
Аудан жел үп етсе, жарық «жалп» етіп сөнетін кезеңге тап болғандай. 2023 жылы да Қошқарбай ауылындағы әбден ескірген трансформатор өртеніп кетіп, Қошқарбай, Ақсу, Шопа, Қызылқой, Аққияқ, Талды, Берекетті, Жаңажұрт, Деріпсал ауылдары электр қуатынсыз қалған еді. Енді, міне, аудан жарықсыз, тоқпен жалғанған үй-жайлар жылусыз қалды.
Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің уәжіне қарағанда, бұл келеңсіз жағдайдың бірден бір себебі – «Шет Энерго» компаниясының «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» АҚ-ның талаптарын орындамауы. Айналып келгенде екі компанияның ерегісінен ел зардап көріп отыр. Аудан халқының төзімі әбден таусылған.
«Жарықсыз отырған жұрттың көңілі алаңдаулы. Халықты жарықсыз қалдырған «Шет Энерго» мекемесінің бүгіндегі электр желілерінің ескіргенін бұған дейін мен қаншама рет айтып, көтеріп жүрдім. Қазірде жел соқса болды, жарық сөніп, 4–5 күнге дейін қосылмайды. Оны жөндеп, қосуға бригадасы тағы келмейді. Тұрғындар тұтынған тоқ энергиясының ақшасын уақтылы төлеп отыр. «Шет Энерго» тұрғындардың жағдайына қарамай, немқұрайдылық танытуы салдарынан осындай жағдайға әкеліп соқты. Осыдан екі ай бұрын Үкімет мемлекет меншігіне аламыз деген еді. Аталған мекеменің мәселесі көп», дейді аудан тұрғыны Бейбіт Жұмабеков.
Шет ауданының 27 елді мекенінде жарық жоқ. Ел-жұрт кеңес үкіметі кезінен қалған ескі электр жабдығы әбден қажытты дейді.
«Ауданымыздың электр қуатының ырың-жырыңынан қорлық көріп, зардап шегіп келе жатқанына жиырма жыл болды десек, қателеспейміз. Кеңес үкіметінен қалған электр жүйелері мен жабдықтарын су тегінге алған монополистер пайданы бөлісе алмай үнемі соттасып келеді. «Шет Энерго» ЖШС мен «ЖезРЭК» АҚ
арасындағы келіспеушілігінің кесірінен қызыл шұнақ аязда Ақсу-Аюлының халқы, тағы да жарықсыз қалды. Бұларды тезге салатын заң, «қой» дейтін құқық қорғау қызметі жоқ па?» деген сұрақ туады», дейді аудан тұрғыны Ертай Жәнібеков.
Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, «Шет-Энерго» ЖШС-ның бірнеше жыл бойы электр жүйелеріне ауқымды жөндеу жүргізбеуінен жеке учаскелерде тоқ көзі апаттық жағдайда ажырап отыр. Осыған дейін тозығы жеткен электр желілерін жаңарту туралы меншік иесіне әкімдік тарапынан бірнеше мәрте ескерту беріліп келген.
«Бүгінгі таңда «Шет-Энерго» компаниясына қатысты жағдай әлі де күрделі болып отыр. Бірнеше жыл бойы компания электр желілерін жаңғыртуға инвестиция салмаған, бұл электр энергиясының жүйелі үзілуіне әкеліп соқты. Адамдар жиі жарықсыз ғана емес, сонымен қатар жылусыз да қалады. Тұрақты ескертулерге қарамастан, «Шет-Энерго» қызметінің сапасы түзелер емес. Осыған байланысты аудан әкімдігі жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болып отыр, бұл шаралар ауданда электр энергиясын қалпына келтіруге бағытталған. Тұрғындардан сабыр сақтап, біз жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанымызды түсінулерін сұраймын», дейді аудан әкімі Мұхит Мұхтаров.
«Шет Энерго» кәсіпорны болса өз тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын, жарықтың шектелуіне негізгі себепші өздері емес екенін алға тартады.
Электр желісі ақауын ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі үнемі мониторинг жүргізіп, журналға толтырып отырады. Ауданда жарық 2020 жылы – 65 рет, 2021 жылы – 80 рет, 2022 жылы – 81 мәрте, 2023 жылы 93 рет өшкен. Ал биыл қаңтарда Шет өңірінің (27 елді мекен) тұрғындары 5 күн электр қуатынсыз қалды.
Бұл мәселе Үкіметтің назарына жетті. Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысында компания мүлкін мемлекет пайдасына алу үшін сотқа берілетіні айтылған.
«Шет-Энерго» ЖШС Шет ауданының елді мекендерін электрмен қамтамасыз етеді. Ауыл тұрғындары электр қуатының негізсіз өшуіне жиі шағымданды. Мамандар қуаттың жетіспеушілігін, электр желілерінің жоғары тозуын, сапасыз жөндеу жұмыстарын, авариялық бригадалардың жетіспеушілігін атап өтті. Компания үнемі төтенше жағдайлардың болуына жол берді. Шет ауданы тұрғындарының өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеу үшін компанияның мүлкін мемлекет пайдасына реквизициялау мақсатында сотқа жүгіну туралы шешім қабылданды», деген ақпарат жарияланған еді Премьер-министр сайтында.
Қысқасы, Шет ауданы өркениеттен шет қалғанына өкпелі және шұғыл шешім қабылдаса деген елдің талап-тілегі бар. Жарығы өшкен ел үмітін өшірмей отыр, әзірге.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы