19 Маусым, 2015

Денсаулық сақшылары

426 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
EsbergenovАстана қаласындағы №6 емхана 2012 жылдың қараша айында Аманат көшесінің бойында орналасқан жаңа ғимаратқа көшіп келді. Ғимарат қазіргі заманғы медициналық талаптарға сай салынған. Жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұндағы медициналық қызметкерлер өздерінің қалтқысыз қызметімен халықтың алғысына бөленуде. Емхана қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан көпқабатты үйлер мен жеке сектор тұрғындарына қызмет көрсетеді. – Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты медициналық қыз­меттің деңгейі мен сапасын жүйелі түрде арттыру болып табылады. Емхананың емдеу-диагностикалық базасы, қазіргі заманғы құрал-жабдықтар әртүрлі ауруларды жоғары деңгейде жедел анықтауға, науқастарды сапалы емдеуге мүмкіндік береді. Емхана қуаты бір ауысымда 500 келушіге қызмет көрсетуге лайықталған. Мұнда жоғары және бірінші санатты дәрігерлер жұмыс істейді. Олар жастарға тәлімгерлік көмектер көрсетіп, жалпы жұмыс сапасының артуына ықпал етіп келеді. Қазіргі күні халық арасында жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабетіне шалдыққандар жиі кездесетіні белгілі. Сондай-ақ, онкологиялық аурулардың алдын алумен шұғылданамыз. Ана мен бала денсаулығын тұрақты түрде қадағалап отырамыз, – дейді емхананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Сәкен Есбергенов. IMG_2218 Емхананың жалпы алаңы 16 мың шаршы метрге жуық 3 корпустан тұрады. Оның құрылымына терапевтік, педиатрлық бөлім­шелер, әртүрлі жеке ауруларға арналған бөлімшелер, балалар мен үлкендердің тіс емдеу бөлім­шесі, аурулардың алдын алу жә­не әлеуметтік-психологиялық қыз­меттер кіреді. Мұнда үлкендер­мен қатар балалар да емделеді. Сөйтіп, емхана қазіргі күні  көп салалы емдеу мекемесі ретінде дамытылып отыр. Біз емхананың жалпы тә­жі­рибелік дәрігерлер бөлімшесінде болдық. Бұл бөлімшеге жоғары санатты дәрігер Бейнегүл Байболова жетекшілік жасайды. – Біздің бөлімшеде 8 дәрі­гер, 17 медбике қызмет етеді. 16 мыңға жуық адамға қызмет көр­сетеміз. Бұл бөлімше өткен жылдың 1 қазанында құрылды. 8 айдың ішінде тіркелген халық саны біздің жүктемемізге сәйкес  нормалық деңгейге шықты. Қызметке жаңа оқу бітірген жастар келсе, оларды қамқорлығымызға алып, жа­былып үйретіп, тез қатарға қосамыз. Мәселен, бөлімге келген 4 дәрігердің бізде қызмет іс­тей бастағанына бар болғаны бір жылдай уақыт болды. Әрбір ана мен бала назардан тыс қалмауы тиіс. Оның үстіне соңғы кездері скринингке – ауруларды алдын ала жедел анықтау мәселесіне көп күш жұмсаудамыз. Мұның пайдасы зор. Өйткені, өзін аурулардан саумын деп есептейтін кейбір адамдардың бойынан науқас белгілері байқалып отыр. Жалпы айтқанда, жұмысымыз жеңіл емес. Өйткені, қазіргі білімді, білікті, медициналық қызметке қояр талабы мол тұрғындардың көңілінен шығу оңай емес, –  дейді Бейнегүл Батырбекқызы. Бейнегүлдің дәрігер болып қызмет істегеніне 20 жылдан астам уақыт болған екен. Жү­рек аурулары бойынша да арнайы сертификаты бар. Бір­не­ше рет министрліктің, басқа да ұйымдардың алғысына ие бол­ған. Дәрігерлік парызына адал­дығының, біліктілігінің нәти­жесінде 2008 жылы Елба­сы­ның өз қолынан жаңа пәтер алу құр­метіне бөленіпті. Қасындағы аға-мейірбике Ажар Ежебекова да жұмысқа деген жауапкершілігі, қағылездігімен көзге түсуде. Бөлімдегі №43 учаскенің от­ба­сылық дәрігері Азамат Бай­ба­лаевтың қызметке кіріскеніне бі­раз уақыт болған. Азамат кел­ген науқастарға ілтипатпен, жа­н­­­а­шыр­­­лықпен қарайды. Қыз­метінде бі­лікті. Қасындағы мейір­­­бикесі Гүлжан Ойысова бол­­са, осы салада біраз тәжірибе жинақтаған. Сондықтан, олар­дың жұмысына науқастар тарапынан алғыстың мол екендігін байқадық. Мәселен, оған әкеліп Нұрхат, Наиль атты қыздарын қа­ратқан Самал Ер­мекбаева ем­хананың сайтына Азаматтың қыз­метіне ерекше риза болғанын жазады. «Алтын адам, өте қайы­рымды және кәсіптік тұрғыдан жоғары білікті. Мұндай дәрігер­лердің қабылдауында болудың өзі көңілге жақсы әсер етеді», депті ол. Емханада дәрігерлік қызметті жақсартуға бағытталған түрлі шаралар жиі-жиі өтіп тұрады. Мә­селен, үстіміздегі жылдың 20 мамырында «Емхананың үздік мейірбикесі» атты байқау өтті. Мұнда мейірбикелер тест арқылы өздерінің кәсіптік біліктіліктерін сынға салды. Топтан озғандарға жүлделі орындар және бағалы сыйлықтар берілді. Мұнда, дәрігерлердің білік­тілігін арттыру мақсатында түрлі семинарлар, лекциялар, денсаулық мектептері де жиі өткізіледі. Бір сөзбен айтқанда, Астана қаласындағы №6 емхана ұжымы халыққа медициналық қызмет көрсету, түрлі аурулардың алдын алу бағытында біркісідей жұ­мылып, еңбек етуде. Олар өздерінің төл мерекелеріне жақсы дайын­дықтармен келіп отыр. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.