
РЕДАКЦИЯДАН: 2025 жылы 22 ақпанда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ бас ғимаратында «Ғылым әдіснамасы: талқы және таным» атты ғылыми-теориялық конференция өтеді. Шара тарихи және бүгінгі тұлғатану, әдебиеттану, мәдениеттану мәселесіне арналады.
Интуитивтілік
Кемеңгерге тән осы аса маңызды қасиет оның көптеген сипатына жол ашады. Айталық, кемеңгердің қиял шексіздігі, еркіндігі, сезімпаздығы интуитивтіліктен өріс алады. Интуитивтілік – жалпы барлық дарындарға ортақ қасиет. Ал дарындылардан кемеңгердің айырмашылығы жоғарыда келтірілген басқа да қасиеттермен тығыз сабақтастығы мен бірлестігінде, сезіну мен қорыту қабілетінің күштілігінде. Мұнда интуиция ақылға ықпал етеді. И.Кант «Таза ақылдың сыны» еңбегінде адамның интуиция арқылы сезіну және рационалды қорыту үдерісі жөнінде: «Адамның кез келген білімі интуициядан басталады да, ұғымдарға жалғасып және идеялармен аяқталады» дейді. Абай :
Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар –
деп тұжырымдап сезіну жүзіндегі сөздің қуатын, демек ойдың да әсерін айрықша бағалаған.Осыған ұқсас мысалдар өлеңдері мен қарасөздерінде баршылық.
Шығармашылық адамға интуитивтілік ең алдымен тіпті күрделі мәселелер жөнінде дәл шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Құбылыстың жалпы һәм нақты болмысы мен бітімін дәл түсінеді, бейнелейді. Жалпылық құбылыстың себебі мен салдарын толық қамтуға мүмкіндік береді. Ал нақтылық кемеңгерге құбылыстың детальдарын аса дұрыс тану мен бағалауға бастайды. Абай өлеңдерінен кеңдік пен дәлдіктің тұтасқан тұстарын көптеп аңғарамыз. Табиғи интуиция интеллектісі жоғары кемеңгердің ойларын терең беру және құбылыстарды дұрыс бейнелеу бейімін қалыптастырады да, олар аз сөзге көп мағына сыйдырады.
Иррационалдық
Кемеңгер тұлға қоғамдық қатынастардағы өзгерістерді дер шағында сезеді, біледі және соған бірден шығармашылық реакция білдіреді. Олардың бұл қабілеті интуициядан және иррационалды танымнан өрістейтін ерекшелік. Ол бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі құндылықтардың дағдарысқа түсіп жатқанын аңғарып, ендігі уақытта барлығы жаңаша болуы қажеттілігін сезінеді. Кемеңгердің эволюцияның логикасын сезіну арқылы білуі оған жаңа идеяларды ұсынуға барынша мүмкіндік жасайды. Осындай интуитивті сезіну мен білудің астарында иррационалды таным жатады.
Абай қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен тұрмысынан туындаған құндылықтардың ескіре бастағанын осындай иррационалды таным арқылы сезінді. Сөйтіп, жаңа мазмұндағы құндылықтарды ұсынды. Оның бұл идеясы ең алдымен Ислам дінінің қағидаттарынан, жалпы адамзаттық гуманистік құндылықтардан бастап өркен жайды. Кемеңгердің қазақ тарихындағы осынау бастамасын иррационалды таным арқылы ғана түсіндіре аламыз. Оны білім арқылы немесе ақындығы арқылы түсіндіруге дәлел аз.
