
Фото: Үкімет
Тараптар саладағы өзекті мәселелерді сарапқа салды. Бизнес өкілдері жеке инвестицияларды енгізудегі және саладағы жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы әкімшілік кедергілерді мәлімдеді. Еліміздегі бизнес-ахуалды жақсарту үшін реттеуші нормаларды жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтты.
«Конкурент-Б» ЖШС бас директоры Бақытбек Қадыров теміржол саласына жеке инвестицияларды тартып, экономикалық өсу әлеуеті бар өңірлерде жаңа жолдар салуды ұсынды.
Премьер-министр теміржол құрылысына жеке инвестицияларға қатысты бастаманы қолдап, Көлік министрлігіне биылғы 1 наурызға дейін инвестицияларды қайтару тетігі бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
«Сары-Арқа» халықаралық әуежайы» АҚ бас директоры Ерлан Оспанов шағын авиация инфрақұрылымы үшін әуе хабтарын дамыту туралы бастама көтерді. Әуежайларды жүйелі дамыту, олардың экономикалық тұрақтылығын арттыратынына баса назар аударылды.
Премьер-министр бастамаларға қолдау білдіріп, әуежайлардың жұмысы үшін бәсекеге қабілетті жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Аталған мәселеге қатысты егжей-тегжейлі пысықтау және шешім қабылдау үшін қосымша кездесулер өткізіледі.
Осы кездесу қорытындысы бойынша Олжас Бектенов көлік инфрақұрылымын дамыту мемлекет пен бизнестің белсенді өзара іс-қимылын қажет ететінін баса айтты. Мемлекеттік бюджет саланың барлық қажеттілігін өтей алмайтынын, жеке инвестициялар тартуға басымдық берілетінін атап өтті.