Қазақстан • 19 Ақпан, 2025

Материалдық емес мәдени мұраны сақтау Қазақстан үшін маңызды қадам

220 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақ халқы – ежелден бері өз мәдениеті мен салт-дәстүрін жоғары бағалап, ұл-қызын  әдет-ғұрып, жөн-жосық арқылы тәрбиелеп, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Салт-дәстүр – елдің тәрбиесі мен мәдениетінің айнасы. Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Н.Шайкенов: «Ұлт дәстүрі – заңнан биік» деген. Бұл халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани мұрасының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. 

Материалдық емес мәдени мұраны сақтау Қазақстан үшін маңызды қадам

Мәдениет – адамзат дамуының ажырамас бөлігі

Ол материалдық және материалдық емес құрамдас бөліктерден тұрады. Материалдық мәдениет физикалық объектілер арқылы көрініс тапса, материалдық емес мәдениет қоғамның рухани құндылығының негізін қалыптастырады.

Қазіргі заманғы жаһандану жағдайында бұл екі мәдениет түрін сақтау және дамыту өте маңызды. Материалдық мәдениет тарихи мұраларды қорғауды талап етсе, материалдық емес мәдениет ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарды сақтауға бағытталады.

Жаһандану дәстүрлі құндылықтар мен өмір салтына қатты ықпал етуде. Сондықтан материалдық емес (рухани) мәдени мұраны сақтау мәселесі ерекше өзекті болып тұр. Дәстүрлі білімдер, тіл, әдет-ғұрыптар, қолөнер және орындаушылық өнерлер тек қана ұлттық бірегейліктің маңызды элементтері ғана емес, сонымен қатар рухани байлығымыздың да қайнар көзі.

Қазақстан 2003 жылғы 17 қазанда Парижде қабылданған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Конвенциясына қосылып, осы бағыттағы шараларды жүзеге асыруда.

Қазақстанда 2004-2011 жылдары жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ел тарихындағы ұлттық мәдениетті зерттеу, қалпына келтіру, дамыту және насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірақ әлі де шешілмеген мәселелер бар.

2013 жылы «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі» тұжырымдама ұлттық мәдени мұраны жүйелі түрде зерттеуге, сақтауға және насихаттауға мүмкіндік берді. Қазақ халқының дәстүрлі өнері, фольклоры, ұлттық ойындары, қолөнері және әдет-ғұрыптары ғылыми тұрғыдан зертеліп, халықаралық деңгейде мойындалды.

2014 жылдан бастап Қазақстан ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған 14 материалдық емес мәдени мұра элементтерін тіркеді. Олардың ішінде «Қазақтың дәстүрлі домбыра күй өнері», «Киіз үй», «Айтыс», «Наурыз», «Құсбегілік», «Қазақ күресі», «Асық ойыны» сияқты дәстүрлер бар. Бұл – қазақ халқының мәдени мұрасының әлемдік деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Дегенмен, ұлттық мәдени мұраның көптеген элементтеріне жоғалу қауіпі төніп тұрғанын айта кету керек. Сол себепті оларды сақтау мен дамыту үшін мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет.

Қазіргі таңда материалдық емес мұра мәселесі Париждың 2003 жылғы Конвенциясы және «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы Заңы аясында ғана реттеледі. Қазақстанда материалдық емес мәдени мұраны қорғауды қамтамасыз ететін кешенді заңнамалық база әлі жоқ. Бұл бірегей дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтауға және танымал етуге берік негіз қалайтын жаңа арнайы заң әзірлеу және қабылдау қажет екенін көрсетеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында: «Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі», – деген болатын.

Қазіргі таңда қазақтың материалдық емес мәдени мұрасын сақтап, дамыту үшін ұлттық тізімдер жасақтау қажет. Бұл мұра элементтерінің сақталу деңгейін, олардың жоғалу қаупін және мұрагерлердің нақты санын анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қазақ халқының дәстүрлері тұрмыстық өмірдің бір бөлшегі ретінде сақталған жағдайда ғана, ұлттық құндылықтар жас ұрпақ арқылы жалғасын табары сөзсіз. Мысалы, бесікке салу, қыз ұзату, ас беру, келін түсіру сияқты дәстүрлердің күнделікті өмірде қолданылуы олардың өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Ал тұрмысымыздан шығып қалған кейбір дәстүрлер жас ұрпақтың жадынан өшіп кету қаупінде тұр. Осыған байланысты, материалдық емес мәдени мұраны сақтау және дамыту – мемлекет пен қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.

