Қоғам • 25 Ақпан, 2025

Көптен күткен қоныстой: Жұртшылық жаңа заңның игілігін көре бастады

954 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент өткен жылы қол қойған тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң биыл 24 ма­мырда күшіне енеді. Алайда құжаттың жекешелендіруге қа­тысты нормалары былтырғы 4 жел­тоқ­санда қолда­нысқа еніп, жұртшылық оның игі­лігін көре бастады.

Көптен күткен қоныстой: Жұртшылық жаңа заңның игілігін көре бастады

Инфографикаларды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Жаңа заң арқылы тұрғын үйге есепке қою жүйеленіп, кезекке тұру жеңілдетілді. Енді үйі жоқ кез келген адам пәтер кезегіне тұра алады. Табысы төмендердің үй жалдау ақысының бір бөлігі субси­дия­ланады, кейбір азамат­тарға жеңілдетілген ипотека беріледі.

Өзгерістің ең үлкені – көптеген азаматты уайымға салып келген мәселе шешілді. Тұрғын үй қорынан жалға алған үйді жекешелендіру­ге құқық берілді. Осының арқасында қазірдің өзінде 396 адам пәтерін жекешелендіріп үлгерді (1-инфографика). Жаңа заң кімге қандай жеңілдік беріп отыр? Оны қалай пайдалануға болады? Осы мәселені көпші­лікке жіктеп-жіліктеп жеткізу мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Мәжілістегі жұмыс тобы­нан және «Отбасы банкінен» ақ­парат ала отырып, ең өзек­ті мәсе­лелерге тоқталып отырмыз.

ва

 

Енді үй кезегіне барлық азамат тұра алады

Тұрғын үйге қатысты бұ­рынғы заң бойынша баспана кезегіне көпбалалы отбасы­­­л­ар, жетім балалар,  I, II топ­тағы мүгедек жандар, мемле­кет­тік қызметшілер, бюджет­тік ұйымдардың қызметкерлері сияқты белгілі бір санаттағы адамдар тұра алатын еді.

Жаңа заң кәмелетке толған азаматтарымыздың бәріне бас­пана кезегіне тұруға мүмкін­дік беріп отыр. Негізгі талап –  кейінгі 5 жылда баспанаң бол­мауы қажет. Ал  Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кезекке тұрғыңыз келсе, жоғарыдағы талаппен бірге бұл шаһарлар­да кейінгі 3 жылда тіркеуде тұрғаныңызды растауға тиіссіз.

 

ва

Тізімнен орын алу реті қалай?

Бұрын кезекке тіркеу мен үйді бөлуді жергілікті әкімдіктер атқарды. Жаңа заң бойынша бұл қызмет енді «Отбасы банкіне» берілді. Осылайша, онда баспанаға мұқтаж азаматтардың барлығын қамтитын Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылды. Қазір банк 8 мемлекеттік деректер базасын интеграциялап, бірыңғай ақпараттық база қалыптастырып жатыр. Бұл – тұрғындардың жылжымайтын мүлкі бар-жоғы, отбасылық жағдайы автоматты түрде тексеріледі, пәтерге мұқтаж адамның мәртебесі мен санаты расталады деген сөз.

Енді «тұрғын үйге мұқтаж» мәртебесін растау, кезекке тұру, содан кейін банктен несие алу үшін бірнеше органға жүгінудің қажеті жоқ. Кезекке онлайн тұрасыз. Әрі қарайғы жұмысты орталық реттейді. Сонымен қатар жұмыстың ашықтығы қамтамасыз етілмек. «Отбасы банктің» интернет-ресурсында тіркелген азаматтардың, сондай-ақ кейінгі екі жылда мемлекеттік қолдауға ие болған азаматтардың тізімдері ай сайын жарияланады. Яғни кезек үнемі көз алдыңызда болады. Өзіңізді ғана емес, өзгелерді қадағалай аласыз.

 

Кімнің мүмкіндігі мол?

Бұрынғы заң бойынша пәтерді бөлу азаматтардың белгілі бір санаттары­ның бірінші кезектегі құқықтарын ескере отырып бөлек тізімдер санына пропорционалды жүргізілетін. Енді мұқтаж жандар арасында тұрғын үйді бөлу есепке қою күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге  асады. Яғни ұзақ уақыт кезекте тұрған азаматтар алдымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ бөлу кезінде тұрғандардың табыс деңгейі ескеріледі екен.

Бұдан бөлек, кейбір азаматтардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, сегіз санатқа кемінде 70%-ы жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй ұсына отырып, бірінші кезектегі құқық беру көзделеді. Олар:

–  ҰОС ардагерлері;

– жетім балалар;

– көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар;

– І, ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар;

– мүгедек балалары бар отбасылар;

– жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

– басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлері;

– жесірлер.

 

Табыс деңгейі қалай ескеріледі?

Жоғарыда кезекте ұзақ тұрғаны­ңыз үй алуда сізге басымдық бере­тінін айттық. Ал, табыс деңгейіне қарай ескеру қалай жүзеге асады? «Табыс деңгейіне байланысты кезекте тұрғандарға жалдау ақысын, жалға берілетін тұрғын үйді немесе жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды («Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «Отау», «Наурыз» бағдарламаларымен) субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады» дейді «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова. Нақты айтқанда, табысы төмендердің жалдау, ақысының бір бөлігі төленеді. Яғни отбасының әр мүшесіне бөлінген ортақ табыс бір күнкөріс минимумынан (43 407 теңге) ас­паса, оның үйді жалға алу ақы­сы­ның бір бөлігін мемлекет өтеп береді.

