Ауыл • 14 Ақпан, 2025

Үздік туристік бес ауыл

281 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жақында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы «Үздік туристік ауыл – 2025» байқауының қорытындысын жария­лады. Жоба отан­дық туризмді дамыту­ға, мәдени мұраны наси­хат­тауға, ауылдық жерлердің экономикасын арттыруға бағытталған.

Үздік туристік бес ауыл

Поперечное (Шығыс Қазақстан облысы, Риддер ауданы)

Облыс әкімдіктеріне бай­қауға өңірден үш ауылды ұсынуға мүмкіндік берілді. Қатысушыларды іріктеу кезінде табиғи, мәдени ресурстарға, елді мекендердегі дәстүрлі қызмет түрлерінің сақталуына ерекше көңіл бөлінді. Байқауға туризм саласының сарапшылары мен тәуелсіз мамандар төрелік етті. Еліміздегі ең үздік туристік ауыл атанған өлкелер БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы (UN Tourism) өткізетін «UN Tourism Best Tourism Village» халықаралық байқауын­да қазақ елінің турис­тік әлеуетін таныстыру мүмкіндігіне ие болды.

«Біз дәстүрлі мәдениеті бай, ұлттық қолөнерді сақтаған, табиғи ландшафттары ерекше ауылдарды анықтауға, оны дамытуға ниеттіміз. Олар жаңа бағыттар мен аутентикалық туризмге қызығушылық танытқан саяхатшыларға тартымды болуы мүмкін. Кейінгі жылдары мұндай туризмге деген қызығушылық артып келеді», деді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басшысы Қайрат Сәдуақасов.

Мәселен, 2023 жылы Алматы облысы­ның Саты ауылы халықаралық деңгейде ең үздік туристік ауыл ретінде танылып, беделді «Best Tourism Villages by UNWTO» сыйлығымен марапатталған еді. Сөйтіп, байқау қорытындысы бойын­ша еліміздің үздік 5 туристік ауылы анықталды.

  • Лепсі (Жетісу облысы, Алакөл ауда­ны);
  • Нағи Ілиясов (Қызылорда облысы, Сырдария ауданы);
  • Хан Ордасы (Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы);
  • Поперечное (Шығыс Қазақстан облысы, Риддер ауданы);
  • Шабанбай би (Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы).

Енді осы үздік ауылдарға қысқаша анықтама беріп, саяхат жасап қайтайық.

 

Көкқасқа көлдер, көк тіреген таулар

Лепсі ауылы – Алматы облысының табиғаты ерекше жерлерінің бірі де бірегейі. Жоңғар Алатауы жотасының солтүстік беткейінде, теңіз деңгейінен 1 000 метр биіктікте, Лепсі өзенін бойлай орналасқан. Қырық шақырым жерде Қытай елі тиіп тұр.

в

Лепсі (Жетісу облысы, Алакөл ауда­ны)

Ауыл бұрын Бөрлітөбе ауданының орталығы болған. Аудан тарағаннан кейін елді мекеннің еңсесі түсіп, қаңыраған ғимараттар көбейіп, халық қалаға көше бастаған еді. Бірақ кейінгі жылдары ауыл тұрғындары ауызбірлік танытып, Лепсінің жаңаруына, жаңғыруына барынша күш салды.  Бұған қоса Балқаш көліне келуші туристер осы Лепсі ауылы арқылы қатынайды.

2010 жылы Лепсі маңында «Жоңғар Алатау» ұлттық паркі ашылып, аумақтың табиғи ерекшелігін таза күйінде сақтау мемлекеттік тұрғыда қолдау тапты. Тау­лы алқап, нулы орман, мөлдір сулы көл­дер мен өзендер саяхаттаушыларға тұмса табиғат аясында демалудың тамаша мүмкіндігін ұсынады. Сондай-ақ Лепсіге жақын жердегі кесеге тұндырған сынаптай жарқыраған Жасылкөлдің көрінісі де керемет.

Ақшанқан ауыл сұлулығымен қатар, бал шаруашылығымен де талайға танымал. Мұндағы омарталардан алынатын табиғи бал өзінің сапасы мен тіл үйірер дәмімен ерекшеленеді. Биік тау­лы аймақта өсетін өсімдіктердің алуан түрлілігі Лепсі балының ерекше табиғи өнім болуына ықпал етеді. Осылайша, Лепсі ауылы көкқасқа көлдері мен көк тіреген тау­лары ерекше көркімен көз тара­татын орын­дардың алдыңғы қатарында тұр.

 

Сыр өңірінің сырбаз келбеті

Нағи Ілиясов ауылы – дамыған инфрақұрылымы мен ауыл шаруашы­лығындағы жетістіктерімен әйгілі. Соғыс және еңбек ардагері, шаруашылық ұйымдастырушысы Нағи Ілиясов есі­мін иеленген ауыл тек ауыл шаруа­шылығымен ғана емес, сондай-ақ рухани, туристік әлеуетімен де ерекшеленетін көрікті мекен. Мұнда агротуризм түрлері қарқынды дамып келеді. Демалушылар жергілікті өнімдерден дәм татып, шаруашылық жұмыстарымен танысып, ауылдың тыныс-тіршілігін сезіне алады.

