Өшпес даңқ • 28 Ақпан, 2025

Нағыз халық қаһармандары

251 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Мерген – қорғаныста тіреніш, шабуылда сүйеніш» дейді халық. Ықылым заманнан бері шапқан аттың жалында жүріп, құлаштай садақ тартқан қазақ баласы Екінші дүниежүзілік соғыста да құралайды көзге атқан мергендігін әйгілеп, қор­ғанысқа тіреу, шабуылға сүйеу бола білген. Атқан оғы мүлт кетпей, бір өзі 200-ден аса жау әскерін жер жастандырып, намыстың туын жықпаған сұрмергендердің ерлігі неге ескерусіз қалды? «Кеңес Одағының батыры» атануға әбден лайық қазақтың бөрідей көкжал оғландары кезінде неге ұлықталмады?

Нағыз халық қаһармандары

Мергендер мектебінің марғасқасы

Екінші дүниежүзілік соғыс қазақтың небір сұрмергендерін тарих сахнасына алып шықты. Олардың басында қазақ жауынгерлерінің арасында ең алғаш болып кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін қадаған, 1914 жылы қазіргі Жамбыл об­лы­­сының Қордай ауданы, Қаракемер ауы­лында дүниеге келген Әбіл Нүсіпбаев тұру керек секілді. Бұлай деп айтуымызға себеп, Әбіл тек жаумен шайқасқан жоқ, өзі секілді нысананы қағып түсірер 19 мергенді тәрбиеледі. Шәкірттерінің арасында жаудың 397 сарбазын жайратқан Төлеуғали Әбдібековтің бар екенін айтсақ та жеткілікті.

«Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qasaqstan») газетінің 1944 жылғы 18 қаңтар күнгі санында лейтенант Қаз­бек Сүлейменовтің «Мергендер» атты ма­қа­ла­сы жарияланыпты. Аталған мақалада Әбіл батыр алғашқы «Қызыл жұлдызын» Екін­ші дүниежүзілік соғысқа дейін, яғни 1938 жыл­дың 19 қазанда Қазақтың таулы атты әскер полкінде взвод командирі болып жү­ріп, Халкин-Гол шайқасында көрсеткен ерлігі үшін алғаны, Екінші дүниежүзілік соғыста сол тәжірибесінің арқасында тек қа­зақтардан құралған 19 адамдық мергендер тобын жасақтап, Әбіл үйреткен 19 мер­ген аз ғана уақытта 1 173 немістің көзін жойғаны баяндалған.

Аз уақытта шәкірттері немістің 1 173 сарбазының көзін жойған Әбіл батыр сар­баздарға мылтық атуды үйретіп қана қой­май, өзі де қасық қаны қалғанша жаумен жа­ғаласты. 1941 жылдың 17 шілдесінен бас­тап, алғашында панфиловшылардың 316-атқыштар, кейіннен 8-гвардиялық ат­қыш­тар дивизиясы сапында жаумен шайқасты.

Мәселен, «Комсомольская правда» га­зетінің 1942 жылғы 9 қазандағы нөмірінде Әбіл Нүсіпбаевтың суреті басылып, 52 немісті жер жастандырғаны, ал 1942 жылы 17 желтоқсанда 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына қарасты 30-гвардиялық атқыштар полкінің мергені, гвардияның аға сержанты Әбіл Нүсіпбаев жаудың 88 сарбазы мен офицерін жойғаны үшін «Қызыл Ту» орденін алғаны хабарланған.

Әбіл Нүсіпбаевтың батырлығын әй­гі­лей­тін мұндай деректер мұрағаттарда да, ба­сылым беттерінде де аз емес. Бішкек қала­сындағы Әскери даңқ мұражайында сақ­талған Әбіл Нүсіпбаевтың «Мергендік кіта­бында» бір өзі 252 жау әскерінің көзін жой­ға­ны көрсетілген. Осыдан-ақ, қаһарымен қамал бұзған боздақ ердің көзсіз батыр болғанын аңғарамыз.

