Қоғам • 19 Ақпан, 2025

Адамның қауіпсіздігі жануарлар құқығынан маңызды - Еділ Жаңбыршин

48 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР заңына иесіз, бұралқы иттерді 15 күннен соң эвтаназия әдісімен ұйықтату нормасын енгізуді ұсынды, деп жазады Egemen.kz.

Адамның қауіпсіздігі жануарлар құқығынан маңызды - Еділ Жаңбыршин

Депутат өз сөзінде Маңғыстау өңірінде болған оқиға барша ата-аналардың уайымын күшейткенін атап өтті.

«Өздеріңіз де естіп-біліп отырсыздар, 16 жастағы бала итке таланып, ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Біреулер «қазір ештеңеге таң қалуға болмайды, онда тұрған не бар?» деуі мүмкін, бірақ мәнісіне терең үңілсек, бұл оқиға бірнеше қоғамдық проблеманың бетін ашып берді. Біріншіден, итке таланған баланың жасы 16-да екенін ескеру керек. Оның орнында 3-4 жастағы бүлдіршін болса, жағдайының қандай болатынын елестету қиын. Екіншіден, бұл – ақпарат құралдарында жазылып, резонанс тудырған оқиға. Соған орай, облыстық ауруханада итке таланған балаға қажетті ем-шараның бәрі жасалынды. Бірақ, ауылдарда ит талаған баланың бәріне дұрыс медициналық көмек дер кезінде жасалып жатыр ма, әрине жоқ! Үшіншіден, дене жарақаты жазылар, ал баланың психикасына келтірілген зақым мен оның салдарын кім ойлайды?! Бұл дерт өмір бойы адамның тағдырына кері әсер етпей ме?», деді Е.Жаңбыршин.

Соңғы кезде балаларды қойып, бұралқы иттер ересектерге шабуыл жасаған оқиғалар да көбейіп кетті. 

«Бұралқы иттер туралы сөз болса, жануарлар құқығын қорғаушы кейбір ұйымдар өре тұрады. Түсінеміз, олар USAID сияқты батыстық ұйымдардан алған гранттарының ақшасын ақтауы керек болар. Бірақ, жануарлар құқығы адам құқығынан жоғары болғаны ма?!», деді ол. 

Депутат атап өткендей Қазақстан Республикасының ең бірінші байлығы – адам, ал Мемлекеттің міндеті – әуелі әр азаматтың бейбіт және қауіпсіз елде өмір сүруіне жағдай жасау. 

«Осыдан 20 жыл бұрын Алматы облысы, Талғар қаласында бес жасында ит талағаннан кейін тілі сақауланып, невралгия ауруына шалдыққан кішкентай баланың тағдырын білетін боларсыз. Оның ата-анасы қызын емдету үшін қанша уақыт, қанша қажыр, қанша қаражат жұмсады – оны кім есептеді, кім компенсация төледі? Ешкім. Мұндай оқиғалар ел ішінде көп. Осындай оқиғаларды әлгі шетелден грант алғыш ұйымдар неге көтермейді? Неге зерттемейді? Бұралқы, қаңғыбас, ауру иттердің «құқығын» қорғаушылар ең алдымен итке таланып, ауруханаға түскен басқа емес, өз баласы деп елестетіп көрсін! Қолданыстағы заңнама аясында бұралқы иттерді ұстап, оларға стерилизация, екпе жасап, қайтадан бос жіберу қарастырылған. Бірақ мұндай практика бізді алаңдатып отырған проблеманың шешімін табуға көмектеспеді», деді депутат.

Оның айтуынша, ресми статистикаға сүйенсек елімізде жыл сайын 38 мыңнан астам адамды ит қабады. Сонда күніне 104 адамды итке таланады. Ал оның кемінде жартысы – 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл – ресми цифрлар, қорқынышты әрі сұмдық статистика.

Аталған мәселені реттеу үшін бірнеше Мәжіліс депутатты заң жобасын әзірлеп, Парламентте талқыға салып жатыр. Өйткені босатып жіберген бұралқы ит қоғамға қауіпті және экономикалық жағынанда тиімсіз болып тұр.

«Сондықтан, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР заңына біздер ұсынған иесіз, бұралқы иттерді 15 күннен соң эвтаназия әдісімен ұйықтату нормасы – гуманистік шешім деп білемін. Бұл АҚШ, Жапония, Израиль, Франция, Ұлыбритания, Литва сияқты әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын әдіс. Тіпті скандинавия елдерінде Ресейден бұралқы иттер шекарадан өтіп кетсе, бірден атып тастайды. Осыған орай, қоғамда қажетсіз дау көтеріп жүрген кейбір «жануар құқығын» қорғаушылар ең алдымен адам құқығы мен адам қауіпсіздігі деген мәселені еске алсын», дейді депутат. 

Бұралқы иттердің мәселесін қоғамда жүйелі түрде шешу үшін, Үкімет келесі мәселелерді қолға алуы керек:

Бірінші, өздерін «зооқорғаушылармыз» деп тіркелген барлық ұйымдардың қандай көздерден және қандай мақсатта қаржы алғанын тексеру қажет;

Екінші, Азаматтарды, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік желілер мен БАҚ-да балағаттап, қаралау, жала жабу фактілерін зерттеп және зерделеп, оларды ұйымдастырып отырған тұлғаларды анықтап, олардың іс-қимылына құқықтық баға берілуі тиіс;

Үшінші, қолданыстағы заңның аясында жаппай көшедегі бұралқы иттерді ұстап, қамау шараларын алсын, агрессия көрсеткендерін және жұқпалы аурумен ауратындарына эвтаназия жасау мүмкіндіктерін қарастырсын.