АСТАНА. 7 ақпан. Алматыда жасы 81-ге қараған шағында Қазақстанның белгілі жазушысы Герольд Бельгер жүрек науқасынан қайтыс болды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне президенттің іс басқармасына қарасты орталық клиникалық ауруханадан хабарлады.
«7 ақпан күні сағат 14:15-те Бельгер қайтыс болды», - деп хабарлады ауруханадан.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Герольд Бельгердің инфаркттен кейін 21 қаңтарда жансақтау бөліміне түскені хабарланған болатын. Ол реанимацияда өкпеге ауа беретін жасанды аппаратпен жатты. Медиктердің айтуларынша, Бельгер денсаулық жағдайы нашарлығына қарамастан, өте көп жұмыс жасаған. Дәрігерлер оған жүректе қосымша жасанды қан ағатын жол жасауға арналған операция жасау керектігі туралы бірнеше рет ұсыныс айтқан. Бірақ Бельгер одан ылғи бас тартыпты. Емдеушілердің айтуларына қарағанда, жазушы бірінші инфарктті 1978 жылы алған. Содан кейін бұл жағдай 5 рет қайталанған. Бұдан басқа, қаламгер 1999 жылы инсультті де бастан кешкен. Ол сондай-ақ сусамырмен де ауырып жүрген.
Герольд Бельгер 1934 жылғы 28 қазанда Саратов облысындағы Энгельс қаласында туған. 1941 жылы ол отбасымен бірге неміс ұлтының өкілі ретінде Қазақстанға жер аударылған. Ол осыдан бастап Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ ауылында өсті. Осында ол қазақ тілін жетік меңгеріп шықты.
Бельгер Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының әдебиет факультетін бітіріп, еңбек жолын Жамбыл облысында орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастады.
Бельгер 1971 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. 1992 жылдан неміс тіліндегі «Феникс» альманағының бас редакторы. 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Ол неміс мәдени қоғамы Алматы қаласындағы бөлімшесінің төрағасы, Қазақстан немістері кеңесінің мүшесі және ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі болды.
Герольд Бельгер 53 кітаптың авторы. Олардың арасында «Сосновый дом на краю аула», «Чайки над степью», «За шестью перевалами», «Брат среди братьев», «Каменный брод», «Завтра будет солнце» және басқалары танымал болды. Ол қазақ әдебиетінің Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді классиктерінің шығармаларын орыс тіліне аударды.
Мұрат Айтқожа.
Дерек, сурет: Tengrinews.kz.