Еліміздегі “Бірлігіміз жарасқан!” науқаны аясында Сыр аймағында айтулы шаралар жоспарлы жүргізілуде. Оған жергілікті билік пен жастар тобы, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар өкілдері, жалпы, сырбойылықтардың бәрі дерлік бел шеше, білек түре кірісіп-ақ кеткен. Мамыражай мамыр айынан бастау алған бұл игілікті істерді саусақпен санамалап айту да мүмкін емес. Десе де, “Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ” деген атам қазақтың айтулы ұлағатын ту етіп ұстанған игілікті шаралардың бірлі-жарымына назар аудара кеткен жөн.Атап айтқанда, осы акция аясындағы іс-шаралар мүмкіндігі шектеулі және патронаттық тәрбиедегі мүгедек балалар арасындағы “Марламқаш” білім сайысынан бастау алды. Сайысқа әр этностан 30 мүгедек бала қатысып, жеңімпаз жасөспірімдер қомақты сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ Түркия президенті Абдулла Гүлдің Қазақстанға келген сапарына орай Қызылорда мемлекеттік университетінде білім алып жүрген түрік азаматтарымен кездесу өткізіліп, екі ел арасындағы достық жайлы әңгіме өрбіді.
Айта кету керек, Қызылорда қаласының орталық алаңында 3 мыңға жуық адамның қатысуымен “Бірлігіміз жарасқан!” атты өңірлік патриоттар форумы ел бірлігін нығайту, тәуелсіз Қазақстанның келбеті мен құндылықтарын әлемге әйгілеу үдерістерінен керемет қойылым көрсетілді. Шеруге “Жас Отан” жастар қанаты, “Жас ұрпақ” облыстық студенттер альянсы, жастардың қоғамдық бірлестіктері өкілдері қатысып, Отанға деген сүйіспеншіліктері мен мақтаныштарын паш етті.
Сыр бойындағы “Бірлігіміз жарасқан” акциясы аясында қайырымдылық шаралары ерекше қарқын алуда. Атап айтар болсақ, аз қамтамасыз етілген, болмаса жетім, ата-аналарынсыз қалған, патронаттық тәрбиедегі 150 баланың Астана қаласына саяхатқа баруына, 435 баланың жазғы тынығу лагерінде демалуларына жергілікті биліктің қамқор қолдары созылды. Сондай-ақ облыс әкімдігінің бастамасымен аз қамтылған мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жыл бойы жүргізілетін “Сыр мейірімі” жобасының тұсауы кесілді. Бұл жоба бойынша 109 адамға дәмханаларда, ал жүре алмайтын 65 адамның үйіне ыстық тамақты күнделікті жеткізіп беру қолға алынды. Жобаға жыл соңына дейін жалпы саны 2 мыңнан астам адам қамтылмақ. Мұндай игілікті істер аймақтың барлық аудандары мен ауылдарында жоспарлы жүргізілуде.
Күні кеше Қызылорда қаласындағы Оқушылар паркінде осы науқан аясында “Жастардың тазалық акциясы” ұтымды ұйымдастырылды. Тазалық акциясына облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық “Жастар одағы” қауымдастығы, “Жас Отан” жастар қанаты, “Ауыл жастары одағы”, “Болашақ жастар”, “Жасыл ел” студенттік еңбек жасақтары, “Қазақстан студенттер Альянсы”, тағы басқа жастардың қоғамдық бірлестіктері мұрындық болды. Осы шара барысында жалынды да жігерлі жастар “Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ” деген татулық сөзді ту етіп, жарыса көтеріп, қала тазалығын сақтаудағы мақсаттарын паш етті. Акция соңында жастар “Бірлігіміз жарасқан!” ұранын флеш-моб форматына орналастырып, бірлік нышанын айшықтады.
Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.