Әмбебаптық
Кемеңгердің әмбебаптығы дәуірлік және ғаламдық миссиясын да айқындайды. Бұл арада дәл әмбебаптық қасиет бұрынғыны тануға, бүгінгіні бағалауға және болашақты болжауға мүмкіндік береді. Әмбебаптықпен қоса жаңашылдығы, еркіндігі, гуманизмі тағы да басқа қасиеттері оны барлық дәуірлердің ортақ тұлғасы етеді. Кемеңгер идеяларының жоғарыда айтылған ерекшеліктері оның идеяларының қашанда өзектілігін тұғырлайды. Осы арада біз кемеңгерлер жөнінде, айталық, Абай болсын, Шекспир болсын, Толстой болсын «олар барлығын да күні бұрын айтып қойған, заманынан озық туған» деп жатамыз. Расында солай ма, ойлану қажет. Жаратқан иеміз әрбір пендесін өзінің уақытында туғызады. Мәселе, иррационалды, интуитивті таным және әмбебаптықта болса керек.
Кемеңгерге тән әмбебаптықтың ең негізгі мәні жаратылысты, қоғамды, адамды айрықша көруінде һәм бағалауында. Осы арқылы адамзат баласы жаңа ұғымдар мен бағаларға ие болады. Нәтижесінде, ғалам мен адамды алуан бояуымен тануға мол мүмкіндіктер жасалады. Көркемөнердегі, ғылымдағы жаңалықтардың барлығы да осындай үдерістің нәтижесі. Егер қабілеті ерекше адамдар дүние дидарына жаңаша қарамаса, әлемнің өзі де дамымас еді. Кемеңгерлер адамзат прогресінің ең негізгі қозғаушы күші. Мұндай тұлғалардың қиялы бай, ойы барынша батыл болады да, ірі идеялық бастамаларға баруға, оларды іске асырудың жаңаша тәсілдерін қалыптастыруға мол мүмкіндік ашады. Қиял шексіздігі мен ой еркіндігі заттар мен құбылыстарды жаңаша қырынан танытады десек, оның негізінде әмбебаптыққа бейім үлкен психофизиологиялық себеп жатыр. Ол қасиет кемеңгердің табиғатына салынған. Н.А.Бердяев: «Кемеңгерлік заттарды әмбебап түрінде қабылдайды, ол болмысқа әмбебаптықпен ұмтылады. Кемеңгерліктің өзі адамның тұтас рухының айрықша кернеуі», деп жазады.
Жаратушы кемеңгерге ерекше қабылдау сезімі мен танымын сыйлаған. Бұл сезім мен таным түпсанадан өрістеп, оны интуициясы жоғары адам етеді. Дәл осы ерекшелік кемеңгер тұлғаға тән негізгі қасиеттерді тудырады және қалыптастырады. Бұл арада кемеңгердің интуитивті танымы әрқашан болмыстың ақиқатын танушы және оны іздеуші екенін қоса кеткеніміз жөн. Себебі көркемөнерде болсын, ғылымда болсын барлық кемеңгерлердің танығаны және ұмтылғаны ақиқат. Өйткені Жаратушы Алла адамға өмірдің ақиқатын тануға және ақиқатпен өмір сүруге нығмет берген. Алланың өзі де ақиқат және ол жаратқан дүние де ақиқат. Абай осыны айрықша түсінген деуге әбден болады. Оған дәлел көптеген өлеңдері мен мысалдары. Осылардың ішінде ең ерекшесі, әрине «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас
– дейді кемеңгер ақын. Дүние ақиқатын тану Абайға үшін жай ғана мақсат емес, ең алдымен ақиқатқа деген зор құштарлық. Ақиқатқа махаббат болмайынша, оны тануға да болмас. «Адамның білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықпенен табылады», – депті «Кітап тасдиғында».
