
Жалпы, облыс әкімдігі мен «Қазцинк» компаниясы арасындағы ынтымақтастық 2022 жылдың қараша айында басталған. Содан бері аймақтың дамуына, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға оң әсер еткен көптеген жоба іске асырылды. Меморандум Ұлытау облысының экономикалық дамуын қолдауға, әлеуметтік, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Құжатқа қол қою барысында облыс әкімі Дастан Рыспеков пен «Қазцинк» ЖШС-ның бас директоры Жанат Жанботин тараптардың серіктестігі өңірдің тұрақты дамуына елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Құжатқа сәйкес, «Қазцинк» ЖШС биыл Ұлытау облысындағы Жәйрем кентінде іске асырылып жатқан 10 әлеуметтік жобаны қаржыландырады. Жобалар денсаулық сақтау, спорт, инфрақұрылым, әлеуметтік нысандарды абаттандыру салаларын қамтиды.
2025 жылға арналған ірі бастамалардың ішінде спорт кешенінің құрылысы, 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы, аумақты абаттандыру жұмысын ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ бюджет саласының қызметкерлеріне 20 пәтер сатып алу жоспарда бар.