НАЗАРДА – САЛАМАТТЫ ӨМІР САЛТЫ
Ғ.Мүсірепов ауданы облыс орталығынан шалғай орналасқанына қарамастан түрлі мәдени-спорттық шаралар жүйелі ұйымдастырылып тұрады. Соңғы жылдары аудан әкімі Марат Тасмағамбетовтің бас болуымен елді мекендердегі спорт стадиондары мен алаңдары жөндеуден өтіп, спорттың бұқаралығын арттырып, саламатты өмір салтын нығайтуда біршама жұмыстар тындырылды. Ал облыстық “Ақбидай-2010” спорт ойындары спартакиадасы аясында аудан спортшыларының Нежинка ауылында бас қосуы кездейсоқтыққа жатпайды. Жастайынан спортты серік еткен “Нежинка-Ерке” ЖШС бас директоры Мұрат Жұмабеков ауылдастары мен жастардың шынығып, шымыр болып өсуін назардан тыс қалдырған емес. Ол былтыр ескі мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, спорт кешеніне айналдырды. Бұл мақсат үшін 10 миллион теңге жұмсады. Онда түрлі ойын, тренажер, бильярд, бокс залдары орналасқан. Биыл волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика алаңдарын қалпына келтіруге 2,7 миллион теңге бөлді. Спартакиадаға 19 ауылдық аймақтардан сайдың тасындай іріктелген 670-ке жуық спортшы қатысып, екі күн бойы жарыс көрігін қыздырды. Бағдарламаға 11 спорт түрі енді.
Аудандық спартакиада салтанатты түрде ашылып, үлкен мерекеге айналды. Онда сөз алған аудан әкімі М. Тасмағамбетов 30 пайызға дейінгі қазақстандықтарды бұқаралық спортқа тарту, өмір сүрудің ұзақтығын 70 жасқа дейін ұлғайту, қатерлі аурулардың алдын алу мәселелері мемлекеттік саясаттың ең басты көрінісіне айналғанын, бұл талаптардың Жолдауда жан-жақты көрініс тапқанын, алда бұқаралық дене шынықтыру-спорт қозғалысын жандандыру басты міндет болып қала беретінін атап көрсетті. Командалар жұртшылық алдынан сап түзеп өткен бойы бірден жаттығуға кірісті. Жарыстың басталғанын паш еткендей төреші ысқырығы естілуі мұң екен, волейбол алаңына бойлары сырықтай спортшылар шыға берді. Нежиндіктер қарсылас шыдатпай ақтық сында бірліктіктерді тізе бүктірді. Әйелдер арасында да алаң иелерінің мерейі үстем болды. Червонный ауылдық аймағының спортшылары футбол мен баскетболдан намысты қолдан бермесе, еркін күрестен, шахмат пен дойбыдан новоишимдіктердің бағы жанды. Осылайша командалар алма-кезек жеңіске жетіп, жалпы есеп бойынша алаң иелері бәрінен озды. Одан Новосел және Новоишим ауылдық аймағының спортшылары сәл кейіндеу қалды.
Спартакиаданың салтанатты жабылуы таяған сәтте серіктестіктің иелігіндегі “АН-2” ұшағы аспанға шарықтай көтерілді. Көпшілік оған қызықтай көз салып тұрғанда Сергей Менгилев, Сергей Кобелев, Геннадий Васильев, Олег Таргунаков, Сергей Солнцев секілді жергілікті әуе қырандары заңғар биіктіктен төмен қарай құлдилай жөнелді. Сөйтсек, шаруашылықта жүрекжұтқан жас сайыпқырандарды баулу мақсатымен арнайы парашютистер клубы жұмыс істейді екен. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қомақты сыйлықтар тапсырылды. Байрақты бәсеке отшашуға, көңілді ойын-сауыққа ұласты.
Келесі жазғы спартакиада Рузаев ауылдық аймағында өткізілетін болып белгіленді.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданы.
ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ ДЕСЕК...
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатымен түрлі шараларды жиі өткізіп келеді. Жуырдағы бір шара “Мемлекеттік тіл және отбасы” деген тақырыппен өткізілді. Аталған конкурсқа Мешковтар отбасы үш баласымен қатысса, ал Кливенко мен Шиль – сәбилері енді ғана ширап келе жатқан жас отбасы. Бірақ бір қызығы, бұлардың соңғы екеуі тілдерді дамыту бөлімі ішінен ашылған қазақ тілі курсына жазылып, тіл үйренгендеріне небәрі төрт-ақ ай болған екен.
