
Атырау облысының өлкетанушылары құрастырған ұжымдық еңбекке Құрманғазы ауданының тамырлы тарихы, топырағынан түлеген тұлғаларының ғибратты ғұмыры, көне ескерткіштерінің бедерлі бейнесі туралы жазылған зерттеу мақалалар жинақталған.
Ардагер жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы кітаптың өскелең ұрпақты елжандылыққа, туған халқының дәстүрін, өнерін танып-білуге тәрбиелейтінін атап өтті.
Ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай Атырау аймағының қазақ тарихының қалыптасуындағы айшықты орнын, мән мен маңызын тарқатып айтты.
«Өлкенің өзен-көлі жыр болып ағылып, қия тасы күй болып күмбірлеп тұрған Құрманғазының атын алған аудан еліміз үшін аяулы да қадірлі мекен. Осындай өнегелі өлкенің өткеніне шырақ жағар бүгінгі басқосу баянды болғай», деді Ғалым Жайлыбай.