Қоғам • 18 Ақпан, 2025

Тараз шеберлерінің тартуы

1486 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне Тараз шаһары үш жыл бұрын Дүние­жүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енді. Байырғы дәуірде-ақ қолөнер шеберлерінің таңдаулы туындыларымен талай жұртты тәнті еткен Таразда соңғы жылдары халықаралық қолөнер шеберлерінің көрмесін ұйымдастыру дәстүрге айналды. Белгілі мамандар сол іс-шарада өзара тәжірибе алмасып жүр.

Тараз шеберлерінің тартуы

Әрісі АҚШ, берісі көршілес мемлекеттерден арнайы ат басын бұрған мәртебелі меймандар Тараз төрінде қолөнер шеберлеріне көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіргені жадымызда. Содан да болса керек, жергілікті қол­өнер шеберлері халықаралық байқауларға қатыса бастады.

Төл туындылары бірнеше мемлекеттегі әріптестері тарапынан мойындалған тараз­дық қолөнершілер Индоне­зия елінде басталған халықара­лық «INACRAFT-2025» көрме­сіне қатысып, ұлттық мұраны насихаттап қайтты. Белгілі ма­ман­дардың айтуынша, әлемнің бір­неше елінен майталман қол­өнер шеберлері қатысатын көрменің қай кезде де бәсі биік. Бұл өз кезегінде тараздық мамандардың тәжі­рибе алмасуына зор мүмкіндік туғызады.

«Қолөнершілердің халық­аралық көрмесі 25 жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастыры­лып жүр. Индонезиядағы ау­қымды мәдени іс-шараға Орта Азия, Оңтүстік Азия елдері­­­нің өкілдері және Дүниежүзілік қолөнершілер тізіміне енген қа­­ла­­лардың мамандары қатыс­қанын айта кеткен жөн.

Қатысушы мемлекет өкіл­де­рі негізінен ұлттық бағыт­та­ғы туындыларын ұсынғанын бай­­қадық. Сол тұрғыдан ал­ған­да біздің шеберлердің шы­ғар­ма­ла­рынан да сәйкестік бай­қа­лады.

Қалай десек те ұлттық танымынан тамырын ажыратпаған ел екенімізді таныттық деген ойдамын. Ең бастысы, көрмеге келген меймандар біздің қол­өнершілердің туындылары­на аса қызығушылықпен қарап, олардың шеберлігіне тәнті болды. Қысқасы, біз Индо­не­зияда қазақтың төл мәдение­тін наси­хаттадық. Мұның бәрі мем­лекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болғанын айта кеткен ләзім. Жалпы ал­ғанда, қолөнер шеберлеріне қай кезде де қолдау көрсетуге әзірміз», дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Әлімжанқызы.

Делегаттардың арасында жылдар бойы ғажап туындыларымен талай маман­дарды тәнті еткен Анар Бек­сұлтанова да бар. Оның айтуынша, төрт күнге созылған іс-шара жоғары деңгейде ұйым­дастырылған. Ал көрмеге кел­ген қарапайым ха­лық тараз­дық қолөнершілердің еңбегін жоғары бағалаған.

«Біз Дү­ниежүзілік қолө­нер­шілердің тізіліміне ұлт­тық киімдер арқылы енгенбіз. Сон­дықтан осы көрмеге ұлттық киім­дерді және төрге ілетін тұс­киіз, сырмақ, шапан, жа­да­­ғай, киізден жасалған аяқ­киім, бас­киім, түрлі сөмкені апар­дық. Сарап­шы­лар тарапынан біз апар­­ған киімдер мен бұйымдарға зор қы­зы­ғу­шы­лықты байқадық.

Жергілікті халық та мәде­ниетіміз бен тарихымызға қатысты түрлі сұрақ қойып, жауап алды. Қалай десек те, Индонезиядағы іс-шара біз үшін табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Әріп­тестерімізбен тәжірибе ал­мастық, әртүрлі тақырыпта ой бөлісіп, бір жасап қалдық», дейді А.Бексұлтанова ағынан жарылып.

 

Тараз