19 Маусым, 2015

Шииттер мен сүнниттер соғысса, өлетін – мұсылмандар

612 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Дүбірге толы дүние Дубир-1Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Йеменде бітімгершілікке қол жеткізу жөнінде келіссөздер басталғанын хабарлады. Сонымен бірге, ол шиеленіске қатысушы екі жақты да алдымен гуманитарлық келісімге шақырды. Осының алдында ғана Сауд Арабиясы бас болған Парсы шыға­нағындағы елдер коалициясының күштері Йеменнің астанасы Сананы бомбалауға алған болатын. БҰҰ Бас хатшысы осыған байланысты былай деді: «Бүгін Йеменнің бұдан әрі өмір сүруінің өзі қауіп үстінде. Екі жақ дауласу үстінде, ал Йемен өртеніп жатыр». Даудың басылар түрі жоқ. Араға әлемдегі ең басты ұйым, оның басшысы жүрсе, бұларға енді одан артық не керек дейсің? Бітімге олар неге жүрмейді? Оған Йемен сыртқы істер министрі Рияд Ясин мынадай уәж айтады: «Хуситтер басып алған жерінде бейбіт халықты өлтіруден танбайды. Мұндай жағдайда атысты тоқтату жөнінде сөз болуы мүмкін бе?» – дейді. Ішінара бітімге бару үшін, Ясиннің пікірінше, хуситтер барлық қалалардан, оның ішінде Аден мен Таиздан кетіп, алты мыңнан астам тұтқынды босатуы керек екен. Оған барайын деп отырған хуситтер жоқ. Тіпті, олар бұрын да талай келісімдерін орындамай, сөздерінде тұрмаған. Бұлармен келісім жасау да қиын. Жал­пы, хуситтердің, яғни бүгінгі оппозиционерлердің бас көтеруі осыдан он жылдан аса бұрын басталған. Өзін имам деп жариялаған Әли Хусейн әл-Хуси 2004 жылы үкіметке қарсы көтеріліс ашты. Оның жақтастары өздерін содан да хуситтер деп атады. Олардың мақсаты негізінен сүнниттер басым елде мұсылман-шииттердің құқын кеңейту болды. Өткен жылдың тамыз айында олар белсенді әрекеттерге көшті. Ел үкіметі қарсыластарды келіссөзге шақырып, біршама талаптарын да орындауға уәде берді. Тіпті, конституцияға өзгеріс те енгізбек болған. Бірақ хуситтер үкімет орындарының босаңдығын пайдаланып, қарсылығын күшейте түсті. Ақыры биылғы қаңтарда ел астанасы Санаға басып кірді. Парламентті таратып, үкіметті кетуге мәжбүрледі. Елдің барлық аймағын басып алуға кірісті. Сауд Арабиясы бастаған коалиция соларды тоқтату мақсатында наурыз айында құрылған еді. Ал БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі сәуірде хуситтерге басқалардың қару беруіне тыйым салған шешім қабылдады. Әлемнің көптеген елдері көтерілісші-хуситтердің әрекеттерін айыптайды. Қазір көптеген елдер бұл елден өз елшіліктерін алып та кетті. Елде жаппай тұрақсыздық. Әскери қақтығыс етек алып отыр. Жасырмай, ашық айтатын бір жай: бұл қақтығыстың негізінде исламның негізгі екі тармағы – шиизм мен сүннизмнің арасындағы қайшылық жатыр. Оларды сырттан кімдердің қолдайтыны да айдан анық. Шииттерді әскери және қаржылай Иранның қолдайтыны, мұндай қолдаусыз хуситтердің алысқа бармайтыны да белгілі. Ал коалициядағылар сүннизм жағында. Қарапайым тілге аударсақ, соғыс шиизм мен сүннизм арасында жүріп жатыр. Өліп жатқандар – тек мұсылмандар. Сонда олардың кімді қырып жатырмыз деп ойлайтынын құдай білсін. Сатылатын беделден жақсылық іздемес болар Дубир-2Қырғыз ағайындар саясатта белсенді. Әсіресе, саяси науқандар қарсаңында олар атқа мінеді. Дауыстары да қатты шығады. Алда елде парламенттік сайлау болмақ. Күрес басталып кетті. Арамыз алыс емес, сол күрестің дабыры Алатаудан асып, бізге де жетіп