
Айдындағы тартыста алтын бұйырды
Олег Болякин баптайтын еліміздің ерлер құрамасы финалда Жапония хоккейшілерін 5–0 есебімен ойсырата ұтты. Андрей
Буяльский 17-минутта есеп ашса, Дмитрий Бреус 21-минутта екінші шайбаны соқты. 37-минутта Роман Старченко, Кирилл Панюков 42, 44-минуттарда нәтижені еселеді.
– Біз Қытайға жүрерде алтын медаль олжалаймыз деп уәде бердік. Жігіттердің ойын жүйесінде ешқандай қателік кеткен жоқ. Финалдық тартыста Азия құрлығының азулы құрамасы саналатын Жапония хоккейшілерін ірі есеппен жеңдік. Ойын ырғағы құрған жоспарға сай өрбіді. Жігіттерге шабуылды үдетіп, төпелеп соққы бағыттау міндеті жүктелді. Қысқы Азия ойындарының финалына оңай құрама шықпайтыны белгілі. Сондықтан да қарсыластың қорғанысын бұзып, шайба соғу жеңіл тиген жоқ. Ең бастысы – сенім ақталды, – деді бас бапкер О.Болякин.
Қытайдағы дода басталғанда-ақ біздің хоккейшілердің алтыннан үміткер екеніне ешкім шүбә келтірген жоқ. Топтық кезеңде Қытай құрамасын 6-1 есебімен ұтты, одан кейін Жапония, Тайпей, Оңтүстік Корея құрамаларын ығыстырды. Ширек финалдық тартыста Гонконг, жартылай финалда Қытай хоккейшілерін жеңді. Роман Старченко мен Кирилл Панюков қысқы Азия ойындарының мергені атанып, айдын үстіндегі ойында 9 шайбадан тоғытты. Қола медальды Оңтүстік Корея хоккейшілері иеленді.
Әйелдер құрамасы Азия ойындарының күміс жүлдесін еншіледі. Шешуші сында Оңтүстік Корея құрамасын 3:0 есебімен жеңді. Малика Алдабергенова, Юлия Буторина, Дария Молдабай шайба соқты. Алдыңғы ойындарда қыздарымыз Гонконг құрамасын 12-0, Тайланд хоккейшілерін 9-0, Қытайдың Тайпей командасын 5-1, Оңтүстік Кореяны 1-0 есебімен жеңді. Тек Жапония құрамасына 0-4 есебімен есе жіберді. Қысқы Азия ойындарында әйелдер құрамасы бұған дейін 3 мәрте чемпион атанды, 3 рет қола медаль иеленді.
Күміс пен қоланы қанағат тұтты
Мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдаров қысқа жаттығуда 76,75 ұпай, еркін бағдарламада 169,26 ұпай, қоссайыс қорытындысында 246,1 ұпай жинап, қола жүлдегер атанды. Тағы бір спортшымыз Диас Жиренбаев 186,18 ұпаймен 9-орынды місе тұтты. Әйелдер арасындағы додада Софья Самоделкина 4-орын алса, София Фарафонова 10-орынға тұрақтады.
Қытайға алтын медаль олжалап, чемпион атануды көздеп келгенін жасырмаған М.Шайдаров қателескеніне өкініш білдірді.
– Еркін бағдарламаға жаңа элементтерді енгіздік. Дене қызуым көтеріліп айдынға сырқаттанып шықтым. Элементтерді сәтті орындағаныммен, мұзға қонуда қателестім. Бұған дейін бұл әуеннің ырғағымен сырғанап көргенім жоқ. Соның да әсері шығар. Әлемде тек өзім ғана орындай алатын каскадтық элементім бар еді. Соны көрсете алмадым, – деді спортшы.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Оңтүстік Корея спортшысы Чха Жунхван алтын алса, әлем біріншілігінде үш мәрте күміс медаль еншілеген Жапонияның үміті Юма Кагаяманың өнерін қазылар күміс медальға лайық деп бағалады.
Биатлоннан ерлер құрамасына Азияданың күміс медалі бұйырды. Әсет Дүйсенов, Александр Мухин, Кирилл Бауэр, Владислав Киреев төрттігі эстафеталық сайыста тек жапон спортшыларына есе жіберді. Қола медальды Қытай құрамасы олжалады.
Әйелдер арасындағы сында спортшыларымыз қола жүлдені еншіледі. Ольга Полторанина, Арина Крюкова, Дарья Климина, Елизавета Белецкая төрттігі Қытай, Оңтүстік Корея құрамаларына есе жіберді.