Солай бола тұрғанмен, бұл жолғы тіл конкурсы да қызықты өтті. Конкурсқа қатысушылардың әрқайсысы отбасында мемлекеттік тілді қалай меңгеріп жатқандары туралы бейнесюжет түсіріп алып келіпті. Ал мұның әсері ерекше болды. Айтты-айтпады, отан отбасынан басталады демекші, мемлекеттік тілді меңгеру де отбасынан басталғанда ғана өз жемісін бермек. Соның бір айғағындай, ерлі-зайыпты Шиль: “Барлықтарыңыз қолдарыңызды жүрек тұсына қойыңыздар”, деп еліміздің Әнұранын шырқай жөнелгенде тебіренбеген жан қалмады.
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда демекші, сайыс соңында қазылар алқасы бас жүлдені Кливенконың отбасына беру туралы бірауызды шешімге келді. Басқа отбасылары да сый-сияпаттан құр қалған жоқ. Осындай мағыналы конкурстардан соң әлі де өз үйірін таба алмай жүрген көгенкөздеріміз ойға түсіп, толғанатын шығар дейміз!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ.
БӘРІНЕН ДЕ АЛДАМЫЗ
Медицина қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі “Жастар” стадионында жылдағыға ұқсамайтын өзгеше дәстүрде аталып өтті. Оған аудандардан келген денсаулық сақтау және емдеу мекемелерінің жетекшілері, өз саласының үздік мамандары қатысты. Салтанатты шараны облыс әкімі Серік Біләлов ашып, денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан игі істерді айтып берді. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша 6 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланса, биыл жылына 10 мың литр плазма дайындайтын қан орталығы іске қосылды. Ол әлемдік стандарт бойынша жұмыс істейді. Жыл аяғына дейін Петропавл қаласында бір ауысымда 500 науқас қабылдайтын емхана мен Преснов және Новоишим кенттерінде 90 науқас қабылдауға арналған 100 төсектік ауданаралық тубдиспансерді пайдалануға беру көзделген.
Үстіміздегі жылдан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету талаптары күшейе түсті. Басты мәселелердің бірі— жоғары білімді дәрігерлердің жетіспеуі. Бұл орайда жас мамандарды әлеуметтік жағдай жасау арқылы ғана тұрақтандырып, проблеманы шешуге болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, облыс орталығында 80 пәтерлік коммуналдық жатақхананың бой көтеруі—құптарлық қадам. Бұдан тысқары Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің жүз түлегіне еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыру үшін облыс әкімінің гранты тағайындалып отыр.
Бұдан кейін өз саласының үздік мамандары түрлі марапаттарға ие болды. Тайынша аудандық СЭС басқармасының бастығы Молдағали Кенжеғара, облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Қабдырахман Сақтағанов, облыстық медициналық қызметтер көрсетуге ақы төлеу департаментінің бөлім бастығы Меңсұлу Көшекова, Петропавл қалалық №3 аурухананың бас дәрігері Анатолий Ко “Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісін алса, бір топ дәрігерге Денсаулық сақтау министрлігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары тапсырылды. Денсаулық сақтау саласының ардагері Валентина Павлухина жергілікті медициналық арнаулы оқу орнын бітірген түлектерге ақ жол айтып, сәт сапар тіледі.
