманауи инфрақұрылымға ие. Қазір елімізде 7 трансплантаттау орталығы жұмыс істейді, 40 донорлық стационар, 4 иммунологиялық типтеу зертханасы ұйымдастырылған. Донорлық үдерісті үйлестіруді, анықтауды, ұйымдастыруды қамтамасыз ететін республикалық, өңірлік, стационарлық үйлестірушілер желісі құрылған.
АЛМАТЫ