Алматы облысының шығысында шалқып жатқан Алакөлдің бір байлығы тайдай тулаған балығы болып саналады. Сол құндылықты ел азаматтары бағалап, қадіріне жете білгендіктен заман талабына сай Үшарал «РыбПром» атты өндіріс орнын осыдан он бес жыл бұрын ашқан еді. Әбілхан Машенов басқаратын бұл зауытта балықтың таза сүбесін шығаратын және балық етінен дайындалатын жартылай фабрикаттар, өңдеуден өткеннен кейінгі балық қалдығынан азықтық ұнтақ шығаратын үш цех тұрақты жұмыс істеуді бастаған. Құдайға шүкір, сәтті басталған сол жұмыс жылдар бойы өзіндік жемісін беріп келеді. Өндірістегі заман талабына сай жабдықталып тағам сапасын тексеретін зертхана шикізатты қабылдау бөлімінен бастап механикалық түрде өңделіп, қаптамаға салынып бекітіліп, пайдалануға дайын өнімге айналғанға дейінгі жұмысты қалтқысыз қадағалап, сақтандыру шарасын белгіленген талапқа сай атқарып, қандай да бір жолмен сапасыз өнім шығуына жол бермейді. Сапаға баса назар аударудың нәтижесінде аталған компания аз ғана уақытта Қазақстан балық шаруашылығы саласында өзіндік орнын ала білді. Нақты дәлел ретінде осынау өнеркәсіп өнімдері елімізде ұйымдастырылған түрлі деңгейдегі көрмелерде жоғары дәрежелі дипломдармен марапатталғанын және бағалы сыйлықтар алғанын айтуға болады. Жетістіктерді тізбелей түссек, 2001 жылы республикамыздағы алғашқы үштікке ілініп, еуропалық сертификаттық нөмір алған-тын. Сөйтіп, балық өнімдерін Германия, Франция, Голландия, Канада елдерінің рыноктарына шығарып сату құқығына ие болған еді. Біле-білсек бұл үлкен жетістік. Ең бастысы, Еуропа елдеріне апарылған Алакөл балығына сұраныс молынан түсіп «РыбПром» зауытының атын шығарып қана қоймай, үлкен кіріс көзін де ашқан. Мұны іскерлік деп бағаламасқа әдді жоқ. Енді ше, шалғайдағы Үшарал ауылында заман ағымына сай осыдан он бес жыл бұрын бастау алып, араға бір жыл салып заңды тұлға ретінде тіркелген «РыбПром» атты өндіріс орнының екінші зауыты Алматы облысы, Балқаш ауданы, Құйған ауылында болса, үшінші зауыты Өскемен қаласында жұмысын жүргізуде. Тағы бір баса айтар жетістік, осынау өндіріс орнында балық қалдықтарынан жасалып шығарылатын азықтық ұнтаққа Өскемен, Семей, Павлодар қалалары мен еліміздегі ең үлкен мегополистің іргесіндегі Алматы облысының бірнеше аудандарында тұрақты жұмыс істейтін құс фабрикалары үзіліссіз сұраныс түсіріп отырады.
Тұтастай алғанда, осынау өндіріс орнында 1 автоматты тазалағыш машина, 3 механикалық тазалағыш машина, сүбе дайындайтын үстел, балықтарды қозғауға арналған механикалық арба, 7 тоңазытқыш, 1 – ГП, 3 мұздату камерасы, шикізатқа арналған 2 мұздатқыш камерасы және 1 контейнер бар. Жобалық және нақтылы қуат күніне 5 тонна өнім, нақтылай түссек, көксерке, сазан, мөңке балық, алабұға шикізат ретінде пайдаланылып, шығарылады. Бұл жұмысты 125 адам атқарады.
Үшарал зауытының өткеніне көз жүгіртсек, 2003 жылы 670 тонна судак балығынан 343 тонна балықтың сұрпы еті өндірілген еді. Оған қоса 10 тонна алабұға балығы ұсталды және сол жылы балық қалдықтары мен ұсақ балықтан 269 тонна ұн шығарылды.
«Балық қорын көбейту мақсатымен Бесағаш ауылында балық уылдырығын өндіретін цех ашып оны іске қостық. Бұл бастамамызды Қазақстан балық шаруашылығын зерттеу институты жақсы қолдады. Биотехникалық балық өсіру орны жасанды тоғанға жіберілген шабақтардың шығынсыз өсіп көбеюіне, жағдай жасау болып табылады. Алдын ала зерделеніп жасалған жоспарға сәйкес 15 млн. сазан алу үшін 200-ге жуық үлкен сазанды ұстап, мұқият тексеріп, ешқандай ауруы жоқ екендігін анықтаған соң уылдырық шашу үшін оларды тоғанға жібердік. Нақты дерекке дәйектеме келтірсек, сол сазандарды уылдырық шашқанға дейін 17-18 градус жылы суда ұстап, белгіленген мөлшермен жеммен қоректендіріп отырдық. Әрине, жасанды тоғанға су толтырар алдында сазан уылдырықтары үшін азық қоры қызметін атқаратын микроорганизмдер мен дафнилер дамытылады. Яғни 10 га су айдынына 30 тонна мөлшерінде азық жеткізілуі тиіс. 1,5 млн. сазан өсіру үшін 2004 жылдың қазанына дейін 30 тонна концентратты азық қажет болды. Әр 10 күн сайын сеголеткаларды ұстап өсу қарқынын тексеріп отырдық. «Байбала» учаскесінде жасалған қыстық тоғандарда сазан сеголеткасының тығыз орналасуы топырақтың климаттық ерекшелігі есебінен жасалды. Судың гидрохимиялық және гидробиологиялық талдауы нормаға сәйкес келеді. Биологиялық жағынан ең маңызды мәселе шабақтарды қысқа дайындау десек бұл жұмысқа «Байбала» учаскесі өте ыңғайлы жер болды», дейді «РыбПром» ЖШС Алакөл аудандық филиалының директоры Әбілхан Машенов.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Алакөл ауданы.