в

Нағи Ілиясов (Қызылорда облысы, Сырдария ауданы)

Алпыс жылдық тарихы бар ауылдың адам танымастай өзгеруіне алдымен елдегі еңбеккер азаматтар ынталы болды. Елді мекен 90-жылдары тозып, көп ауылмен бірге күйреудің аз-ақ ал­дында қалды. Бүгінде аумақтың келбеті айрықша көркейіп, халықтың еңсе­сі көтерілген. Еңбек Ері Абзал Ералиев күріш шаруашылығын дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.

2013 жылдан бастап мұнда ауқымды абаттандыру, инфрақұрылымды жаңар­ту жұмысы жүргізілді. Бірнеше мәдени-әлеуметтік ғимараты жаңғыртылып, кейбірі жаңадан салынды. Нәтижесінде, ауыл заманауи келбетке ие болып, облыстағы үлгілі елді мекеннің біріне айналды. Көздің жауын алатын гүлзарлар мен заманауи үлгідегі әрбір нысан туристерге де тартымды. Ауыл көшелері толық асфальтталған. Көше бойындағы көшеттер де жаңала­нып тұрады. Газ құбыры жүргізіліп, жақын арада әр үйді көгілдір отынға қосу жұ­мысы басталмақшы. Туризмді дамыту мақсатында ауылда биыл музей ашу қолға алынып жатыр. Онда ауылдың тұмса тарихы, таңбалы оқиғалары, тұғырлы тұл­ғалары, еңбекшілерінің ерен еңбегі насихатталады.

Ауылда жастарға барлық жағдай жа­сал­ған. Бірнеше ойын алаңы бар. Зәу­лім спорт кешенінде 150-ге жуық бала шынығады. Онда республикалық жарыс­тар, үстел теннисінен облыс біріншілігі дәстүрлі түрде өтіп тұрады.

Ауылдың қазіргі дамуында «Абзал и К», «Мағжан и К» серіктестіктерінің үлесі зор. Олар шаруашылық саласында белсенді қызмет атқарып, әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі ықпал етіп келеді.

 

Тарих пен табиғат талбесігі

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданында орналасқан Хан ордасы ауылы XIX ғасырдан бері өзінің тарихи, мәдени, табиғи құндылықтарымен танымал. Нарын құмының құшағында, қарағайлы орманмен қоршалған мекенде жылдың қай мезгілін де барып, тарихи атмосфераны айқын сезінуге болады.

ва

Хан Ордасы (Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы)

Ауылдың іргесі 1826 жылы Жәң­гір ханның ұйғарымымен, тікелей бас­шы­лығымен қаланған. Бастапқы кезде «Хан ордасы», 1918 жылы «Орда қаласы» деп аталған. 1928 жылдан «Орда» деп атал­ды. 1917–1920 жылдары ауыл Бөкей облы­сының, 1920–1925 жылдары Бөкей губер­ниясының, 1925–1928 жылдары уезінің, 1928–1952 жылдары ауданның орталығы, 1964–1997 жылдар аралығында «Орда» кеңшарының орталығы болды.

Хан ордасы – қазақ даласындағы алғашқы еуропалық үлгідегі мектептер, ауруханалар, кітапханалар ашылған тарихи орын. Бір сөзбен айтқанда, дала­дағы музей іспетті. Мұнда XIX ғасыр­дан сақталған 40-тан астам тарихи ғима­рат, 16 мәдени ескерткіш, бірегей Хан ордасы музей-қорығы бар. Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей, этнограф-ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов кесенелері, әулие Сағи хазірет пен Сүлеймен хазіреттің қорымы – халық тәу ететін қасиетті орындар.

Сондай-ақ ауыл агротуризм мен экотуризмнен де кенде емес. Келген қонақтардың шаруашылықтарға барып, ауыл өмірін сезінуге, ұлттық тағамдардан дәм татып, киіз басу, атпен серуендеу сияқты дәстүрлі қа­зақ мәдениетімен танысуға мүмкіндігі бар. Табиғи шипалы балшықпен, күміс ион­дары бар минералды сумен ем алып, На­рын қарағайының фитонцидті ауасымен де­малуға болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жер­ді тарих пен  табиғат үйлесімі десе жарасады.

 

Экотуризм жауһары

Шығыс Қазақстанның нақ жүрегінде, асқақ таулар мен қорықты ормандардың арасында аса сәнді Поперечное ауылы бар. Бұл жерде таңғажайып табиғат құшағына еніп, таза тау ауасымен тыныстап, қаланың қарбалас тіршілігін бір сәтке ұмытуға болады. Ауыл Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының жанында, Риддер қаласының солтүстік-шығыс бетінде, 28 шақырым жерде орналасқан. Іргесінен Поперечка атты өзен ағып өтеді. Өлке өзінің бай биоалуантүрлілігімен танымал. Мұнда келушілер жаяу серуенге шығып, жабайы табиғатты тамашалап, ну орманның уіліне, бұлақтың сылдырына құлақ түреді.

