Руханият • 27 Ақпан, 2025

Майданда ерлікпен қаза тапқан батырдың есімі ұлықталды

481 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Кеңестер одағының Батыры  Иманғали Тауқышұлы Білтабановтың    100 жылдығы атап өтілді. Ол  1925 жылы 10 сәуірде Қобда ауданы Қосөткел ауылында дүниеге келген. 1943 жылы  қаңтарда әскерге алынып, 1945 жылдың 26 ақпанында Одер өзені үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Майданда ерлікпен қаза тапқан батырдың есімі ұлықталды

Батырдың немере туысы 87 жастағы  Зұлқарнай  Башбаевтың айтуынша, Иманғали Тауқышұлы ата-анасынан 12 жасында жетім қалып, әкесінің немере ағасының әйелі Зеріптің қолында тәрбиеленіпті. Тауқыштың бірге туғандары 1930-шы жылдардың аштығында қайтыс болған. Құрашасай ауылында бастауыш мектепті бітіріп,  әрі қарай оқуын  аудан орталығы Қобдада жалғастырғысы келгенімен, қатынауы қиын болған соң оқуын жалғастыра алмайды.    16 жасында  механизаторлар курсын бітіріп,   кеңшар тракторын жүргізген. 1943 жылдың 2 қаңтарында әскерге шақыртылып, пулеметші ретінде 1 –Украин майданы 289 –  атқыштар полкі, 120 – атқыштар  дивизиясының құрамында  Киев, Харьков, Днепропетровск қалаларын азат етіп, Днепр өзені үшін шайқасты. 1945 жылы 26 ақпанда Польшадағы  Ополе қаласының маңында 19 жасында қаза тапты.  

Аа

1945 жылдың 16-25 қаңтарында   Одерфельд деревнясы маңында кеңес әскерінің негізгі күштерін Одер өзенінен өткізудегі плацдарм қорғанысында Иманғали 120 жау сарбазының көзін жойған.   25 қаңтарда бір күнгі ұрыста 58 неміс солдаты мен офицерін өлтірген. Сол күні оқ жарықшағы тигеніне қарамастан, шайқасты жалғастыра берген. Осы ерлігі үшін Кеңестер Одағының батыры атағына ұсынылғанын айтып, 289-атқыштар полкінің командирі ауылдағы Зеріп шешесі мен інісі Ысқаққа  хат  жазады.

26 ақпанда дзотқа қарай шегінген неміс солдаттарының атқан автомат оғы Иманғалиға тиіп,  ауыр жараланса да,  ақырғы күшін жинап  беліне байланған гранаталарды  жау дзотына лақтырып ерлікпен қаза тапты. Батыр Польшадағы   Болевлавице деревнясындағы әскери зиратта жерленген. Бұл жерде кеңес Армиясының 141 сарбазы жатыр.   

Ап

1997 жылы Иманғали Білтабановтың есімі Қобда ауданындағы ауылдық округке берілді.  Осы жердегі ауыл мектебі де батырдың есімін иеленген. Қобда аудандық музейінің меңгерушісі Гүлбаршын Ерғалиеваның айтуынша,  Иманғалидан үйіне екі хат келген. Біріншісі,   1944 жылдың 12 тамызында інісі Ысқаққа жазған хаты. Арайлым Шойманова тапсырған осы хаттың   түпнұсқасы Қобда аудандық музейінің экспозициясында тұр.  Ал, 1945 жылдың қаңтарында жіберілген хаты жоғалып кеткен.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Ақтөбе облысынан 38 Кеңестер Одағының батыры, 9 «Даңқ» орденінің иегері шықса, оның 8-і Қобда топырағынан  майданға аттанғандар. Қобда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Кереймағамбетовтың айтуынша, бұлардан өзге аталмай қалған екі батыр бар. Оның бірі, майданнан оралған бойы Алматыға көшіп кеткен Жолдыбаев болса, екіншісі Днепр өзеніндегі шайқастағы ерлігі үшін Кеңестер Одағының батыры атағына ұсынылған Рақышев деген жігіт.

«Алайда Рақышевке Кеңестер Одағының Батыры  атағын беру туралы  ұсыныс хаттың бірінде  оны   Днепр  өзенінің сол жағалауында  ерлік көрсетті деп, екіншісінде оң жағалауы деп жазылған.  Сәйкессіздікті  түзетуге уақыт беріледі. Осы  аралықта ол  немістердің тұтқынына түсіп қалады», деді Н. Кереймағамбетов.

Аа