Еуразиялық экономикалық одақ монополияға қарсы реттеу шараларын жүзеге асырмақ
Шығыс өңірінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері өкілдерінің қатысуымен «Еуразиялық экономикалық одақтағы монополияға қарсы реттеу» тақырыбында конференция өтті. Қазақстан, Ресей және Белоруссия елдерінің 180 делегаты қатысқан ауқымды шара барысында мемлекеттік және кәсіпкерлік құрылымдардың жетекшілері кәсіпорындар үшін трансшекаралық тауар нарығында бәсекелестік жағдайының тең болуын қамтамасыз ету, оның ішінде, жосықсыз бәсеке мен бәсекеге қарсы келісімдер, басымдық жағдайды пайдаланудың алдын алу сынды мәселелерді қарады. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің автоөнеркәсіп, байланыс, көлік, энергетика салаларындағы нарығына ерекше назар аударылып, сапаны көтеруді ынталандыру жайы сөз болды. Еуразиялық экономикалық комиссия ұйымдастырған ауқымды кездесудің Шығыс Қазақстан облысында өтуі бекер емес. Өйткені, облыс интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушыларының бірі болып саналады. Жиынды жүргізген өңір басшысы Даниал Ахметов Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын, Ресей мен Белоруссия басшылары қызу қолдағанын атап өтті.
– Экономикалық қауымдастық құру туралы алғаш сөз болғанда, аталған ұсынысқа таңырқағандар болды. Дегенмен, уақыт бұл қадамның дұрыс болғанын дәлелдеді. Елбасы сол кезде ХХІ ғасырға жоғары бәсекелестік тән екенін, одан ірі өңірлік құрылым құрып, бірлескен бағдарламалар қабылдау, бірыңғай сауда алаңын құру арқылы шығуға болатынын жеткізген-ді. Бұл одақ 175 млн. адамды, 20 млн. шаршы шақырымды және әлем шикізатының 15 пайызын біріктіреді. Бүгінде ЕАЭО елдері дағдарысқа қарсы бірлескен шараларды сәтімен жүзеге асыруда. Еуразиялық даму банкі, Дағдарысқа қарсы қор, Жоғары технологиялар орталығы жұмыс істеуде. 40-тан астам мемлекет Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі әріптестікке қызығушылық танытып отыр, – деді Даниал Ахметов.
Облыс әкімі сондай-ақ, Қазақстан Президентінің ядролық қарусыздану, ұлтаралық келісімге негізделген қуатты мемлекет құру жобаларының сәтімен жүргізілгенін айта келіп, қазір бес институттық реформаны іске асыру басталғанын жеткізді.
Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу бойынша алқа мүшесі (министр) Нұрлан Алдабергенов өз баяндамасында 20 миллионға жуық адамның Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінде тұратынын, олардың қымбатшылықпен жиі бетпе-бет келетінін жеткізді. Мұны қарапайым ұялы байланыс төлемдерінен аңғаруға болатынын жеткізген Н.Алдабергеновтің айтуынша, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Одақ туралы шарт шеңберінде құрылған Еуразиялық экономикалық комиссия жосықсыз бәсекелестікке ерекше назар аударады. Яғни трансшекаралық нарықтағы бәсекелестіктің жалпы ережелерін сақтауды қадағалау өкілеттігіне ие. Аталған комиссия бәсекелестер тарапынан болуы ықтимал тауарды жөн-жосықсыз салыстыру, өндірушілер мен олардың тауарлық белгілерін араластыру, жергілікті тауар мен өнімнің шыққан жеріне қатысты тұтынушыларды шатастыру сынды әрекеттерді назарға алып, монополияға қарсы реттеу шараларын қабылдайды. Ал Минскіде ЕАЭО соты өз жұмысын бастады. Оның құзырына Одақ келісімдері мен шешімдерін жүзеге асыруда туындаған мәселелерді қарау кіреді. Н.Алдабергенов роумингтер бағамын реттеу бойынша Еуроодақ тәжірибесін қолданып, оны халықаралық қоңырау шалу бағамымен теңестірген жөн екенін айтты. Бұл орайда үш мемлекет 5,5 млрд. теңгеге дейін, ал қазақстандықтар 2,2 млрд. теңгеге дейін үнемдей алады. Дәл осындай мәселелер әуе тасымалына да қатысты. Одаққа мүше мемлекеттердің қалалары арасындағы әуе тасымалына қарағанда еуропалық елдерге ұшатын бағыттар әлдеқайда арзан. Сондай-ақ, тұтынушыларды алдау әрекетінің алдын алған ләзім. Мәселен, Белоруссияда «Атамекен», «Қазақстан» атауымен сүт өнімдері өндіріле бастаған. Конференция барысында Парламент депутаты Талғатбек Абайділдин, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Сергей Кузин мен бірқатар кәсіпкерлер сөз алды.
– Біз бес саусақтай бірге болғанда, кез келген мәселені жұдырықтай жұмылып бірге шешкенде ғана қуатты боламыз, – деді С.Кузин.
Басқосудың соңында ЕАЭО бәсекелестік саясаты мен монополияға қарсы реттеу тапсырмалары мен міндеттері, бәсекелестік ережелері мен оны бұзу салдары туралы келісім талаптары, Қазақстан бизнесі мен бәсекелестікті дамыту және монополияға қарсы реттеу бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияның өзара іс-қимылы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу қажеттілігі айтылды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.