07 Ақпан, 2015

Мақсат – жұмыс орындарын сақтау

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Оралда жергілікті қамтуды дамыту және жұмыс орындарын сақтау мәселелеріне арналған кеңес өткізілді. Оған арнайы келген Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев әлемдік экономиканың бір бөлшегі болып табылатын Қазақстанға әлем елдеріндегі экономикалық қаржы дағдарысы мен Ресей рублі құнсыздануының жанама әсері тиіп отырғанын айтты. Осындай кезде кәсіпорындарды жұмыспен қамтамасыз ету, олардың өндірістік қуатын қажет­ті деңгейде ұстау, жұмыс орындарын сақтау аса маңызды деді ол. Бұл үшін мемлекеттік органдар ұлттық компаниялармен бірге отандық тауарлардың бәсін көтеру мәселелерімен айналысулары қажет. Министрдің айтуынша, қазіргі күні мұнай-газ компаниялары бюджеттері кемуі салдарынан олардан тапсырыс­тар алатын орта және шағын бизнеске қатысты түйткілді мәселелер туындап отыр. Сондай-ақ, қазіргі кезде жер­гілікті өндірісшіні қол­дап, қажетті тауарлар алу­дың мүмкіндіктерін іздес­тіру ісінің де маңызы зор. Мұн­дағы мақсат – өндіріс орын­­дарын­дағы тұрақтылықты сақ­тауға бағытталған. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойын­­­ша республикада өндіріс үдеріс­­терін тұрақтандыру және жұ­мыс­керлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде облыс әкімдіктері мен ірі кәсіпорындар арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасау бойынша кең ауқымды істер басталды. Еліміздің барлық аймағында осындай шаралар өткізілуде. Қазірдің өзінде осындай 12 кеңес өткізіліп, барлығы 200 меморандумға қол қойылған. Бұдан әрі Энергетика министрі Владимир Школьник Үкімет Елбасы Жолдауына сәйкес орта мерзімде экономиканы дамытудың басты құралы бола алатын 2020 жылға дейінгі мерзімге ар­налған «Нұрлы Жол» атты инфра­құрылымды дамыту бойынша кең ауқымды мемлекеттік бағдарлама әзірлен­генін алға тартты. Мұнда қазақ­стандық қамтуды дамыту мен отандық бизнесті қолдаудың өзекті мәселелері қамтылған. Ал Батыс Қазақстан облысы­ның әкімі Нұрлан Ноғаев күн тәртібіне қойылып отырған мәсе­лелер бойынша облыста 303,3 миллиард теңгенің 38 жобасы қолға алынғанын жеткізді. Сонымен бірге, алдағы уақытта өңірде 2100 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Инвесторлар жобаларын жүзеге асыру барысында қуат үнемдейтін және өнімнің өзіндік құнын азайтуға бағытталған жаңа технологиялар қолданыла бастады. Осы арқылы облыс кәсіпорындарында бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеру көзделген. Форум аясында атқарушы билік ұлттық компания басшы­лары, кәсіподақ ұйымының жетек­шілері облыстың іргелі кәсіпорын­дарымен жұмыс орнын сақтау мәселелері 8 және ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар арасында 20 меморандумға қол қойылды. Оның жалпы құны 47 миллиард теңге құрайды. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.