 

Қаһармандық қағидасы

пр

Соғыстың қатпар-қатпар тарихын аршыған сайын, таңдай қақтырар небір дерек кездеседі. Бір өзі жүздеген жау әскерін жойса да, сыңаржақ саясаттың кесірінен ерлігін елі ұмытқан оғландарымыз аз емес. Солардың бірі Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына қарасты Ақкөл ауылының тумасы – Қуанай Әбдірахманов. Сұрапыл соғыста бір өзі 400-ге жуық жау әскерінің көзін жойып, екі мәрте кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін қадаған Қуанай батыр майдан даласында із-түзсіз кеткен. Соның салдарынан 1945 жылдың 3 нау­рызында әскери есептен шығарылып, «жау қолына түсті» деген болжаммен батырға қатысты мәліметтің бәрі құпияланған.

І Беларусь майданының 186-атқыштар дивизиясына қарасты 290-атқыштар пол­кі­нің 107-барлау ротасының барлаушы-мергені болған Қуанай Әбдірахманов туралы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qasaqstan») газетінің 1944 жылдың 10 қараша күнгі №144 санында Қ.Жұматаев атты автордың «Мергеннің есебі» атты мақаласы жарияланған. Сол материалда Қуанай батырдың:

«Қазақтың душар болдың мергеніне,

Әкеңнің сен де барып кір көріне», деп әндетіп жүріп соғысатыны, нәтижесінде, 373 жау әскерін жойғаны баяндалған. Бұл мергеннің қаһармандық қағидасы іспетті. 2009 жылы батырдың туыстары соғыс уақытында жарияланған сол мақаланы негізге алып, іздеу салып, Қуанай Әбдірахмановқа қатысты бүкіл құжат жарыққа шықты. Сол 2009 жылдан бері ғана Қуанайдай батырымыз болғанын там-тұмдап біле бастадық.

 

Атақ орден болып оралды

Берік Әбдіғалиұлының «Ұмытылған қаһармандар» атты кітабында «Кеңес Одағы­ның батыры» атағына ұсынылып, ол марапатты ала алмаған 133 қазақ баты­ры­ның аты-жөндері жарияланған. Солар­дың бірі – жаудың 215 әскерін жер жас­тандырған Әбдіхалық Қабдолов. Ол 1922 жылы қазіргі Жетісу облысына қарасты Қаратал ауданында дүние есігін ашқан.

Әбдіхалық 1941 жылдың 10 желтоқ­санында әскер сапына алынып, алғашында атты әскерде қызмет етіп, 1942 жылдың желтоқсан айынан бастап, мергендер санатына қосылған. 1943 жылы 12 қаңтарда жаудың 44 сарбазы мен офицерін жойғаны үшін алғашқы наградасына ұсынылып, 18 қаңтарда «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.

Кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін қадағаннан кейін Әбдіхалықтың құра­лайды көзге атқан мергендігі аңызға айналып, майдан даласында небір ерлік көр­сетті. Мәселен, 257-гвардиялық атқыштар полкінің мергені, гвардия сержанты Қабдолов 1942 жылдың жел­тоқсанынан 1943 жылдың наурызы­на дейін 138 жау әскері мен офи­церлерін жойғаны үшін «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылуы бұл сөзімізге айқын дәлел бола алады. Бірақ... Иә, бірақ сыңаржақ саясаттың кесірінен І дәрежелі «Отан соғысы» орденін қанағат етуге мәжбүр болды. 1944 жылдың 21 шілдесіне дейін жеке есебінде 215 жауды жайратқан есіл ер қапыда қаза тапты.

 

Ердің ері Сәрсенбай

пр

Жоғарыда біз сөз еткен Берік Әбдіғали­ұлының «Ұмытылған қаһармандар» атты кітабында жазылған 133 қазақ батырының бірі – Сәрсенбай Рүстембеков. Ердің ері «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылып, марапатқа қолы жетпеген.