Тосындық
Кемеңгердің басқалардан, оның ішінде дарындылардан жалпы ойлану үдерісі, тәсілі, әдеті басқаша, сол себепті оның идеялары өзіне дейінгі және өз дәуіріндегі идеялардан айрықша болады. Біріншіден, кең, жалпы ойлайды да аса ірі адамзаттық мәселелерді көтереді. Екіншіден, зор дарыны иррационалды ойлаумен тікелей байланысты болып, мұнда интуитивті түйсік алдыға шығады да сезіну рефлексі ақылмен қорытуға ұласады. Сөйтіп кемеңгер тұлға жаратылысты, қоғамды, адамды бағамдауда олардың әрқайсысының түпкі мәні мен болмысын жіті таниды. Танымның күрделі кеңістігінде өзін еркін сезініп және ойы толық мүмкіндікке ие болып үлкен және тың тұжырымдар жасай алады. Еркіндік оған бұрын басқалар елемеген немесе түсінбеген мәселелердің жауабын табуға жол ашады. Ол әмбебаптығымен және жаңашылдығымен тікелей байланысты. Жалпы, кемеңгер тұлғаға тән қасиеттер бірінен-бірі өрістей келе, оның адами һәм шығармашылық келбетін қалыптастырады. Үшіншіден, өз дәуірінің таным шеңберінен шығып, жаңа таным кеңістігіне барады және өзгелерді де соған бастайды. Нәтижесінде, жаңа мәндер мен құндылықтардың идеялық қатары мен иерархиясын қалыптастырады, жаңа дәстүр түзді.
Жоғарыда аталған үш ерекшелік, яғни болмысқа тұтастай қарап кең ойлауы, интуитивті сезінуі және жаңаша таным тұжырымдарының тосындығын қалыптастырады. Олар әрі гносеологиялық, әрі аксиологиялық сипатқа ие. Алғашқысы – ойшыл ретіндегі кемеңгерлігін қалыптастырса, келесісі – бейнелеген құбылыстардың мәні мен маңызын, иерархиясын аңғартады. Жалпы, осы ерекшеліктер интеллектуалды қабілет болуымен бірге айрықша тұлғаларға тән психофизиологиялық та қасиет екенін айтуға тиіспіз.
Тосындық, қазіргі терминге жуықтастырып айтсақ, креативтілік дәуірдің белгілі бір танымдық шектерінен шығып, жаңа көзқарастар кеңістігіне бастайды. Әрбір қоғам өзінің стереотиптерімен өмір сүреді. Абай заманында да солай болған. Ойшыл ақынның көптеген өлеңдерінде және қарасөздерінде осындай қалыптасқан стереотиптерге қарсылық күшті.
Абай поэзиясындағы тосын құбылыстардың ең үлкені біздің ойымызша, өзінің алдындағы әдебиеттің үш аса ірі өкілін сынауы.
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау.
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау! –
деген шумақ М.Әуезовтен бастап, қазірге дейін көптеген зерттеушілердің назарын аударды. Себебі әдебиет тарихында зор орны бар Бұқар жырау, Дулат пен Шортанбайды Абайдың сынауы бір қарағанда тосын екендігі рас. Осы шумақ төңірегіне қалам тартқандардың қай-қайсысы да Абайды ақтауға және үшеуін де мақтауға тырысып бақты. Қалай десек те, айтылар сөз айтылды. Бұл арада шумақты кемеңгердің тосындығын көрсету үшін келтірдік. Алайда мұндай тосындықтың негізінде әдеби эволюцияның логикасы бар. Ол мейлінше толымды қарастыруды қажет ететін мәселе.
Абайдағы әрі тосын, әрі күрделі өлеңдердің бірі – «Көк тұман – алдыңдағы келер заман...» деп басталатын шығармасы.
Көк тұман – алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.
Ол күндер – өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына із қалдырмас.
Соның бірі – арнаулы таусыншақ күн,
Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.
Осы бастапқы екі шумақтың идеясына қарасақ, оны үлкен тарихи сілкіністер алдындағы поэтикалық сезіну ретінде бағалауға болады. Себебі, Абай да өзгерістер қарсаңындағы тұлға. Мұндай ақындық көңіл-күй Батыс Еуропа әдебиетінде ХІХ ғасырдың соңында, орыс әдебиетінде ХХ ғасырдың басында болғанын білеміз. Декаденттік әдебиет қоғамдық сананың дағдарысын және соған кейіген көңіл-күйін білдіреді. Дәл осы өлеңді Ахмет Байтұрсынұлы да «түсінуге қиын» өлеңдерінің қатарына жатқызған. Жалпы шығармашылық иелеріндегі тосындық жаңашылдықтың қайнары.
