Аймақтар • 17 Ақпан, 2025

Түркістандық ақсақалдар кәсіпкерлерді арақ-шарап сатпауға шақырды

108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшылығы, қалалық басқарма мамандары сауда саласындағы кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, салық заңдылығын жан-жақты мысалдармен түсіндірген еді, деп жазады Egemen.kz.

Түркістандық ақсақалдар кәсіпкерлерді арақ-шарап сатпауға шақырды

Міне сол салық төлеушілермен қатар ақсақал-ардагерлер, имам-молдалар да қатысқан жиында облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы сауда орындарының басшыларын алкаголь өнімдерін сатпауға шақырды.

оо

«Бүгін өздеріңізбен ақылдасуға, кеңескелі келген Ақсақалдар алқасы 2021 жылдан бері өңірімізді арақ-шараптан ада облысқа, Түркістан қаласын шын мәніндегі рухани астанаға айналдырайық деп үндеу жариялап келеді. Нәжижесінде Түркістан облысында 51 ауыл арақ-шарап сатуды тоқтатты. Дүкендерінде сатпайды, құдалық, той, басқа да қуанышты жиындарын алкагольсіз өткізеді. Бір Сауран ауданының өзінде 10 ауыл арақтан ада ауылға айналды. Мұндай елді мекендердің қатары көбейетініне сеніміміз мол. Ал, Түркістан қаласында 12 супермаркет, дүкендер арақ-шарап сатуды тоқтатты. Дегенмен облыс орталығында әлі де арақ-шарап сататын супермаркеттер, дүкендер, сауда орталықтары жетерлік. Бірақ, олардың сатуға рұқсаты – лицензиясы бар, заң қорғайды. Алайда, статистикаға сүйенсек, елімізде қылмыс түрлерінің 90 пайызға жуығы алкаголь өнімдерін тұтыну салдарынан орын алады. Яғни, адам өлтіруге дейінгі ауыр қылмыстарға сатушылар да себепкер болады деген сөз. Оған келтіретін мысалдар да жеткілікті. Сондықтан, шаңырағымыздың шырқын бұзатын, қоғамда қылмыс жасауға итермелейтін осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында біз облыс, қала имамдарымен, ақсақалдармен ақылдасып, жастармен де кеңесіп жүрген жайымыз бар. Солай көптің қолдауымен, сұрауымен араларыңыздағы лицензиясы бар сауда орындарының иелерін спирттік ішкіліктер сатпауға шақырамыз», деді Жарылқасын Әзіретбергенұлы.

Айта кетейік, Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары облыс орталығында жыл басынан бері заңсыз алкоголь өнімдеріне қарсы сауда орындарына 5 рейдтік тексеру шарасын жүргізген. Нәтижесінде 40 кәсіпкерге шара көріліп, 33 салық төлеушіден лицензиясыз спирттік ішкіліктерді сатылымға шығарғаны үшін 7379 шөлмек тәркілеген. Жалпы жиынтығы 6163 литр, құны 8 млн 443 мың 515 теңгені құрайтын алкоголь өнімдері түгел сот орындаушымен жойылыпты.