Материалдық емес мәдени мұраны қорғау не үшін маңызды

Материалдық емес мәдени мұра ауызша дәстүрлерді, орындаушылық өнерді, халықтық рәсімдерді, дәстүрлі білімдерді, қолөнерді және тіпті халықтық жадының көрініс формаларын қамтиды. Бұл элементтер ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, ұлттық бірегейлікті және мәдени әртүрлілікті қалыптастырады. Алайда урбанизация, технологиялық даму және жаһандық бұқаралық мәдениеттің әсері жағдайында көптеген дәстүрлер жойылып кету қаупіне ұшырайды. Бүгінгі таңда бірегей диалектілердің жоғалып бара жатқанын, халықтық қолөнердің ұмытылып, дәстүрлі мерекелердің азая бастағанын байқауға болады.

Мәдени аспектілерден басқа, материалдық емес мұраны қорғау біртұтас ұлттық кеңістікті қалыптастыруда, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуда және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Көптеген дәстүрлер тарихи білімдерді, ұлттық философия мен қазақ халқының дүниетанымын қамтитын ауызша аңыздармен тығыз байланысты. Бұл дәстүрлердің жоғалуы ұлттық рухтың әлсіреуіне және мәдени формалардың әртүрлілігінің қысқаруына әкеледі.

Халықаралық тәжірибе және Қазақстанның болашағы

Көптеген елдер материалдық емес мәдени мұраны сақтау үшін арнайы заңдар қабылдап, ұлттық және халықаралық деңгейде қорғау шараларын жүзеге асыруда. Мысалы, Қытай да 2011 жылы «Материалдық емес мәдени мұра туралы» заң қабылданып, мәдени мұраның түрлі салалары заңнамалық тұрғыда бекітілді. Сонымен қатар, «Материалдық емес мәдени мұралар каталогы» құрылып, заң бұзушыларға жауапкершілік белгіленген. Өзбекстанда 2001 жылы «Мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң аясында материалдық емес мәдени мұралардың ұлттық және өңірлік тізімдері жасалып, жүйелі түгендеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Қырғызстанда 2012 жылы «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» заң қабылданды. Сонымен қатар, «Манас» эпосын қорғау туралы арнайы заң бар. Бүгінде Қырғызстанның бірнеше мәдени мұра элементтері ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Оңтүстік Кореяда ЮНЕСКО қамқорлығындағы өңірлік орталық арқылы Азия-Тынық мұхиты елдерінің материалдық емес мәдени мұраларын зерттеп, арнайы құжаттау жүйесін қалыптастырған.

Қазақстан да осы бағытта алға жылжып, өзінің мәдени мұрасын жаһандық мәдени кеңістікке интеграциялап, материалдық емес мәдени мұра қорғаудың бірыңғай стратегиясын әзірлеуі керек.

Ұлттық заңнамаға қосымша, халықаралық ынтымақтастық үлкен рөл атқарады. Қазақстан ЮНЕСКО және басқа халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтіп, мәдени дәстүрлерін насихаттап, халықаралық тізімдерге жаңа элементтерді енгізу бойынша әліде жұмыс жүргізуі қажет. Бұл елдің халықаралық аренадағы мәртебесін арттырып қана қоймай, мәдени секторға қосымша инвестициялар тартуға да мүмкіндік береді.

Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы заңды қабылдау Қазақстанның бірегей дәстүрлерін сақтауға, мәдени мұраны қолдаудың және дамытудың тұрақты жүйесін құруға маңызды қадам болады.

Бұл заң еліміздің тарихын, бірегейлігін және рухани құндылықтарын болашақ ұрпақтар үшін сақтауға, сондай-ақ ұлттық мұраға деген құрмет пен сананы нығайтуға ықпал етеді.

Материалдық емес мәдени мұраны сақтау – бұл тек өткенді қорғау ғана емес, сонымен бірге тұрақты қоғамды дамытуға, рухани құндылықтарды нығайтуға және Қазақстанның ұлттық мәдениетінің гүлденуіне жағдай жасауға арналған болашаққа құйылатын инвестиция.

 Жаңа заң қабылданса, қандай шаралар міндетті түрде қарастырылуы тиіс

Қазақстан Республикасында материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен дамытуға бағытталған заң қабылданса, оның тиімділігін қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды аспектілерді міндетті түрде ескеру қажет. Заң  аясында еліміздің тарихи-мәдени мұраларын тек сақтау ғана емес, оны жандандыру, ұрпақтан-ұрпаққа берілуін қамтамасыз ету және халықаралық деңгейде дәріптеу міндеттерін де шешуі керек.

