Қоғам • 20 Ақпан, 2025

«Ауыл» партиясы түрлі этнос жастарының басын қосты

241 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

19 ақпанда Астанадағы «Достық үйінде» меймандос пейілді  этнос өкілдері бас қосты. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылған «Ел жастарының бірлігі - береке бастауы» атты ашық сұхбатқа 60-тан астам жас қатысты, деп жазады Egemen.kz.

«Ауыл» партиясы түрлі этнос жастарының басын қосты

Фото: «Ауыл» партиясының баспасөз қызметі

Белсенді өрендердің жиынына «Ауыл» партиясы ұйытқы болды. Еліміздегі өзге этнос жастарының саяси бастамаларға оң көзқарасын қалыптастыруды меже тұтқан жиынға партия төрағасы, Мәжіліс депутаты С.Егізбаев, фракция депутаты Н.Арюстин қатысты. Жастармен емен-жарқын әңгіме өрбіткен С. Егізбаев бабадан аманат болып жеткен ырысты ынтымақ жолын жалғай түсуге үндеді. 

«Қазір Қазақстанның байлығы ретінде көбіне жер астындағы пайдалы қазбаларымыз айтылып жүр. Бірақ біздің басты байлығымыз - жер астында емес, жер бетінде. Ол - халқымыздың бірлігі. Ата-бабаларымыз, аға буын өкілдері баға жетпес осы байлықты сіз бен бізге мұра қылып қалдырды. Оны сақтап, әрі қарай еселеп, елге үлгі ету сіздердің, яғни бүгінгі жастардың ең асыл мұраты болуы керек», деді «Ауыл» партиясының төрағасы. 

Бірлік туын бекемдеп, биікке көтеруге бейілді жастар қоғамдағы келелі мәселерге алаңдаушылық білдірді. Мәселен осы жиынға Қарағандыдан арнайы жеткен болашақ журналист Девивые Альбина ғаламтордағы қазақша контент үлес-салмағының аздығын айтып, бұл өз кезегінде балдырғандар тілінің шұбарлануына соқтыратынын тілге тиек етті. 

«Әйгілі Мәди ақын «атыңнан айналайын, Қарқаралы» деп жырлаған өлкедегі Қаракөл ауылында туып, өстім. Бойымызда неміс, татар, орыс ұлттарының қаны бар. Дархан көңілді қазағымның ортасында бойжеткен соң тілім қазақ тілінде шықты, қазақ мектебінде білім алдым. Қазір де Е. Бөкетов атындағы университетте қазақ тобында білім аламын. Орыс тілін Қарағандыға келіп үйрендім. Мені әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат пен қазақ тіліндегі контенттің аздығы толғандырады», деген Альбина «Ауыл» партиясына ұлттық құндылыққа суарылған жаңалықтарды көбейту жолын қарастырып, өтініш - тілегін Мәжіліс мінберінен көтеруді сұрады. 

Өз кезегінде партия мүшелері аға буын мен жастардың талап-тілегі бір арнада тоғысып жатқанына тоқталып, бұл бағытта қазірдің өзінде атқарылып жатқан шараларды тармақтады әрі алдағы уақытта да бұл іс жалғасатынын жеткізді. 

Жиында «Ауыл» партиясы қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің директоры, этникалық саясат бойынша зерттеуші Ж. Каринбаев терең тарихты этносаралық қатынас туралы баяндама жасады. 

Ашық сұхбат барысында жастар көкейіндегі сауалдарын ортаға салып, партия мүшелері тарапынан тұщымды жауап алды. 

Шара соңында «Ауыл» сапынан көрінуге сұраныс білдірген 10 жасқа партиялық билет табысталды.