Кәсіптік біліктіліктерімен ел құрметіне бөленіп жүрген ақ халатты абзал жандар спорттың бірнеше түрінен сайысқа түсіп, табанды қасиеттерімен таныла білді. Арқан тартуда Ғ.Мүсірепов аудандық ауруханасы мен Петропавл қалалық емханасының командалары үздік деп танылса, ерлер арасындағы қол күресінде В.Голубиницкий мен А.Швецов жеңімпаз атанды. Бір жастағы сәбилер екі метр қашықтыққа еңбектеп жарысып, мәре сызығын А.Шамиғанов бірінші болып қиды. Оған плазмалық теледидар сыйға тартылды. 3-5 жас аралығында балақандардың велосипедпен жарысы да қызықты болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге облыстық кәсіподақ медицина қызметкерлері комитетінің тарту-таралғылары тапсырылып, оның соңы әсем ән кешіне жалғасты.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР СЛЕТІ
Қоғам дамуына қалам қарымымен үлес қосып жүрген жастар слетін облыстық ішкі саясат басқармасы “Бірлігіміз жарасқан!” ұранымен жалғастырды. “Жігерлі, ұшқыр, жас қалам” V облыстық слетке өңірдегі аудандық және қалалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында қалам тербеп жүрген жас журналистер қатысып, егемен еліміздегі мемлекеттік саясатты жүргізумен қатар қоғамдық пікірді қалыптастырудағы тәжірибелерін ортаға салды. Сондай-ақ, олар мемлекеттік тілді насихаттау, баспасөздің мәртебесін көтеру, шығармашылықты шыңдау жайлы тың пікірлерін ортаға салып, жасқа тән жалындарын таныта білді.
Бүгінгі өркениетке беттеген тұста саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады деген сөз бар. Демек, өмір көшінен қалмай халыққа оны түсіндіру, жақсы мен жаманның аражігін ашу парыз екені анық. Өңір өміріндегі бүгінгі игілікті істерді оқырманға жеткізуде журналистика саласының майталманы аталған аға буынның ақыл-кеңесі мен кәсіби тәжірибесі де жастарға аса қажеттігі белгілі. Сондықтан да “Достық үйіндегі” жас журналистер слетінде олар да шақырылып, ұрпақ үндестігі орныға түсті.
Жиналғандар алдында облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлжиан Сүлейменова сөйлеп, өмір болған соң жақсы мен келеңсіздік қатар жүретіні де бар. Жақсысын жарқыратса, келеңсіздікті назарға ұсынуда бұқаралық ақпарат құралдарына жүктелетін міндет ауқымды екені даусыз. Өңірдің тыныс-тіршілігін талдап, жеткізе білу, мойындату да құрметке лайық екеніне тоқталды.
Қазіргі кезде біздің өңірде барлығы 62 бұқаралық ақпарат құралы бар болса, олардың сапында 1200-ден астам журналист қызмет етеді екен. Бұлардың арасында жастығына қарамастан қаламының ұшқырлығымен көзге түсіп, оқырман жазғанын іздеп жүріп оқитын жас журналистер бар. Олардың бүгін басын қосып, өзара тәжірибе алмасуларына, шығармашылықтарын шыңдауға жағдай жасалғаны қуанарлық.
Жастар алдында облыстық “Жетісу” телекомпаниясының бас директоры Бейсен Құранбек сөйлеп, жас журналистерге аталған мамандықтың жүгі тележурналистиканың қыр-сыры жайында әңгімеледі. Жалпы журналистика саласында табысты жұмыс істеудің күрделілігі мен журналистерге қойылатын талап пен міндеттің маңыздылығына тоқталды. Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы Тәңірберген Қасымберкебаев қалам ұстаған қауымның мемлекеттік тілдің қолданыс аясын барынша кеңейтуге және беделін арттыруға қатысты атқарып отырған міндеттердің аса мәртебелі екендігін атап көрсетті. Жас журналистер де сөзден құр қалмады. Көңілдерін мазалаған сауалдарға жауап алуға тырысқан олар жаһандануға беттеген бүгінгі таңдағы мемлекеттік тіл, қоғамдық пікірді қалыптастырудағы жауапкершілік жайлы ой қозғап, пікір айтты. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы кәсіби маман аға ұрпақ өкілдері олардың әр сұрағына жауап қайтарып, жол сілтеді. Жас журналистерге ақ жол тілеген слетте олар сыйлықтан да құр қалмады.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.