Ал табысы одан сәл жоғарыларға жеңілдетілген ипотека беріледі. Яғни бастапқы жарнасы ең төмен және жылдық мөлшерлемесі 2%-дан 9%-ға дейінгі тұрғын үй бағдарламалары ұсынылады.

Айта кетейік, мұндай мемлекеттік қолдау шаралары тек бір рет берілмек. Мемлекет есебінен салынған жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйді алған азаматтар қайтадан есепке тұра алмайды.

 

Баспанаңызды жекешелендіре аласыз

Елімізде 2017 жылдан бері мұқтаж жандарға баспана түрлі бағдарлама аясында жалға беріліп келді. Қазір ондай үйлерде 70 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Бұрынғы заң бойынша сатып алу құқығынсыз жалға беріл­ген пәтерді, сондай-ақ апаттық тұр­ғын үйдің орнына берілген баспананы жекешелендіре алмайтынсыз. Ол үй­лерде негізінен көпбалалы отбасылар, жетім балалар және т.б. әлеуметтік осал топ өкілдері тұрады.

Жаңа заңның ең үлкен игілігі – енді мұндай баспананы қалдық құны бойынша сатып алуға құқық берілді. Сонымен қатар алдағы уақытта да жалға берілетін үйлерді сатып алу құқымен ала аласыз. Заңның дәл осы жекешелендіруге қатысты нормалары 2024 жылғы 4 желтоқсаннан бастап күшіне енді. Содан бері, жоғарыда айтқанымыздай, 396 адам үйін жекешелендіріп үлгерді.

Бастапқыда қалдық құны бойынша жекешелендіру 10 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігімен, 30 пайыз бастапқы жарнасын төлеу шартымен берілді. Тағы бір ілкімді жаңалық – 2025 жылғы 4 ақпаннан бастап жекешелендіру қағидаларына өзгеріс енгізілді. Соған сай бастапқы жарна 30%-дан 10%-ға дейін төмендеді, ал құны 15 млн теңгеден асатын пәтерлер үшін бөліп төлеу мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейін ұлғаяды. Қалдық құны бойынша жекешелендіру тәртібін мысалмен (2-инфографика) көрсетіп отырмыз.

Жекешелендіруге қатысты жер­гілікті әкімдіктерге өтініш бересіз. Дегенмен тұрғын үйді жекешелендіру міндет емес, құқық екенін атап өткен жөн. Жалдап тұрған үйіңізді сатып аласыз ба, жоқ осылай тұра бересіз бе, оны өзіңіз шешесіз.

 

Жалға берілген үйде отбасыңыз тұра береді

Бұрынғы заң бойынша тұрғын үй қорынан пәтер сатып алу құқын­сыз берілді. Мәселен, соғыс ардагері­не  берілген үй ол дүниеден озған жағдайда, бірден тұрғын үй қоры­на қайтарылатын. Мына заңның тиімді тұсы – енді негізгі жалдаушы қайтыс болған жағдайда да, оның отбасы мүшелері осы үйде тұруды жалғастырады және жалдау шарты қайта жасалады.

Тағы бір жақсылығы – азаматтар­дың бір бөлігі үйлерін толық құнын төлеп алса, тағы бір бөлігі қалдық құнымен жекешелендіре алады, кейбір адамдардың жалға алған үйін еш ақысыз тегін жекешелендіруіне мүмкіндік беріліп отыр. Ол санатқа I, II топтағы мүгедек жандар, соғыс ардагерлері, Чернобль АЭС апатында болғандар, Семей ядролық полигоны мен Арал маңы экологиялық апатының зардабын көргендер кіреді.

 

Жетім балаларға жеңілдік жасалады

Жоғарыда айтылғаннан бөлек тағы көптеген жеңілдік қарастырылған. Мәселен, бұрын жетім балаларды үй кезегіне қою тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылатын. Олар балалар үйінен шығып, жоғары оқуға немесе жұмыс істеуге басқа қалаға кеткенде кезегі сақталмай, бар­ған жерінде тізімнің соңынан табы­латын. Енді жаңа норма бойынша жетім балалардың тұрғылықты жері өзгергенде де, бастапқы орны сақ­талады. Сонымен қатар оларға үй кезе­гіне тұру үшін Астана, Алматы, Шымкент қалаларында соңғы 3 жыл­­­да тіркеуде тұру талабы қойыл­май­­­ды. Бұдан бөлек, көп­балалы от­ба­сылардың, толық емес отба­сы­лар­дың, мүгедек балалары бар отба­сы­лардың, жесірлердің мәртебесі бала­ларының кәмелетке толуына байланысты өзгерген жағдайда олардың да бастапқы кезектілігі сақталады.

Мемлекеттік, әскери міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына әкімдіктердің бір жылдан кешіктірмей тұрғын үй беруі (бүгінде кезекте 103 адам тұр), мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қосымша бөлме бөлу мәселесі де жаңа заңда талап етілген.