19 Маусым, 2015

Еліміз үшін үлкен абырой

419 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
К-ТышханӘлемдік қоғамдастық ХXI ғасырға қадам баса отырып, халық­аралық қауіпсіздікке төніп тұрған қауіптің жаңа түрі, халықаралық сипат алған терроризм мәселесімен бетпе-бет кездесіп отыр. Терроризм – идеологиялық- мотивациялық күш көрсетуге байланысты саяси-діни күрестің бір түрі. Терроризм қауіптерінің таралуына дүниежүзі елдерінің бәрі дерлік қарсы шықты. Сонымен бірге, терроризм күшінің қуат­тылығы соншалық, әскери және дипломатиялық арналарды белсенді жұмылдырғанның өзінде бұл проблеманы қысқа мерзім ішінде шешу мүмкін емес екені ақиқат. Осындай діннің атын жамылған қайшылықтар мен қасіреттер заманында дәстүрлі діндер өкілдерінің және олардың жетекшілерінің пікірлерінің бір арнаға тоғысуы, олардың арасында өзара түсіністіктің орнауы, байсалды ұстанымдарының басымдық танытуы, тіпті, ортақ мәселелерді белгілі бір мәмілеге келе отырып талқылау, мүмкін болса ортақ шешімдер қабылдау – өркениет тарихында, қазіргі адамзат қоғам­ының бейбітшілігі мен игілігі үшін ауадай қажет қадамдар. Әлем­де баламасы жоқ  осындай шараны еліміздің қолға алуы, оны елордамыз Астанада әр үш жыл сайын ұйымдастыру – адамзат қоғамының бейбітшілігі мен тұрақтылығына қаланған кірпіш, қарқындап дамып, аяғынан тік тұрып келе жатқан еліміз үшін үлкен абырой. Осы орайда, дін лидерлерінің көзқарастары мен олардың елде­ріндегі және әлемдегі діни түсініктерді дұрыс қалып­тас­тырудағы ықпалы аз емес. Осы мәселені басты назарға алған еліміз 2003 жылдан бастап әр үш жыл сайын бас қосатын орынға айналды. Астанада өткен VII Дүние­жүзілік Ислам эконо­микалық форумында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «ХХІ ғасырдың жаңа онжылдығы мұсылман үмбеті үшін ауыр сынақтармен басталды. Әлемдік қаржы дағдарысы, азық-түлік импортына тәуелділік, жастар мәселесі және басқа да түйткілді жайттар Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген дүрбелең туғызды. Тунис пен Мысырдағы саяси режімнің ауысуы, Ливия ұшыраған гуманитарлық зауал жүздеген мың босқынның пайда болуына әкеліп соқтырды. Әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдерінің көштің соңында қалуы анық байқалды. Бір жарым миллиардқа жуық адамы бар ислам дүниесі бүгінде мызғымас тұтастық құрай алмай отыр», – деді. Жоғарыдағы аталған себептерге байланысты біздің еліміздің, әлемдік діндер басшыларының құрылтайы өткізілетін мекенге айналуы заңды. Жай ғана барлық дін өкілдері емес, әлемнің жетекші теологтары бас қосатын дәл осындай екінші жер ғаламшардың өзге аумағында жоқ. 2003 жылдың қыркүйегінде әлемдегі барлық дәстүрлі діндер басшыларынан құралған 17 кеңес алғаш рет біздің елімізде бір үстелдің басына жиналды. Ислам, иудаизм, православие, буддизм, католицизм, синтоизм жетекшілері «бір тілде» сөйлесті. Олар «Әлемдік және дәстүрлі діндердің І съезіне қатысушылардың декларациясы» деп аталатын бірегей құжат қабылдады. Мәлімдемеде атап көрсетіл­геніндей, «Адамдар арасында өзара сенімсіздік пен өшпенділік, қорқыныш пен ғадауат, дүрда­раздық пен дүрбелең туғызуды көздеген лаңкестер Жаратушының атын жамылып, адамзат қолы­мен жасалатын ең бір ауыр әрі жан­- ­тү­р­­ші­герлік күнә-жаналғыштыққа баруда». «Қазақстанда уағыздалатын түрлі діндер өкілдері – біздер дүниежүзінің қай түкпірінде жасалмасын, адам шошырлық лаңкестік әрекеттерден жазықсыз мерт болған бейкүнә адамдарды өзімізбен ортақ сенімдегі адамдармен бірге аза тұтамыз». «Зорлық-зомбылыққа, соның ішінде дінді саяси мақсатта пайдалануға деген баршамыздың қарсылығымыз бір арнада тоғысады». «Біз еліміз азаматтарын Отаны­мыздың гүлденуі, оны мекен ететін түрлі халықтың бақыты мен тыныштығы үшін бейбітқатар өмір сүріп, достық сезіммен бел шеше еңбек ету мүмкіндігінен айырмауды тілеп, Жаратушыға дұға арнаймыз»,  делінген мәлімдемеде. Осындай тұжырымдар мен келелі пікірлер әрбір жиын сайын биік мінберлерден айтылып, адамзат қоғамының рухани дағдарыстан шығу жолдары тұрақты талқы­лануда. Бұл үрдіс жалғасын тауып қазіргі кезде еліміз бесінші мәрте атаулы шараны өткізуде. Қазіргі алпауыт мемлекеттер жақ-жаққа бөлініп, өздерінің геосаяси мүдделері мен аймақтық, ғаламдық, экономикалық, әскери басымдықтарын сақтап қалу үшін барынша күресіп, қажет болған жағдайда әртүрлі экономикалық, рухани, әскери шаралар қолданып жатқан қазіргі алмағайып кезеңде қуатты мемлекеттер арасында орын алған еліміздің рухани тыныштығы бітімгершілік, дәнекерлік жасау, ортақ құндылықтарды жаңғырту талпыныстарымен нығая түспек. Бұл кейбіреулердің айтып жүрге­ніндей, оларға қолдау көрсету арқылы мүдделерді тоғыстыру өзіміздің дәстүрлі, діни-рухани құндылықтарымыздан бас тарту, өзгелердің құндылығына құлдық ұру болып саналмайды. Сондықтан бұл шарадан тек қайшылықтар мен жұмсалған шығын көлемін емес, ұлттық, мемлекеттік, адамзаттық мүдделерді көре білу керек. Өйт­кені, мемлекеттің мүддесі, оның жекелеген азаматтарының мүд­де­сінен әрқашанда жоғары тұрады. Қорыта айтқанда, бізге мұны адамзаттық құндылықтарды сенім құндылықтарымен сабақ­тастыра білу, қазіргі кездегі және бола­шақтағы дінаралық, өркениет­аралық қақтығыстардың алдын алу үшін, мұның елімізге өзектілігі өте жоғары мәселе екенін ескере отырып, Отанымызды құндылықтар тоғысатын мекенге айналдыру өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз етумен қатар, әлемдегі адамдардың бейбіт өмір сүруіне қолұшын беру деп түсінген дұрыс. Кеңшілік ТЫШҚАН, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының доценті, дінтанушы.