Ақтөбеге бір күндік жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев келіп қайтты. Ол түске дейін Қобда ауданында болып, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 90 жылдық мерейтойына қатысты, аудан тұрғындарымен кездесті, мемлекет пен жеке әріптестік негізінде салынған бірқатар нысандармен танысты.
Түстен кейін Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Туған жерге тағзым» кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша өңіраралық семинар-кеңес жұмысына қатысты. Оған Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының бизнес құрылымдарының, қаржы институттарының, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері қатысты. Семинар-кеңестің мақсаты – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласында тәжірибе алмасу болып табылады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қысқаша сөз сөйледі.
Бұл бағытта облыста үлгі аларлық, үйренерлік игі істер баршылық. Өңірде 2012-2014 жылдары «Көркейе бер, туған жер» акциясы нәтижелі өткізіліп, оған 4 мыңнан астам кәсіпорын, заңды және жеке тұлғалар атсалысқаны белгілі.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Роза Кемалова акция қорытындылары және өңір кәсіпкерлерінің әлеуметтік жауапкершілігі хақында баяндады. Оның айтуынша, осы акция өткізілгеннен бастап жалпы сомасы 6 миллиард теңгенің әлеуметтік жобалары мен іс-шаралары жүргізілген. «Қазхром» АҚ соңғы үш жылда 980 миллион теңге, ал «СНПС- Ақтөбемұнайгаз» АҚ 1,5 миллиард теңге демеушілік жасаған.
– Өңірдегі жеке кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінуде. «Алтын қыран» компаниялар бірлестігінің төрағасы Исламбек Салжановтың өзі туған Қобда ауылына жалпы құны 460 миллион теңге тұратын заманауи жабдықталған 150 орындық сәнді балабақша салып бергенін айтсақ та жеткілікті. Ақтөбелік кәсіпкерлер «Туған жерге тағзым» республикалық акциясына белсене қатысатынына сенім мол, – деді Роза Кеңесқызы.
Содан кейін Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғайнолла Жарқынбаев сөйлеп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің өз өңірлерінде қалай орындалып жатқаны жайлы мәлімдеді.
Бердібек Машбекұлы оларға әр жылдарғы мектеп түлектерінің мүмкіндігін туған жерін түлетуге жұмылдырудағы жұмыстың әлі діттеген деңгейден көрінбей жатқанын ескертті.
Ірі компаниялардың әкімдікпен арадағы меморандумы аясындағы атқарылған шаруаларды малдануды қоятын кез келгенін қадап айтты. Түлектерді туған жерді түлетуге жұмылдыруға назар аударды.
Семинар-кеңесті қорытындылаған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Елбасының 2007 жылы Жезқазғанда өткен кәсіпкерлердің форумында кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі туралы тапсырма бергеніне тоқталды.
– Мемлекет кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аударып келеді. Соның арқасында қазір кәсіпкерлер аяғынан тұрды, енді олар елге қарай бұрылуы керек. Үкімет кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретіндей бағдарламалар қабылдап, жүзеге асыруда. Соның бірі – «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы деу орынды. Табыс тауып, пайда көріп отырған кәсіпкерлер туған жерлеріне барып, ауылдастарымен, оқушылармен кездесіп, өзінің осы жерден білім және тәрбие алып, қатарға қосылғанын көрсетулері қажет. Бұл кейінгі жас ұрпаққа ой салады, жақсы оқып, азамат болуға талпындырады. Сондай-ақ, патриоттыққа тәрбиелейді, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырады. Міне, «Туған жерге тағзым» акциясының мақсаты да, мәні де осында, – деді Бердібек Машбекұлы. Ол бұл семинар-кеңес өткізіліп отырған Ақтөбеде үйренетін үрдістер бар екеніне тоқталды, кейбір әкімдердің акцияның мәнін әлі де жете түсінбегеніне қынжылыс білдірді.
Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы бірқатар нысандарда болып, жұмыстарымен танысты. «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданындағы 1200 орындық мектептің биыл пайдалануға берілетінін естіп, ризашылық танытты. Жалпы құны 1693899 миллион теңге тұратын орта мектептің құрылыс жұмыстарының 60 пайызы жүзеге асырылған.
«Клиника Дару» медициналық сауықтыру орталығында да болды. Клиника директоры Ғалымжан Елеуов жобаның 1,6 миллиард теңгеге түскенін жеткізді. Оның 414,7 миллион теңгесі мемлекеттік қолдау ретінде, соның ішінде, 385,4 миллион теңгесі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бөлінген. Осы жерде ол өңірдің әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті.
Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Ақтөберентген» АҚ-та болып, өндіріспен танысты, жергілікті үлесті дамыту және облыс кәсіпорындарындағы еңбек қатынастарының ағымдағы жағдайы мәселелеріне арналған кеңеске қатысты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».