Халықтың тұрмысын жақсартуға деген ұмтылыстан 1998 жылғы қаңтарда еліміздегі зейнетақы жүйесіне өзгеріс енгізіліп, бұрынғы ынтымақты зейнетақы жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу жүзеге асырылды.
Үкіметтің қаулысымен құрылған Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық (ЗТМО) қазіргі таңда ынтымақты, жинақтаушы зейнетақы жүйелері мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде халықты әлеуметтік қорғауды жүзеге асыратын маңызды құрылымдардың бірі болып табылады.
14 облыста және Алматы мен Астана қалалық филиалдарынан, аудандық және қалалық бөлімшелерден тұратын жергілікті желісі бар кәсіпорын жүйесінде бүгінгі таңда 3,5 мың білікті маман еңбек етіп, күн сайын 15 мыңға жуық әлеуметтік сала аясындағы әртүрлі мәселелер бойынша азаматтарды қабылдайды. Біздің кәсіпорынның қызметін сипаттайтын жалпы үрдістері жұмыс көлемінің, әлеуметтік төлемдердің, қаржы ағындары мен халыққа көрсететін қызмет түрлерінің тұрақты өсуін жатқызуға болады. ЗТМО арқылы өткізілетін төлемдердің негізгі санаттары бойынша қаржы ағындарының динамикасы 1998 жылмен салыстырғанда 32,4 есеге өсті және 2014 жылы 2,4 трлн. теңгеден астам соманы құрады.
Бастапқы кезеңде міндетті зейнетақы жарналары бойынша келіп түсетін ақша қаражаттарын дербестендірілген есепке алу және олардың төлемін жүзеге асыру үшін әлеуметтік жеке код (ӘЖК) қолданылды, салымшыға ӘЖК беру үшін оның ЗТМО бөлімшесіне жүгінуі қажет болатын. Ал 2013 жылдың қаңтарынан бастап жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) негізінде жеке тұлғаларды бірыңғай есепке алу жүйесі енгізілді.
Өткен жылдардағы кәсіпорынның басты жетістіктерінің бірі зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың орталықтандырылған дерекқорын жасау болып табылады, дерекқорды пайдалану республикамыздағы бірегей жүйені құруға және жұмысты жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Орталықтандырылған дерекқор бюджеттен қаражат түскен күні әлеуметтік төлемді қамтамасыз етуге, алушының қалауы бойынша еліміздің кез келген банк мекемелері арқылы зейнетақы мен жәрдемақының 41 түрін төлеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда, осындай екінші деңгейдегі банктердің қатарында 20 банк бар.
Кәсіпорында әлеуметтік төлем алушылардың электронды мұрағаты қалыптастырылып, электронды тағайындау жүйесі енгізілген. Ағымдағы жылы әлеуметтік төлем алушылардың шамамен 97 пайызы (бұл 5,8 млн. іс-қағазына жуық) төлем мөлшерін қайта есептеу және индекстеу электронды-цифрлы қол қоюды пайдалану арқылы электронды түрде жүргізілді. Автоматтандырудың мұндай деңгейіне қол жеткізу «Е-макет» электронды тағайындау жүйесін енгізудің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Төлемдерді электронды тағайындау қағаз құжат айналымын азайтуды, тағайындау үдерісін тездетуді, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау және төлеу кезінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруды қамтамасыз ететін қолданыстағы тиімді технология.
2007 жылдан бастап Үкіметпен мемлекеттік қызмет тізілімін қалыптастыру, оларды ұсыну рәсімін оңтайландыру, «Электронды үкіметті» енгізу, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіруден тұратын шаралар кешені іске асырылды. Бүгінгі күні «Электронды үкімет» порталы арқылы электронды мемлекеттік қызметтің 12 түрі көрсетіледі.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы электронды қызмет көрсету жүйесін одан әрі дамыту барысында 2012 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерді қашықтықтан электронды тағайындау жүйесін енгізуге ықпалын тигізді.
