24 маусымда Әділет министрлігінде өткізілген баспасөз мәслихатында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 14-ші сессиясы аясында Қазақстанның ұлттық баяндамасын қорғауының қорытындысы шығарылды.
Баспасөз мәслихатына Мәдениет вице-министрі Ғ.Телебаев, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Т.Әбішев, Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Б.Берсебаев, сондай-ақ Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының өкілдері, т.б. қатысты.
Әділет министрлігінің жауапты хатшысы М.Бекетаевтың сөзінде атап өтілгеніндей, бұған дейін, үстіміздегі жылдың 12 ақпанында Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев бастаған қазақстандық делегация Женевада ұлттық баяндаманы табысты қорғаған болатын. Қазақстан баяндамасына мұндай бағаны қорғауға қатысқан БҰҰ-ға мүше мемлекеттер делегациялары, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар берген-тін.
БҰҰ-ға ұсынылған ұлттық баяндама Қазақстанның адам құқын қорғау мен ынталандыру саласында қол жеткізген табыстарын айғақтап берді. Мұндай табыстар елімізде жүргізіліп келе жатқан ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі саясат, ана мен бала жағдайын жақсарту бойынша жасалып жатқан нақты қадамдар нәтижесінде мүмкін болды. Женевада сондай-ақ Отанымызда жүзеге асырылу үстіндегі Адам құқы саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары мен 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы оң бағаланды.
Үстіміздегі жылдың 9 маусымында Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі әмбебап мерзімдік шолуы бекітілді.
Қазақстан бойынша шолу аясында БҰҰ-ның 54 мемлекеті үстіміздегі жылдың ақпанындағы интерактивті үнқатысу барысында еліміздегі түрлі адам құқын қорғау және бостандығы аспектілеріне қатысты 128 ұсынымдама ұсынды, деп хабарлады Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.