
Фото: chatgpt.com
– Әлеуметтік желілерде адам жалғыздық, депрессия тағы осыған ұқсас фраза, фотодәйектермен бөліссе оның бұл қадамы суицидке бейілді екенін білдіре ме? Оны анықтауға көмектесетін қандай психологиялық индикаторлар бар ?
– Әлеуметтік желілерде осындай жазбаларды бөлісу адамның суицидке бейімді екенін нақты білдіреді деп кесіп айтуға болмайды. Алайда, мұндай әрекеттер адамның эмоционалды күйін көрсетеді. Негізгі көзге көрінетін және назар аудару керек белгілер болады, атап айтсақ суицид туралы жанама сөздер: бәрі бекер, ешкімге керек емеспін, өмірдің мәні жоқ деген мағынадағы сөздерге назар аудару қажет. Сонымен қатар бұрын қызығатын нәрселерге көңіл аудармау, достарымен, жақындарымен байланысты күрт азайту, өзін-өзі кінәлау (мен бәрін бүлдірдім, менің кесірімнен, мен ештеңе лайық емеспін және т.б.), өз заттарын тарату, қоштасу хаттар қалдыру сияқты белгілерді байқау қажет. Ал, физиологиялық өзгерістерге ұйқының күрт азаюы немесе керісінше көп ұйықтауы, тамаққа тәбет болмауы немесе шектен тыс көп тамақ жеуін байқаған жағдайда кәсіби маманға жүгініп, күмәнді сейілткен жөн.
– Әлеуметтік оқшаулану мен депрессия арасындағы шекараны қалай ажыратуға болады? Қай сатыда тұлға теріс қадамға аяқ басуы мүмкін?
– Жалпы, әлеуметтік оқшаулану деп адамның саналы түрде немесе сыртқы жағдайларға байланысты қоғамнан алшақтауын айтамыз. Бұл уақытша және қалыпты жағдай болуы мүмкін. Ал депрессия – эмоционалдық күйзеліс, үмітсіздік, өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы, яғни психикалық бұзылыс. Әлеуметтік оқшауланған адам өзін жалғыз сезінуі мүмкін, бірақ күйзеліске түспейді, яғни өзінің жеке қажеттіліктерін жаба алады, атап айтқанда дүкенге бару, жуыну, тамақтану, үйін, киімін таза ұстау, күнделікті іс-әрекетін орындау. Депрессия кезінде адам әлеуметтік ортаны аңсамайды, керісінше, құнсыз сезінеді, өмір сүруге ынтасы жоғалады. Егер адам ұзақ уақыт бойы (2 аптадан астам) терең күйзеліске түсіп, өзін керексіз сезініп, суицидтік ойлар пайда бола бастаса, бұл – психологиялық көмекке жүгінетін маңызды кезең.
– Қазіргі жастардың цифрлық әлемде өсуі олардың психикалық денсаулығына қалай ықпал етеді? «Цифрлық ұрпақ» пен алдыңғы буын арасындағы психологиялық айырмашылық қандай?
– Цифрлық әлемде өскен жастар ақпараттың шексіз ағынында өмір сүреді. Бұл олардың ойлау жылдамдығын арттырса да, зейінін шашыратып, эмоциялық интеллектінің дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Мәселен, алдыңғы буын тікелей қарым-қатынасқа мән береді, шыдамдылық пен эмоциялық тұрақтылық жоғары, ал цифрлық ұрпақ ақпаратты тез қабылдайды, бірақ ұзақ мерзімді назар аудару кезінде қиындыққа тап болып, виртуалды әлемді шынайы өмірден ажырату қиынға соғады. Әлеуметтік желілердегі қысым, идеалдандырылған өмірлермен салыстыру, буллинг (кибербуллинг) жастардың өзін-өзі бағалауына теріс әсер етіп, депрессия мен мазасыздықты күшейтеді. Бұл жастарда немесе ересектер арасында суицидтік ойлардың пайда болуына себеп болуы мүмкін.
– Суицидке бейілді адамға көмек көрсету үшін оның психикалық жай-күйін қалай дұрыс бағалауға болады? (Мысалы, психологиялық шкалалар немесе сұхбат әдістері бар ма?