Бастапқыда көпшілікке тосын болған идеялардың бірқатары тәжірибеге еніп, қоғамға жайылып бірте-бірте қалыпты ойларға айналады, тіпті арнаулы дәстүрге ұласуы да әбден мүмкін. Сондай-ақ Абай сынды кемеңгердің жалпы мұратын, шығармашылық идеяларын түсіну үшін «ой көзімен» оқысаңыз, өзара іштей сабақтасқан ұғымдардың мызғымас қисыны мен жүйесін табасыз.
Абайға тән көптеген тосын идеялар әлі күнге дейін зерттелмегенін айтуға тиіспіз. Әлбетте ол идеялар жөнінде ғасырға жуық уақытта әртүрлі пікірлер қабаты қалыптасты. Бірақ тап басып таныдық деу қиын. Бұл тосын ойларды толық түсіну үшін қазақ ғылымының әдіснамасы жеткіліксіз де шығар. Бәлкім, кемеңгер тұлғаның осындай терең ойлары жөнінде алуан пікірлердің бола беретіні де қалыпты жағдай. Мұны көпқырлы кемеңгерлерге тән ерекшелік десе де болар.
Көсемдік
Кемеңгерлердің баршасы да ірі көсемдер. Асылы, кемеңгерлік пен көсемдік бірге жүрмек. А.Байтұрсынұлы: «Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған», дейді. Жаратушы иеміз кемеңгердің көсемдік миссияны орындауына айрықша қабілет берген. Сондықтан ол ерекше түйсік, ұшқыр сезім, айрықша интуицияға ие. Осындай ерекшеліктері жүрегімен қабылдау, сезіну реакциясының, рефлексиясының және аналитикалық ойының күштілігімен тікелей байланысты. Кемеңгер осындай айрықша тұлға болғандықтан, идеялары барлық дәуір үшін бағалы һәм маңызды.
Абайдың кемеңгерлігін дәлелдейтін ілгеріде айтылғандарға қоса гуманизмі мен жаңашылдығын айрықша атаймыз. Зерттеушілер тарапынан ол жөнінде айтылғандықтан, жалпы пікірімізді ғана білдірмекпіз.
Ойшыл суреткердің аса ірі гуманист тұлға екендігі әбден мойындалған. Зерттеушілердің барлығы да бірауыздан аса ірі адамгершілік мұраттардың иесі екендігін растайды.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл
және
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?
– дейді «ыстық жүрек» пен «нұрлы ақылдың» иесі. Орасан гуманизмі осы шумақтарға сыйып тұр.
Бұларға қоса көпшілікке белгілі Абайдың әдеби мектеп қалыптастырып, ұлт әдебиетінің жаңа дәуірін бастағанын, үлкен жаңашылдығын айтамыз.
Туабітті зор дарынның жаратылыс құбылыстарын интуитивті сезінуі, иррационалды қабылдауы, сарапшыл ой, адамгершіл мұраттар биігіндегі парасат, туған халқына зор махаббат Алашқа тарих пен тағдыр өткелінде кемеңгер сыйлады. Алланың алқауымен ой тұнған, қасиет сіңген сөзімен ақындық пен хакімдігі жалғасып, жарасып, қазақ баласына баянды бағыт нұсқады.
Кемеңгерлер – адамзат үшін аса ірі миссияны орындаушы таңдаулы тұлғалар. Алаштың Абайы да осындай феномендік құбылыс.
Ербол Тілешов,
Ғылым және жоғары білім министрлігі
Тіл саясаты комитетінің төрағасы