Кішкентай ғана ауыл болғанымен, Поперечное саяхаттаушыларға көптеген қызық ұсынады. Мұнда 25 адамға арналған үш қонақ үй бар. Жергілікті маман Роман Федоровтың ірімшік жасаудың ерекше шеберлік сабағына қатысып, көне кәсіптің қыр-сырын үйренуге болады. 250 жылдан астам тарихы бар ерекше ауылдың ескілікті тұрғындары өз әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін бұлжытпай сақтай білген, күні бүгінге дейін барынша ұстанады. Мұнда ат басын бұрған туристерге бәрі бір кісідей ілтипат білдіріп, құрмет көрсетеді, қонақжайлылық танытады. Үйлеріне шақырып, дәм-тұз татқызады, тұрмыс-тіршілігімен таныстырады, шұғылданатын кәсібі жөнінде баяндайды. Ауылдың осындай магнитше тартып тұратын магиясы еріксіз тәнті етеді, таңдай қақтырады.

Мұнда келген туристер табиғаттың таңғажайып сұлулығынан ләззат алады, ерекше бір еркіндікті сезінеді, құт қонған жарастықты мекенде береке-бірлікпен, келісіммен тіршілік етіп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің беймарал өміріне көзайым болады.

 

Көне тарих көмбесі

Шабанбай би ауылы да – тарихы бай, табиғаты тамаша мекеннің бірі. Бұл жер тарих пен туризмнің заманауи үй­лесімімен ерекшеленеді. Ауыл ха­лық­аралық деңгей­де танылып, «Green Destination» жобасы аясында әлемдегі ең үздік туристік бағыттардың бірі ретінде бағаланған. Басты табиғи көрікті жері – Қызылорай оазисі. Оазис елімізді әлем­дік саяхаттаушыларға танытып отыр.

в

Шабанбай би (Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы)

Деректерге жүгінсек, бүгінгі Шабан­бай би ауылы 1928 жылы Тоқырауын ауданының Шылым ауылы болып құ­рыл­ған. 1930 жылы Қоңырат ауданы, Амангелді селолық кеңесі болып атал­ған. 1963 жылы құрылымы Ақтоғай село­­лық округі, атауы «Қаратал» совхо­зы болып өзгертіледі. 1994 жылы Шабанбай би селолық округі болып қайта жаңғыртылады.

Зерек, зерделі, көкірегі қазына, толғауы терең, алғыр да тапқыр әділ би Шабанбай Қалқаманұлы (1754–1839) есімін иеленген ауыл аудан орталығы Ақтоғай кентінен шығысқа қарай 45 шақырым жерде, Қызыларай тауынан басталатын Қаратал өзені бойында орналасқан. Округ көлеміндегі Орталық Қазақстанның ең биік нүктесі Ақсораң шыңының биіктігі – 1 565 метр. Ауылдың бір жағында орман, екінші жағында көкжиекке дейін – кең дала. Табиғи ландшафттың мұндай үйлесiмi бай, түрлi флора мен фаунаны қамтиды. Сонымен қатар Шабанбай би маңынан қола дәуіріне жататын Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштері мен тұрағы табылған. Осы маңдағы таулардан ғалымдар тас дәуіріне жататын жазбаларды, балбалдан бет әлпеті егжей-тегжейлі өңделген адам мүсіндерін бейнелейтін ежелгі тас бағаналарын тапқан. Ауыл маңынан Тоқырауын өзені де ағады. Оның бойымен Ұлы Жібек жолы өткені белгілі.

Шабанбай би ауылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның атамекені екен­дігімен де ерекше танымал. Осы өңірде 1866 жылы Алаш көшбасшысы, азаттық күрескері, дария білімді ғұлама Әлихан Нұрмұхамедұлы туған. Ауыл аумағында «Талды бейіт» атты қорым бар. Мұнда Әлекеңнің ата-анасы және бауырлары жерленген. Қорым жер­гілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштердің тізіміне енгізіліп, қорғауға алынған.

Ауылда экотуризмді дамыту 2008 жылдан басталды. Елді мекеннің ту­ристік әлеуетіне алғашқылардың бірі болып «Авалон» туристік клубының мүшелері назар аударды. Жиһанкездер велоэкспедиция кезінде осы ауылға ат басын тіреді. 2009 жылдан бастап Шабанбай би ауылында қонақтарды қабылдауға дайын кейбір үйлерге қонақжай мәрте­бесі берілді. 2014 жылы ауылда алғашқы «Сұлутас» қонақүйі салынды. Еуроодақтың қол­дауы­мен жергілікті тұрғындар оқудан өтті. Үкіметтік емес ұйымдардың күшімен Қызыларай қаумалының аумағы абаттандырылды, туристерге аймақтың картасы мен жол көрсеткіші басып шығарылып, маршруттар әзірленді.

Туристерді бұл жерде ежелгі археоло­гиялық ескерткіштер мен жартастардағы көне суреттер ерекше қызықтырады екен. Одан ежелгі өркениеттің ізін көруге болады. Бұл экономикалық тұрғыда дамудың тетігі ғана емес, мәдени мұраны сақтаудың және оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызды бір құралы болып отыр.