Заңның тиімді жүзеге асырылуы үшін қандай нақты шаралар қажет

Жаңа заңның басты мақсаты – ұлттық бірегейлікті нығайту және материалдық емес мәдени мұраны сақтау арқылы Қазақстан халқының мәдениетін байыту. Бұл мақсатқа жету үшін келесі негізгі бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдануы тиіс:

  • материалдық емес мәдени мұра элементтерін толық түгендеп, оларды заңды түрде қорғауға алу;
  • Қазақстан азаматтарының ұлттық мәдениетке еркін және тең қол жеткізуін қамтамасыз ету;
  • мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы серіктестікті күшейтіп, мәдени мұраны қолдау шараларын жүйелендіру;
  • қаржылық қолдау механизмдерін айқындап, мәдени мұра тасымалдаушыларына материалдық және моральдық қолдау көрсету;
  • қоғамдық сананы материалдық емес мәдени мұраны қорғаудың маңыздылығына бағыттау;
  • мәдени мұраны насихаттауға арналған инновациялық бағдарламалар мен цифрлық жобаларды әзірлеу.

Заң қабылданған жағдайда оны жүзеге асырудың мынадай нақты тетіктері айқындалуы тиіс:

  • ұлттық тізбені заңнамалық тұрғыда бекітуҚазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының элементтерін мемлекеттік тізімге енгізіп, олардың сақталуын қамтамасыз ету;
  • сертификатталған мұрагерлерді қолдаумәдени мұраның тікелей тасымалдаушыларына мемлекеттік гранттар мен қаржылай көмекті ұйымдастыру;
  • ғылыми зерттеулерді институционалды негізге қоюұлттық мәдени мұраны зерттеуге арналған мемлекеттік бағдарламалар енгізу;
  • мемлекеттік және жергілікті деңгейдегі бақылауды күшейтумәдени мұраны сақтау жөніндегі жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік мекемелердің жауапкершілігін арттыру;
  • халықаралық ынтымақтастықты нығайтуҚазақстанның мәдени мұрасын ЮНЕСКО-ның Репрезентативтік тізіміне енгізу және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеу;
  • материалдық емес мәдени мұраны тіркеу және сақтау жүйесін енгізу;
  • Заңды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату керек.

Сонымен қатар, материалдық емес мәдени мұраны жүйелі түрде насихаттау үшін бірыңғай цифрлық ақпараттық дерекқор құрылуы тиіс. Бұл жүйеде материалдық емес мәдени мұра элементтері мен олардың мұрагерлері туралы толық мәліметтер сақталуы қажет.

Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы заң қабылданған жағдайда ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды жүйелі түрде қорғауға, жандандыруға және халықаралық деңгейде танытуға міндетті түрде мүмкіндік беруі тиіс. Бұл заң тек қағаз жүзінде емес, нақты тетіктермен жұмыс істейтін, рухани мәдени мұраны сақтаудың тиімді құралына айналуы қажет.

Заңды қабылдау мемлекеттік органдардың, ғылыми мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту мәселелерінде шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Экономикалық және әлеуметтік әсері

Мәдени туризмді, қолөнерді және дәстүрлі кәсіпті дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға, әсіресе ауылдық аймақтарда, ықпал етеді. Бүкіл әлемнің туристері бірегей салт-дәстүрлерді көруге, дәстүрлі қолөнер бұйымдарын сатып алуға және Қазақстан халықтарының мәдени әдет-ғұрыптарымен танысуға келеді. Бұл жергілікті қауымдастықтар мен қолөнершілер үшін қосымша табыс көздерін жасайды.

Сонымен қатар, кілем тоқу, зергерлік өнер, ұлттық киім және басқа да қолөнер сияқты халықтық кәсіпшіліктерді мемлекеттік қолдау дәстүрлі өнердің бірегей формаларын сақтауға көмектеседі. Бұл сондай-ақ елдің экспорттық әлеуетін қалыптастырудың маңызды факторы болады, өйткені қолдан жасалған бұйымдар халықаралық нарықтарда жоғары сұранысқа ие болуы мүмкін.

Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, заң ұлттық бірегейлікті және әлеуметтік бірлікті нығайтуға ықпал етеді. Азаматтардың материалдық емес мәдени мұраны қорғауға қатысуы дәстүрлерді сақтап қана қоймай, жергілікті қауымдастықтардың, жастар мен ғылыми ұйымдардың белсенді қатысуына жағдай жасайды. Бұл сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, жастарға өз тамырлары мен дәстүрлерінің құндылығын түсінуге көмектеседі.

Нұржан Сәулен

Парламентаризм институтының сарапшысы