Шаруашылық • 19 Ақпан, 2025

Министрлік су үнемдеу бойынша 5 облыста семинарлар өткізіп жатыр

60 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Су ресурстары және ирригация министрлігі Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша шаруаларға арналған семинарлар өткізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрлік су үнемдеу бойынша 5 облыста семинарлар өткізіп жатыр

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Кездесулер барысында еліміздегі су үнемдеу бойынша үздік тәжірибелер таныстырылып, мемлекеттік қолдау іс-шаралары жөнінде ақпарат беріледі.

«Су ресурстары және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шаруаларды қажет инфрақұрылымды қалыптастыру, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін арттырды. Сонымен қатар, бүгінде су үнемдеу технологиясын қолданатын диқандар суармалы су үшін аз төлейді. Себебі, су үнемдеу жүйелерін пайдаланған кезде суармалы су ақысын субсидиялау мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін ұлғайтылды», деді Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев.

Сала министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше бүгінде Қазақстанда су шашатын машиналар мен тамшылатып суару жабдығын шығаратын 4 отандық зауыт жұмыс істейді. Биыл Түркістан облысында қытайлық компаниялармен бірлесіп тамшылатып суару жабдығын шығаратын тағы 2 зауыт ашу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Су ресурстары және ирригация министрлігі су үнемдейтін инновациялық технологияларды да сынақтан өткізіп жатыр. Мәселен, былтыр еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп мажарлық Water-Retainer препараты сынақтан өтті. Сынақ нәтижесі жекелеген дақылдар бойынша су үнемдеу және өнімділікті арттыру бойынша оң әсерін көрсетті. Алдын ала мәлімет бойынша, препаратты қолдану шамамен 20-37% су үнемдеуге мүмкіндік береді, сонымен қатар өнімділікті жақсартады.