
Облыс көлемінде шалғайдағы Мойынқұм ауданы ғана көгілдір отынға зәру болатын. Соңғы жылдары алыстағы аудан елді мекендерін табиғи газбен қамту мақсатында ауқымды жұмыс қолға алынған.
«Осы жылы өңірдің 5 мыңнан астам тұрғыны газбен қамтамасыз етіледі деп жоспарланды. Нақты айтсақ, бүгінгі күні өңірдегі елді мекендердің 78 пайызы газбен қамтылған, яғни, 371 елді мекеннің 288-і табиғи газға қосылған. Былтыр Қордай ауданының 3 ауылына газ жүргізіліп, облыс халқының газбен қамтылу деңгейі 91,3 пайызды құраса, биыл 9 ауылға табиғи газ кіргізіліп, тұрғындардың газбен қамтылу көрсеткішін 91,8 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Осы жылы Сарысу ауданының 14 елді мекенін газбен қамту үшін «Еврохим-Қаратау» және Шу ауданының 18 елді мекенін газдандыру үшін «Шу» автоматты газ тарату станцияларының (АГТС) құрылысы жүргізілуде. Олардың жалпы құны – 41,9 миллиард теңге. Сонымен қатар, Мойынқұм ауданының елді мекендерін газдандыру жобасы басталып, жоспардағы 9 ауылдың бастапқы үшеуіне (Айдарлы, Бірлік, Биназар) жалпы құны 18,5 миллиард теңгені құрайтын газ құбырларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатов.