Шаруашылық • 12 Ақпан, 2025

Шағын өндірушілердің шешілмеген мәселесі көп - Саурықов

115 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Депутат Е.Саурықов ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнес тауар өндірушілерін субсидиялау және қолдау мәселелеріне арналған сауалын Премьер-Министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі С.Жұманғаринге жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шағын өндірушілердің шешілмеген мәселесі көп - Саурықов

Фото: parlam.kz

Осы тұрғыда көп өтініш келіп түскенін тілге тиек еткен Мәжіліс депутатының айтуынша бүгінде ауыл кәсіпкерлері мен тауар өндірушілері бірқатар шұғыл шешуді қажет ететін күрделі проблемаларға тап болып отыр.

«Біріншіден фермерлер өз қызметін жүргізу үшін қажетті қаражат тапшылығын сезініп отыр. Банктік несиелерді алу қиындықтары кепілдік мүлкіне төмен бағалау коэффициенттерін (0,5) қолдану салдарынан күшейіп, қаржыландыруға қолжетімділікті шектейді.

Екіншіден бөлінетін жер телімдері көбінесе негізгі инфрақұрылымы (электр, газ, су, жол) жоқ алыс аудандарда орналасқан. Инфрақұрылымды тарту шығындарының жоғары болуы ауыл шаруашылық өндірісін қаржылық тұрғыдан тиімсіз етеді», деді депутат.

Депутаттық сауалында ол сондай-ақ, өнімді сертификаттауға қойылатын қатаң талаптар шағын тауар өндірушілердің нарыққа шығуына кедергі келтіретінін және фермерлер өнімді өткізу мәселесіне тап болып отырғанын, себебі олардың сатылым бойынша тәжірибесі жеткіліксіз, сауда желілерімен жұмыс істеу талаптары күрделі (жалдау ақысы, ретро-бонустар), сондай-ақ субсидиялау жүйесінде ірі тауар өндірушілерге басымдық берілетінін айтты.

Осы орайда «Ауыл» партиясы» фракциясының депутаттары атынан Е.Саурықов мынадай шараларды ұсынды:

«Шағын тауар өндірушілерге «Даму» Қорының кепілдіктеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету, олардың бөліну тәртібін қайта қарау.

Ірі және шағын өндірушілер арасындағы серіктестік жүйесін құру, шағын фермерлерді қолдағаны үшін мемлекеттік преференциялар ұсыну.

Жер телімдері мен ауыл шаруашылығы ғимараттарын кепіл ретінде қабылдай отырып, төмен пайыздық мөлшерлемемен және ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие беру бағдарламасын әзірлеу.

Жергілікті әкімдіктерге бөлінетін жер телімдеріне инфрақұрылым жүргізу міндетін жүктеу, шығындарды мемлекет тарапынан өтеу мүмкіндігін қарастыру.

Шағын тауар өндірушілер үшін сертификаттау рәсімдерін жеңілдету немесе кооперативтік сертификаттау моделін енгізу.

Сауда желілерін жергілікті өнім өндірушілерге сөре орындарын ұсынуға міндеттеу немесе олардың өткізу шығындарын өтеу.

Маркетингтік және сату қызметтерін субсидиялау, шағын өндірушілерге сату бойынша мамандарды тартуға мүмкіндік беру.

Мемлекеттік қолдау шарттарын теңестіру, шағын өндірушілердің ірі кәсіпорындармен тең дәрежеде субсидия алуын қамтамасыз ету».

Депутаттың сөзінше аталған шараларды іске асыру ауыл шаруашылығындағы шағын және орта бизнестің дамуына, шаруашылық қызмет жүргізу жағдайларын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді.

«Осы көрсетілген мәселелер мен ұсынылған шешімдерді қарастырып, оларды іске асыру бойынша нақты механизмдерді әзірлеуді сұраймыз. Сондай-ақ көтерілген мәселелердің жан-жақты талдануын және мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен нормативтік актілерге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарды күтеміз», деп түйіндеді депутаттық сауалын Е. Саурықов.