
Дара даусымен қазақтың даласын тербеген көркемсөз өнерінің ұстасы, есімі елге белгілі диктордың мерейтойы қарсаңында жарық көріп отырған «Сахара сандуғашы» атты іргелі жинақ Сауық Мәсіғұтқызының өмір жолы, Қазақ радиосындағы қызметі, ұстаздық еңбегі туралы сыр шертеді. Сыңғырлаған жағымды даусы тыңдарманының құлағында да, жүрегінде де сақтаулы тұрған Сауық Мәсіғұтқызы радио хабарларға өзгеше өң беріп, қазақ радиосының тарихында өшпес із қалдырып, оның дамуы мен өркендеуі үшін лайықты еңбек сіңірді. Ол туралы ән падишасы Роза Бағланова: «Сауық Жақанованы жақсы көремін. Маған оның сөзді бұзбай мәніне келтіріп айтатыны, жақсылық немесе жаманшылық болып жатса, оны да адамның көкейіне жетерліктей зерделеп, әсерлі жеткізетіні ұнайды. Әрі айтып тұрған тақырыбына сай мазмұнын дәл береді. Мен оның талантын жоғары бағалаймын», деген екен.
Аталған жинақ белгілі руханият жанашыры, баспагер Рақымғали Құл-Мұхаммедтің тікелей қолдауымен «Атамұра» баспасынан жарық көріп отыр. Кітаптың құрастырушылары – Ақпарат саласының үздігі, белгілі журналист Таңсұлу Алдабергенқызы мен Журналистер одағының мүшесі, радиожурналист Жазира Амантайқызы.
«Қазақ дикторларының атасы Әнуарбек Байжанбаев Сауық Жақанованы «эфирдің Ақбаяны» атаған. Бірақ апай «Алдымда дауылпаз диктор Әнуарбек ағаларым бар. Ол кісілерден бұрын қалай кітап шығарамын?» деп естіген бетте ат-тонын ала қашты. Десе де, бар саналы ғұмырын радио қызметіне арнаған, бірнеше буын ұрпақты мейірбан даусымен оятып, тәрбиелеген, ұлттың үніндей болған алтын дауыс иесінің ғибратты ғұмырынан сыр шертетін бір кітапты оқырманға тарту ету керек деген ой көкейімнен кетпеді. Бұл кітапта Дулат Исабеков, Ілия Жақанов, Асанәлі Әшімов, Дүкенбай Досжан, Қасымхан Ерсарин, Көпен Әмірбек, Намазалы Омашев, Назарбек Қанапияұлы, Аманжол Еңсебаев, Бауыржан Омарұлы, Әмірхан Меңдеке сынды зиялы қауымның толғамды, жақсы дүниесі жинақталған. «Сахара сандуғашын» сол үшін оқу керек», дейді құрастырушы Таңсұлу Алдабергенқызы.
296 беттен тұратын кітапты «Атамұра» баспасы оқырманға 1000 данамен ұсынып отыр. Ерекше безендірілген еңбектің соңғы беттерінде диктор болғысы келетіндерге арналған кеңестер мен арнайы жаттығу үлгісі берілген. Сондай-ақ кітап соңында екі QR тұр. Онда Сауық Жақанованың оқыған өлеңдері ұсынылған. Қазақ радиосының «Алтын қорында» Сауық Жақанованың оқуында 500-ден астам әдеби-мәдени, деректі, көркем шығарма мен 100-ден астам ертегі жазылып, сақталған.
Кітапханадағы рухани кешке ұлт зиялылары Нұрлан Оразалин, Фаузия Оразбаева, Ханбибі Есенқарақызы, БАҚ саласының майталманы Нұржан Жалауқызы, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед, белгілі қаламгерлер, Сауық Жақанованың туыстары, достары, шәкірттері мен замандастары қатысты.
АЛМАТЫ