19 Маусым, 2015

Ассамблея жылында ауқымды шаралар көп

221 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДАКеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбді­қалықованың төрайымдық етуімен Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Онда Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Н.Нұркенов, Инвестициялар және даму вице-министрі С.Сәрсенов, Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Н.Калашникова баяндама жасады. Олар Ассамблея жылында атқарылып жатқан шаралар туралы біршама ақпарат берді. Спикерлердің баяндамаларынан белгілі болғанындай, Қазақстан халқы Ассамблеясының жылында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Соның ішінде 470-тен астам әлеуметтік жоба қолға алынған, оларға барлық елді мекенде тұратын 8 миллионнан астам адам қатысыпты. Атап айтар болсақ, 2015 жылғы 6 ақпанда Астанада, облыс және аудан орталықтарында ҚХА жылының салтанатты түрде ашылуы кезінде 9 республикалық конкурстың басталуы жарияланып, ҚХА жылының жалауы көтерілген. Содан бері республика бо­йынша  2 800 елді мекенде 1 млн. 375 мыңнан астам адам қатысқан 4 120 іс-шара болып өткен. 28 ақпанда Елбасының Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойға­нына 20 жыл толуына арналған «Менің Қазақстаным» атты Қа­зақ­стан халқының форумы өткізілген. Форум аясында «Бейбіт­шілік пен келісімнің жол карта­сы» мега-жобасының қорытын­дысы шығарылған. 5-11 сәуір ара­лығында Шымкент қаласын­да Қазақстанның этностық театр­лары­ның ІІІ республикалық фести­валі өткізіліп, отандық және қа­зір­гі заман авторларының шығарма­ларынан қойылымдар көрсетілген. 21 наурызда Астана және Алматы қалаларында, облыстарда Наурыз мейрамына арналған «Бір ел – бір тағдыр» атты ҚХА фестивальдері өткізілген. ҚХА-ның ірі әлеуметтік акциялары мен жобалары да жүзеге асырылуда. Ақпан-сәуір айларында «ҚХА – 20 ізгі іс» атты республикалық акция өткізілді. Акцияның символы – қасиетті Түркістан қаласынан жеткізілген, халықтың бірлігі мен берекесін бейнелейтін «Тайқазан» болды. «Тайқазан» өңірден өңірге «қайырымдылық істерге толтырылып», ҚХА-ның ХХІІ сессиясы қарсаңында Астанаға қайта оралды. «ҚХА – 20 ізгі іс» акциясы аясында 35 мың адамға көмек көрсетіліп, акция барысында әлеуметтік-мәдени маңызы бар объектілер салынып, іске қосылған және 1000 ағаш отырғызылыпты. ERA_6926 Сонымен қатар, «ҚХА – 20 ізгі іс» акциясы аясында ҚХА, этномәдени бірлестіктер мү­ше­лері су тасқынынан зардап шеккен Қарағанды облысының тұр­ғындарына көмек көрсетті. Көмек қолын созуға ашылған пунк­т­терге халық көп қайырылды. «Қарағанды облысының су тасқы­нынан зардап шеккен тұрғындарына көмек қоры» қоғам­дық қорының арнайы шотына 12 млн. 400 мың теңге аударылды. 102 тонна гуманитарлық көмек – азық-түлік, дәрі-дәрмектер, тұрмыстық химия заттары, киім, жиһаз жөнелтілді, көмек көрсету әлі де жалғасуда. Республикалық «ҚХА – 20 ізгі іс» акциясы 2015 жылдың соңына дейін жалғасады. 23 наурыздан бастап 22 сәуірге дейін 30 күн ішінде еліміздің 29 елді мекенін аралап шыққан «Менің Қазақстаным» пойызы» атты республикалық акция өт­кі­зілді. Ауқымды әлеуметтік ак­ция­ның мақсаты – Мемлекет басшысының Жолдауларының негізгі тарауларын халыққа түсіндіру, «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлттық идеясын насихаттау, тұр­ғындарға медициналық, әлеу­меттік, құқықтық қызмет көрсе­ту, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруа­шылығын дамыту туралы кеңестер беру, мәдени және қоғамдық, т.б. іс-шаралар өткізу. Министрліктер мен ведом­стволардың мамандары 4,5 мың­нан аса әлеуметтік, медици­налық, құқықтық және басқа кеңестер берді. Қоғамдық келі­сім кеңестерінің қоғамдық қабылдауларында Парламент депутаттары 320-дан аса адамды қабылдады. Көптеген мәселелер жергілікті жерлерде шешімін тапты. 9 мыңнан артық адамға республиканың жетекші мамандарымен медициналық көмектер көрсетілді. Жеке маршрутпен алыс бекеттер мен аялдамалардың 20 мың тұрғынына «денсаулық пойыздары» – «Саламатты Қ­а­зақ­стан», «Денсаулық» және «Жәр­дем» пойыздары медициналық көмек көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғамдық келісім мен бірлік үлгісінің таныстырылымына алыс елді мекендердің 6 мың тұрғыны, «Менің елім – Мәңгілік Ел!» көрмесіне 5 мың 300 адам қатысты. 20 мыңнан артық жас қатысқан патриоттық акциялар, флеш-мобтар, КТК ойындары өткізілді.Пойыздың жүру жолында ҚХА-ның «Теңдессіз сыйлық» қайырымдылық акциясы аясында кітапханаларға мемлекеттік этносаясат бойынша ғылыми еңбектер тарту етілді. Ассамблея жылының қоры­тын­дысы 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан халқының форумында шығарылады. Мем­лекеттік хатшының алдын­дағы кеңесте осы мәселелер айтылды. Сондай-ақ, мәжіліс бары­сында Қазақстан халқы Ассам­блеясы жылының аралық қоры­тын­дылары шығарылып, іс-шара­лардың Ұлттық жоспарын одан әрі іске асыру және Ассамблея қызметін ақпараттық жағынан қолдау мәселелері талқыланды. Отырыстың қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы Қа­зақстан халқы Ассамблеясы жылы­ның іс-шараларын «Барша­ға ортақ қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары – 100 нақты қадамдағы «Біртектілік және бірлік» төртінші институттық реформаның басымдығы аясында одан әрі іске асыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Отырыс жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, рес­пуб­ликалық этномәдени бірлес­тіктердің жетекшілері, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».