
Суреттерді түсірген – Мират ҚОРЖЫНБАЕВ
Еліміздегі ең үздік туристік 5 ауылдың бірі – Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы ауылы танылды.
Іргесі 1826 жылы Ішкі қазақ ордасының билеушісі Жәңгір ханның ұйғарымымен және тікелей басшылығымен қаланған елді мекен бастапқы кезде «Хан ордасы» аталған. 1918 жылы кеңес билігі орнаған кезде «Орда қаласы» деп аталды. 1917–1920 жылдары ауыл Бөкей облысының, 1920–1925 жылдары Бөкей губерниясының, 1925–1928 жылдары Бөкей уезінің, 1928–1952 жылдары Орда ауданының орталығы болды. 1964–1997 жылдар аралығында округ дәрежесіне түсіп, «Орда» кеңшарының орталық усадьбасы атанды.
Дегенмен бұл ауылдың дәрежесін арттырып, даңқын асқақтатып тұрған – ақындар «айналасы айшылық, көлденеңі күншілік» деп жырлаған Хан ордасының сақталуы дер едік. Бұл – күллі ел аумағында күні бүгінге дейін сақталып тұрған жалғыз Хан ордасы!
Бүгінде осы жерде Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық мұражай-қорығы аталған үлкен кешен бүкіл бір өлкенің жылнамасын жиып, халыққа ұсынып отыр.
Мұражай-қорық құрамында 1828 жылы салынған Хан сарайы ғимаратынан бөлек, Хан мешіті, еліміздегі алғашқы банк – қазынашылық үйі (1867), әйелдер гимназиясы (1883), аурухана ғимараты (1872), тұңғыш қазақ баспаханасы (1841), Сейітқали Меңдешевтің мемориалдық музейі (1842), Алма Оразбаева тұрған үй (1842), Тарғын мектебі ғимараты (1868), Шәңгерей Бөкеевтің фото музейі, Жәңгір хан, Дәулеткерей Шығайұлы және Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелері сынды ондаған ғимарат, мыңдаған жәдігер бар.
Қысқаша айтқанда, Хан ордасы ашық аспан астындағы мұражай десе болады. Хан ордасы ауылы – шынымен де үздік туристік ауыл.
Біз бүгін Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық мұражай-қорығының қызметкері, әуесқой фотограф Мират Қоржынбаевтың нысанасына іліккен суреттер топтамасын – Хан ордасы ауылының көріністерін ұсынамыз.
Автор туралы ақпарат: Қоржынбаев Мират Бисенғалиұлы Орда ауылында дүниеге келген. 2007 жылдан бері Бөкей Ордасы тарихи-музей кешенінде қызмет атқарады. Туған ауылының тарихы мен бүгіні туралы деректі фильмдердің, фототоптама, баннер, буклеттердің авторы. Хан ордасы тарихын насихаттап, музей қорын толықтыру мақсатында Ресейдің Москва, Санкт-Петербург қалаларына, тарихи орындарға іссапарға шыққан.

Батыс Қазақстан облысы