Мәселе • 27 Ақпан, 2025

Адам саудасының құрбандары қолдауға зәру

53 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр елде адам саудасының құрбаны болған 247 адам арнау­лы әлеуметтік қызметтермен қамтылған, оның ішінде 114 адам – шетел азаматы. Олардың 32-сі жұмысқа орналасқан, оның 4-еуі шетел азаматы.

Адам саудасының құрбандары қолдауға зәру

2024-2025 жылдар  аралы­ғын­да Адамдарды заңсыз әкету­ге, әкелуге, сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомство­аралық комиссияға Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау ми­нистрлігі төрағалық етеді. Үкіметтің 2024-2026 жылдарға арналған Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар жоспары жүйелі іске асып келеді. Жоспар 55 тармақтан тұрады. Оның үйлесімді жүргізілуіне бірқатар орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар, «Атамекен» ҰКП, басқа да ұйымдар жауапты болып белгіленген.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көр­сету, оларды жұмысқа орна­лас­тыру жөніндегі іс-шара­ларды орындайды. Әлеуметтік кодекс­ке сәйкес, адам саудасы­ның құр­бандарына арнаулы әлеу­мет­тік қызметтің кепілдендіріл­ген көлемі, оның ішінде әлеумет­тік тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық қызметтер көрсетіледі. Қызмет көрсету мерзімі – 6 ай. Егер қылмыстық іс аяқталмаса немесе азамат медициналық ұйымда стационарлық емдеуде болған жағдайда мерзімді 9 айға дейін ұзартуға мүмкіндік бар.

Елімізде адам саудасының құр­бан­дарына арнаулы әлеумет­тік қызметтер көрсететін 13 дағ­дарыс орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік секторда Абай облысы, Шымкент қаласында бір-бір ұйымнан бар. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан (2 ұйым) облыстарымен қатар, Астана қаласында орталықтар жұмыс істейді.

Жұмыспен қамту барысында адам саудасының құрбаны болған азаматтар «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіп­керлік негіздеріне онлайн оқуға, ха­лықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін 400 АЕК дейінгі грант алуға, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұр­пақтар келісімшарты» секіл­ді жобалардан бөлек, қысқа мер­зім­ді кәсіптік оқуға қатыса ала­ды. Бұл ретте жұмыспен қам­ту­ға жәрдемдесудің барлық шара­лары өтініш сипатында орын­далатынын атап өткен жөн. Мүмкіндікті пайдалану үшін ел азаматтары тұрғылықты жері бо­йынша мансап орталығына хабар­ласуы қажет. Бұл жағдайда зорлық-зомбылық немесе адам саудасының құрбаны мәртебесін көрсету талап етілмейді. Барлық қызмет «құпия» негізінде, мән-жайларды қосымша нақтылаусыз ұсынылады.