Аймақтар • 24 Ақпан, 2025

Ақтөбеде үздік экскурсия жүргізушісі анықталды

116 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Үздік экскурсия жүргізушісі» байқауы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтөбеде үздік экскурсия жүргізушісі анықталды

Оған облыстық және аудандық  музейлер мен  туристік қызмет көрсету салаларынан 15  маман  қатысты. Музей  ісінде    құнды жәдігерлер мен экспонаттар жинай білуден өзге,  көрнекілікке қойылған және қорда сақталған дүниелерді  келушілерге  сауатты да қызғылықты етіп таныстыра білу өте маңызды. Ерте  дәуірден жеткен экспонаттың  бойында өткен тарихтың  бояуы сіңген, сол дәуір адамдары қолының ізі қалған.  Мұны сырт адам көп байқай бермейді. Экскурсия жүргізушісі бойында   экспонатты ұғына білетін байқампаздық пен оны   келушілерге   сауатты түрде баяндай білетін  шеберлік қасиет ұштаса білсе, музей жұмысының бағы жанды деуге болады. Сондықтан осы  саланың мамандарынан музей қызметінің заманауи тәсілдерін меңгеру мен кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіру талап етіледі. Осы мақсатта өткізілген сайыс төрт кезеңнен тұрды: өзін  және жұмысын  жұрт алдында таныстыру, кәсіби жетістіктерін көрсететін портфолио дайындау, еңбек ететін мекемесінің  тарихынан үш минуттық көрініс  әзірлеу, өңірдегі  қандай да бір тарихи-мәдени ескерткіш бойынша театрландырылған  экскурсия жүргізу.    

Жеңімпаздарға бірнеше жүлде қоры белгіленді. Ең бірінші орынға – 300 мың теңге, бірінші орынға – 200 мың теңге,  екінші орынға  150 мың, үшінші орынға 100 мың теңге тағайындалды. Сондай-ақ, басқа да номинациялар бойынша 50 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлықтары белгіленді.       

Нәтижесінде  өңірдегі  үздік экскурсия жүргізуші атағын Кеңестер  одағының батыры Әлия Молдағұлованың  мемориалдық музейі қызметкері  иеленсе, бірінші орын Қарабұтақ ауылының музейіне, екінші орын «Ырғыз-Торғай» резерваты музейіне, үшінші орын Мұғалжар аудандық музейіне бұйырды.  Айта кету керек,  «Үздік экскурсия жүргізушісі»  байқауы  өңірде алғаш рет былтыр мектеп  оқушылары арасында ұйымдастырылған. Биылғы жылы сайыс  мәдениет мекемелері  мамандарының арасында өтті. Алдағы жылдары тың бастама жалғасын табады деген үміт бар.  Байқау  жүргізушілердің адал бәсекеде шыңдалып, кәсіби біліктілігінің артуына, ізденіс аясын кеңейтуіне жол ашады деген сенім бар.