Психологтар суицид қаупінің деңгейін бағалау үшін бірнеше әдісті қолданады. Психологиялық шкалалар: Бек шкаласы (Beck Depression Inventory) – адамның суицидтік ойларының деңгейін анықтауға көмектеседі. Жұмыста біздің орталықтың психологтары осы әдіске көп жүгінеді. Columbia-Suicide Severity Rating Scale (C-SSRS) – суицид қаупінің деңгейін бағалау. Диагностикалық әдістермен бірге жеке консультация кезіндегі сұхбатқа жүгіну қажет, яғни ашық сұрақтар қою: « Өзіңізді қалай сезініп жүрсіз?», «Соңғы кезде өз өміріңіз туралы қандай ойлар мазалайды?» Сондай-ақ, мінез-құлқын бақылау, қарым-қатынастан қашқақтау, өлім туралы жиі айту, өз заттарын тарату және қоштасу туралы ойларын жасырмай айтса бұл көмекке шақыру белгісі. Мұндай жағдайда оны жалғыз қалдырмас үшін мамандар жұмыс траекториясын айқындайды. Психологиялық қолдау орталығының жұмысын реттейтін жалпы ережеде жазылған суицидке бейім (суицидтік ойлары бар) білім алушылармен жұмыс жасау алгоритмімен жүргізіледі.
БАҚ пен әлеуметтік желілер суицид туралы ақпарат таратқанда қандай этикалық принциптерді сақтауы керек? Қандай қателіктер керісінше, суицидтік мінез-құлықты қоздыруы мүмкін?
БАҚ пен әлеуметтік желілер қоғамдағы маңызды сұрақтарды ашу жолында, ақпараттандыру жолында ең маңызды құрал. Адамдар көбіне көзбе-көз айтылған әңгімеден гөрі теледидарда белгілі бір сарапшылардың айтқан әңгімесіне құлақ асады. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, қоғамды маңызды психологиялық мәселелер жайында ақпараттандыруға болады. Бірақ бұл жолда абай болу керек. Этикалық принциптерді сақтау қажет, атап айтсақ, оқиғаны романтизацияламау (мысалы, «бақытсыз махаббаттан кейін өмірімен қоштасты» деген тіркестерден аулақ болу), суицид жасаған адамның әдісін егжей-тегжейлі сипаттамау және «Өлім ол - шешім» деген ой қалыптастырмау керек. Суицидті батырлық немесе қайғылы тағдыр ретінде көрсету - қате. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде өлімге итермелейтін қауіпті топтар мен трендтерді бақылап отыру аса маңызды. Керісінше позитивті оқиғаларды бөлісу суидтік ойдан арылуға үлкен септігін тигізеді. Өмірде қиындықтарды жеңіп шыққан адамдардың тәжірибесі, психологиялық көмек алу жолдары туралы жазу суицидтің қоғам болып алдын алуға зор әсер етеді.
– Әлеуметтік желіні суицидтің алдын алуға көмектесетін құрал ретінде қалай пайдаға асыруға болады?
Ол үшін суицидтің алдын алу туралы контент жасау, қиындықтарды жеңу жолдары, психологтармен сұхбаттар мен тәжірибелік кеңестерді насихаттау керек. Алгоритмдерді пайдалану – мысалы, кейбір әлеуметтік желілерде «Өлгім келеді» деп жазсаңыз, психологтың байланыс нөмірі немесе сенім телефоны көрсетіледі. Сондай-ақ, қауымдастықтар құру – жасөспірімдерге арналған сенімді топтар, қолдау көрсету платформаларын көбейту қайғылы оқиғалардың алдын алады. Сонымен қатар интернеттегі қауіпті контентті бақылау заңнамасы бар. Суицидке итермелейтін топтар мен аккаунттар бұғатталады. Ал, психологиялық орталықтарда «Сенім телефондары» жұмыс істейді.
– Өз тәжірибеңізде ата-аналардың балаларын суицидтен арашалап қалып ары қарай психологиялық иммунитетін қалыптастыру бағытында жұмыс атқару оқиғалары болды ма, кеңірек тоқталсаңыз?
– Иә, мұндай жағдайлар болған. Жасөспірімдердің, жастардың көпшілігі әке-шешесімен ашық сөйлесе алмайды, ал ата-ана балалардың көңіл-күйіндегі өзгерістерге кейде назар аудармай қалады. Бір жағдай есімде, 17 жастағы жасөспірім әлеуметтік желіден «Сен ешкімге керек емессің» деген буллингке тап болып, өзіне қол жұмсау туралы ойлаған. Анасы бастапқыда мұны жасөспірімнің «ерке қылығы» деп қабылдаған. Бірақ біздің араласуымыздан кейін анасымен жеке сөйлесіп, қолдау көрсету дағдыларын үйреттік. Баламен терапия жүргіздік, өзін-өзі бағалауын көтеруге көмектестік. Отбасылық сенімді қарым-қатынас орнату бойынша кеңестер берілді. Нәтижесінде, бала ата-анасына сенім артып, психологиялық тұрғыдан күшейді. Қазір өмірге деген құштарлығы қайта оралды. Жастардың, жасөспірімдердің психологиялық иммунитетін қалыптастыру үшін ата-аналармен тұрақты ақпараттандыру жұмысын жүргізу өте маңызды.
– Әңгімелескеніңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»