Аймақтар • 19 Ақпан, 2025

Алматы облысы Қытаймен ынтымақтастықты нығайтып келеді

71 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь арасында кездесу өтті. Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.

Алматы облысы Қытаймен ынтымақтастықты нығайтып келеді

Суретте: екіжақты кездесу.

Екі ел арасындағы сауда айналымына келер болсақ, Алматы облысы мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстар қарқынды дамып жатыр. Қытайлық инвестициялар өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда маңызды рөл атқарады. Аспан асты елімен келісімнің нәтижесінде  облыс көлемінде бірнеше жобалар сәтті жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ тамшылатып суару технологияларын енгізу (7,5 млрд теңге, 450 жұмыс орны), құрғақ сүт өндіру зауытының құрылысын салу (7,5 млрд теңге, 27 жұмыс орны), сондай-ақ құрама жем өндірісі зауытын (7,5 млрд теңге, 60 жұмыс орны) іске қосу жоспарланған.

Бұған қоса болашақта  26 мың га суару жүйелерін салу және жаңғырту (234 млрд теңге),  фруктоза, мальтоза және лактоза өндіретін зауыт құрылысы (206,5 млрд теңге, 2 000 жұмыс орны) және  астықты терең өңдеу зауытының құрылысы (1 000 жұмыс орны) жүзеге асатын болады.

Қытайлық инвесторлар өңірдегі ірі өнеркәсіптік жобаларға да белсенді түрде қатысып жатыр. Олардың қатарында вольфрам өңдеу зауыты (135 млрд теңге, 350 жұмыс орны),  фармацевтикалық фабрика құрылысы (7,5 млрд теңге, 450 жұмыс орны) және  болат сым өндірісі (359 млн теңге, 60 жұмыс орны) бар.

Алдағы уақытта металлургиялық өнімдер өндірісі (106 млрд теңге, 500 жұмыс орны),  трансформатор зауытының құрылысы (50 млрд теңге, 500 жұмыс орны), сондай-ақ  арнайы техника құрастыру (52 млрд теңге, 1 366 жұмыс орны) сынды өнеркәсіптік жобалар іске асатын болады.

Екіжақты басқосуда Қытай Алматы облысының негізгі туристік серіктестерінің бірі болып табылатыны аталды. Өткен жылы өңірге 11 700-ден астам қытайлық турист келген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 43%-ға артық.

Кездесуде бірлескен туристік маршруттар құру, инфрақұрылымды дамыту және қытайлық инвесторларды қонақүй бизнесіне тарту мәселелері талқыланды.

Келіссөздер барысында Қытайдың Алматы облысы инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысуы басты тақырыптардың бірі болды.

Осы мақсатта Алатау және Қонаев қалаларында инженерлік желілердің құрылысы және жаңғырту (162 млрд теңге), облыста 6 электр қосалқы станциясын салу (36 млрд теңге) жобалары ұсынылды.

Қытай елімен арадағы мәдени байланыстарды нығайту аясында Қазақстанның Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы Бейжіңде атап өтілетіні жарияланды. Бұл шара екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге бағытталған.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты әріптестікті дамытуды жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.

Алматы облысы