Тау-кен металлургия кешені саласындағы ең беделді «Алтын Гефест» салалық байқауының қорытындысы шығарылды. Ұйымдастыру комитеті тарапынан барлығы 12 аталым бойынша 110 өтінім қаралған болатын. Осылайша, жеңімпаздарға ТМК үздік кәсіпорындары мен қызметкерлеріне, сондай-ақ, жобалық, ғылыми, оқу мекемелерінің мамандарына және журналистерге берілетін «Алтын Гефест» сыйлығы табыс етілді.
Осы сала бойынша тың нәтижелерге қол жеткізген, озық үлгі көрсеткен мамандарға, сондай-ақ, жобалық, ғылыми, оқу мекемелерінің қызметкерлеріне, журналистерге берілетін ұлттық сыйлық болып табылатын «Алтын Гефесті» алу кімге болса да үлкен мәртебе екендігі ақиқат.
Бұл ретте аталған байқау тәжірибелердің жетілуіне, олардың дамуы мен артуына жағдай жасап, тау-кен металлургия саласының дәріптелуі мен беделін өсіруге септеседі. Кәсіпорындар арасындағы «2015 жылдың жобасы», «Инновациялар бойынша 2015 жылдың көшбасшысы», «Қазақстандық қамту бойынша 2015 жылдың көшбасшысы» атты үш аталымда 13 компания бақ сынасқан болатын. Ал бұл марапат жыл сайынғы «AstanaMining&Metallurgy 2015» VI халықаралық тау-кен металлургия конгресінің негізгі оқиғаларының бірі екендігі белгілі. Тұрақты қатысушылардың ішінде «Казцинк», «KSPSteel», «ЕвразКаспиан Сталь», «Казхром», «Қазақмыс» компанияларының қызметкерлері, тау-кен және металлургия оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері және тағы басқалар бар.
«2015 жыл жобасы» аталымына Ақтөбе рельс-арқалық зауыты бақылау кеңесінің мүшесі Кирилл Кириченко ие болса, «Инновация бойынша 2015 жыл көшбасшысы» ЮрАзия Энерджи Холдингс компаниясының Астана өкілдігінің директоры Болат Досан, «Қазақстандық қамту бойынша 2015 жылдың көшбасшысы» Ер-Тай ЖШС басқарушы директоры Ермек Жанасов марапатталды.
Ал «2015 жылдың геологы», «2015 жылдың металлургі», «2015 жылдың дипломдық жұмысы» мен «2015 жылдың кеншісі» аталымдары бойынша да біршама мамандар бақ сынасқан. Сонымен қатар, қалыптасқан дәстүр бойынша журналистер арасында да «Қазақстанның ТМК саласы туралы баспасөздегі үздік журналистік жұмыс», «Қазақстанның ТМК саласы туралы теледидардағы үздік журналистік жұмыс», «ТМК саласындағы «Еңбек адамы» туралы үздік материал» атты аталымдар жеңімпаздары да белгілі болды.
Айта кетейік, «Алтын Гефест» сыйлығының жеңімпаздары дәстүрлі түрде қазылар алқасының жабық талқылауында анықталды. Олардың құрамына саланың ең беделді мамандары кіреді.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».