Қоғам • 18 Ақпан, 2025

Каспий құбыр консорциумы нысанындағы жағдай қандай?

32 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы нысанындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz

Каспий құбыр консорциумы нысанындағы жағдай қандай?

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта КҚК тарапынан қазақстандық мұнайға шектеулер жоқ, қабылдау графикке сәйкес жүзеге асырылады.

«КҚК ақпаратына сәйкес, «Тенгиз – Новороссийск» магистральдық мұнай құбыры 2025 жылғы 17 ақпанда Мәскеу уақытымен сағат 02:50-де «Кропоткинская» мұнай айдау станциясының қатысуынсыз транзиттік режимде іске қосылды», делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының мұнай тасымалдау нысаны – «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасаған еді.

Компания бұл әрекетті «террористік шабуыл» деп атады.

«Шабуыл жеті ұшқышсыз ұшу аппаратымен жасалған. Олар жарылғыш заттардан бөлек металл зақымдайтын элементтермен толтырылған. Шабуыл арасына уақыт салып жасалды. Осылайша нысанның жұмысын тоқтатуды ғана емес, станциядағы операциялық қызметкерлерге зиян тигізуді мақсат етті. Мұнай айдау станциясының қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ. Консорциум қызметкерлерінің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде мұнай ағып кетуге жол берілмеді», деп хабарлаған еді КҚК баспасөз қызметі.