жатыр. Алдымен қазір негізінен сайлау­ды қалай өткіземіз деген мәселеге мән беруде. Партиялардың парламентке өту табалдырығын 7 пайыздан 9 пайызға көтеру жөніндегі мәселе біраз талқылаудан кейін парламентте мақұлданды. Бұл мәселеге соншалықты мән берудің не қажеті бар деуге де болар. Сөйтсек, онда үлкен сыр бар екен. Депутат болып сайлану қиындай түседі екен де, оның бағасы артады екен. Бұл мәселені алдымен «Ар-Намыс» партиясының көсемі Феликс Кулов көтеріп, 10 пайызды ұсынған. Сонан соң басқалардың пікірін ескеріп, 9 пайызға келісіп, оны көпшілік қолдады. Шағын партиялар 7 пайыздық табалдырықтан өте алмай, сыртта қалып қоятын, әйтпесе басқа бір партияға жармасып, оларға дауыстарын өткізіп, бір-екі орын алып жатар еді. Енді табалдырық 9 пайызға жеткен соң, шағын партияларға қақпа жабылды. Мұның мәнін жұрт партия­лардың парламентке өту табал­дырығын көтеру жөнінде заң қабылдаған соң анық аңғарды. Депутат болып сайлану бағасы шарықтап, 500 мың долларға жетіпті. Сонда депутаттық орын сатылатын болғаны ма?! Солай екен. Оны «Атажұрт» партиясының парламенттегі фракциясының жетекшісі Жылдызқан Жолдошова пленарлық отырыста ашық айтты – бір депутаттық мандаттың бағасы 350-500 мың долларға жетті деді. Бұрын 200 мың болған екен. Ал партиялар сайлауға қатысу үшін 5 миллион сом кепіл ақша салуға тиіс. Оны да үміткерлер төлейді. Бұрын мұның барлығы жабық болса, енді ашық айтыла бастағаны, расында, сорақылық екені даусыз. Белгілі партияның бір жетекші қайраткері айтып отырған соң, сенбеске шараң жоқ. Рас, мұндай шыншылдығы үшін Жолдошова «таяқ та жеді», ол орнынан босап, «Атажұрт» партиясы фракциясына уақытша жетекші болып Дастанбек Жұмабеков сайланды. Жолдошованың қуылуын шындықты айтудың бағасы десе болар. Депутаттық орынның сатылуы жөніндегі фактілер басқа партия­лардан да келтіріледі. Саясаткер Бекбосын Борубашев депутат Өмірбек Абдрахмановтың сайланғаны үшін «Атамекеннің» көсеміне 100 мың доллар төлегенін ашық айтатынын келтіреді. Сірә, енді бұл баға әлдеқайда жоғарылайтын болса керек. Мандат сату бұрынырақ, президент Құрманбек Бакиевтің кезінде басталғаны, сонда «Ақ жол» партиясының бір құжатында сол орындардың бағасы көрсетілгені журналистерге мәлім болыпты. Әңгіме мынада: партия жинаған дауысына сай орын алады, сол орындарды кімге беру партия басшыларының қолында, солар жасаған тізімде. Сол тізімге кіру сатылады. Сөйтіп, сайлау да үлкен бизнеске айналған. Қисынға қарағанда, ақшаң көп болса, парламентке өтесің. Ол – үлкен бедел. Бедел болғанда, сөзіңді өткізесің, сол сөзіңе қарай сенің қалтаңа ақша да түсуі мүмкін. Партиялар арқылы Жогоргу Кенешке өткендерден бұрынғы партияларын тастап, жеке топ құрғандар да бар екен. Қазір сондай үш топ пайда болыпты. Олар өз мақсаттарын көздейді. Оларға ел тағдыры емес, өздерінің жеке мүдделері қымбат. Парламент бизнеске айналса, оған алдымен ақшалылар ұмтылатыны заңды. Сол қалталылар өз партиясын да құрып жіберіпті. «Қырғызстан» партиясының тұсауы кесіліп, басшысы сайланған. Қанатбек Исаев соған басшы болу үшін губернаторлықтан да кетіпті. Осы партияның төңірегіне басқа партиялардан да біраз қалталылар ауысыпты. Таңданбасқа шараң жоқ. Сонда аяғы не болмақ? Кейін көрерміз дегенде, Алатаудың ар жағынан жақсылық естігіміз келеді ғой біздің. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.