19 Маусым, 2015

Тұрғын үй құрылысы қарқын алуда

335 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
19-06-2015-Aktobe 01Ақтөбе қаласы жыл өткен сайын көркейіп, кө­ріктеніп келеді. Қала қанатын кеңге жайып, жаңа шағын аудандар бой көтеруде. Шаһардың шағын аудандарына үш-төрт ай атбасын тіремесең ірі құрылыстар алдыңнан шыға келеді десек артық айтқандық болмас. Бұған мемлекеттік қолдаулар да серпін беруде. Үстіміздегі жылы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында, «Заречный-3», Кірпішті, Қарғалы елді мекендерінде «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұр­ғын үйлер мен білім беру нысандарының құрылысын салу көзделуде. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 3 979,3 миллион теңге бөлінген. – Ұлттық қордан бөлінген 1 150 миллион теңгеге 3 жаңа білім беру нысаны салынады. «Заречный-3» елді мекенінде 600 орындық жә­не Кірпішті ауылында 320 орындық мектептің, сондай-ақ, Қарғалы елді мекенінде 320 орындық балабақшаның құрылысы басталады. Қазіргі таңда «Заречный-3», Кірпішті, Қарғалы елді мекендерінде салынатын жаңа білім беру нысандарының құрылысына қатысты құжаттар дайындалып, құрылыс-құрастыру жұмыстарына дайындық жасалуда. Ал «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы 1200 орындық орта мектеп пен 320 орындық балабақшаның құрылысы жалғасуда. Жыл аяғына дейін екі нысан да пайдалануға беріледі, – дейді Ақтөбе қаласы әкімінің кеңесшісі Геннадий Дудаков. Сондай-ақ, аталған бағдар­лама аясында Ұлттық қордан бөлінетін 2 500,0 миллион теңгеге «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 3 несиелік тұрғын үйдің құрылысы басталады деп күтілуде. Бұл үйлердің құрылысын мердігер ұйым – «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС жүргізеді. Серіктестік директоры Арнұр Ақмәди «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы №20 үйдің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатынын айтады. Қазірдің өзінде бұл үйдің ішкі жұмыстарының 60 пайызы атқарылған көрінеді. Жылу жүйесі, газ, су құбырлары орнатылып, едендерін төсеу жұмыстары жасалынып жатыр. Құрылысқа негізінен жергілікті материалдар ғана қолданылуда. Мұнда 560 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ «Нұр Ақтөбе» шағын ауда­нында несиелік бағыт бойынша 3 көпқабатты тұр­ғын үй салу қаралған. Бұл үйлер «Тұрғынүйқұ­ры­лысжинақбанкі» акционерлік қоғамы арқылы пайдалануға берілген кезде 540 отбасы баспаналы болмақ. Сондай-ақ, осы шағын ауданда Ұлттық қордан бөлінетін 2500,0 миллион теңгеге салынатын 3 несиелік тұрғын үй «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында 234 жас отбасыға және 207 жергілікті атқару органдарының кезекте тұрған азаматтарына жалға беріледі. Яғни биыл және келер жылы 981 ақтөбелік баспаналы болады деп күтілуде. Ал жеке тұрғын үй салу да жалғасын табуда. Бір сөзбен айтқанда, өңірде тұрғын үй құрылысы қыза түскен деуге әбден болады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.