2006 жылдың шілдесінен бастап ЗТМО базасында Бірыңғай есеп орталығы құрылды, бұл қадамның игілікті әсері көп болғанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, міндетті зейнетақы жарналарын аудару процедурасы жеңілдетілді әрі оңтайландырылды, салымшылардың төлемдер қозғалысын ретке келтіріп, құпиясын қамтамасыз етті, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешегін азайтты, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің субъектілерін қадағалаудың тиімділігін арттырды, қызметкерлерге жинақтаушы зейнетақы қорын ерікті түрде таңдауына жұмыс берушілердің әкімшілік ықпал ету мүмкіндігін азайтты. Нәтижесінде, міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу, сондай-ақ, жұмыс берушіден келіп түскен қаражатты жинақтаушы зейнетақы қорларына мақсатты түрде есепке қосу тәртіпке келтірілді.
2013 жылғы шілде айында «МЖЗҚ» АҚ базасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылуына байланысты 9 жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері мен міндеттемелерін ЗТМО арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беру жүзеге асырылды. Ал кәсіпорын 2014 жылдың қаңтарынан бастап, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес енгізілген міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есепке алуды жүргізуде. Сонымен қатар, ЗТМО қоныс аударған немесе қайтыс болған салымшылар туралы ақпаратты, сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы жинақтарының заңды түрде төленуін қамтамасыз ету және алаяқтық әрекеттерге жол бермеу мақсатында зейнетақы жинақтарының төлеміне құқығы бар салымшылар бойынша мәліметтерді күн сайын БЖЗҚ-ға жолдайды.
ЗТМО бағдарламалық-ақпараттық платформасы еліміздің әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі қызметінің атқарушысы, біртұтас қаржылық-есеп және технологиялық бөлігіне ақпараттық қолдау жасауды қамтамасыз ететін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ең басты институты болып табылады.
Біздің автоматтандырылған ақпараттық жүйеміз 2002 жылдан бастап зейнетақы жарналарының, әлеуметтік аударымдардың орталықтандырылған және дербестендірілген есебін, республикалық бюджет, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражаты есебінен әлеуметтік төлем түрлерін жүзеге асыруды, барлық жинақталған деректерді талдап қорытуды, өз құзыреті шегінде толық және дәйекті ақпарат алуды және беруді нақты уақыт режімінде қамтамасыз ететін республикамыздағы алғашқы мемлекеттік ақпараттық жүйе болып отыр. Және ЗТМО автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жақын шетелдердің ішінде тұңғыш рет біздің елімізде қолға алынып, енді-енді ғана қазақстандық тәжірибені ТМД елдері өз кәделеріне жаратуға кірісті.
Елімізде әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің құрылуы алдағы уақытта мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға, ұсынылатын әлеуметтік қызмет сапасының деңгейін жақсартуға, талдамалы деректерді пайдалануды оңтайландыруға, «Е-Үкімет» жүйесі шеңберінде тиімді ықпалдасуды және жұмыс істеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, 2011 жылдан бастап халыққа ақпараттық қызмет көрсетуді жақсартуда ЗТМО базасында азаматтарға телефон, СМС-хабарлама, электронды пошта және WEB портал арқылы қызмет көрсететін ақпараттық-анықтамалық байланыс орталығы жұмыс істей бастады.
Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді жаңғырту мақсатында 2015 жылғы 12 наурызда ХҚО, ЗТМО және «Қазпошта» АҚ арасында үш жақты меморандумға қол қойылды, оған сәйкес шалғай елді мекендердің тұрғындарына мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық қызметкерлері мен «Қазпошта» АҚ мамандарынан мобильдік топтар құрылды. Мобильдік топтар 16 наурыздан бастап шалғай елді мекендерге баруды бастады. Есепті кезеңде мобильдік топтардың қабылдауына зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау және консультация алу мәселелері бойынша шалғай елді мекендердің 6 160 азаматы жүгінді. Сонымен қатар, біз мүгедектер үшін орталықтандырылған өнеркәсіптік банкті пайдалануға енгіздік, бұл халықтың осы санатын есепке алуды жүйелендіру, мүмкіндігі шектеулі әр адамның мұқтаждығы туралы толық ақпарат алу, мүгедектерді оңалту бағдарламаларын іске асыруға қажетті бюджеттік қаражатты дұрыс жоспарлауға мүмкіндік берді.
Біржан ЖҮНІСОВ,
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың
бас директоры.