1915 жылы Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында дүниеге келген батыр ұл 1942 жылдың 18 мамырында Қарағанды қаласында 3-қалалық милиция бөлімшесінде қызмет етіп жүрген жерінен майданға аттанған. Сұрапыл соғысқа қатардағы жауынгер болып кіріп, аз уақытта бөлім командирі болып, мергендігімен көзге түскен.

1943 жылғы 3 маусымда «Ленинград­ты қорғағаны үшін» медалімен марапаттал­ған. 1944 жылы 12 наурыздағы «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылған марапат қағазында Рүстембековтің 1943 жыл­дың мамырына дейін – 207, 1943 жыл­дың маусымына дейін – 232, 1944 жылдың маусымына дейін 269 жау әскерінің көзін жой­ғаны туралы мәлімет жазылған. Бірақ батыр ұл ресми марапатқа қол жет­кізе ал­май, 1944 жылы 20 тамызда ауыр жа­рақат алып, 24 тамыз күні мәңгілікке көз жұмды.

 

Көздегенін мүлт жібермеген күйші

пр

Сұм соғыс қаншама таланттың бағын байлады. Өнер майданында руханияттың жаршысы болуға тиіс өнерлі азаматтар соғыс даласында жаумен жағаласып, қан кешуге мәжбүр болды. Сыбызғымен күй тартуға жаралған саусақтар мылтықтың шүріппесін басуға дағдыланды. Сондай талантты оғландардың бірі һәм бірегейі Ысқақ Уәлиев еді.

1902 жылы Батыс Қазақстан облысына қарасты Казталов ауданында дүниеге келген күйші азамат 1934 жылы Алматыда өткен көркемөнерпаздардың байқауында әйгілі Ахмет Жұбановтың көзіне түскен.

Ахмет Жұбанов «Өскен өнер» кіта­бында күйшімен алғашқы рет 1934 жылы кездескенін, осылайша, сыбызғышыны Алматыдағы оркестр құрамына алып қал­ғанын, күйшінің 1938 жылы Ленинградқа барып, «Амангелді» фильміне де түскенін жазады.

Сыбызғы мен домбыраның құлағында қатар ойнаған Ысқақ Уәлиев қырық жасында майданға аттанды. 1944 жылдың 17 наурызына дейін мергендер сапына жау­мен арпалысып, жаудың 227 жа­уынгерін жер жастандырды. Кеудесіне екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденін қадап, соғыс даласында шейіт кетті.

 

Батырлығы бағаланбаған Байжанов

ап

Ерлігі ел есінде мәңгілік қалуға тиіс батырлар сапында Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданының тумасы Зейтін Байжанов та бар. «Кеңес Одағының батыры» атағына екі рет ұсынылып, «Ленин», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған батыр ұл 167-гвардиялық атқыштар пол­кінің, 61-гвардиялық атқыштар диви­зиясының құрамында Ленинград, Қырым, Воронеж, Запорожье, Николаев, Одес­садағы шайқастарға қатысты. Төрт дүркін жараланған батыр екі рет ауыр жарақат алса да, өз өтінішімен майдан даласынан кетпеді. Майдандағы сарбаздарға ұстаздық етіп, 50 мерген тәрбиеледі. 1944 жылдың 14 тамызындағы есеп бойынша мерген Байжанов қарсыластың 248 сарбазы мен офицерінің көзін жойған. Батыр 1945 жылдың 16 қаңтарында Мажар­­станды басқыншылардан азат ету шайқасында қаза тапты.

 

Сүйеубайдың ұлы Исатай

ап

Қазақ баласына ырымдап батырдың есімін қоятыны да бекер емес. Қазақтың әйгілі батыры Исатай Тайманұлының ат­та­сы, маңғыстаулық Исатай Сүйеубаев та Екінші дүниежүзілік соғыста кеуде­сін жауға бастырмаған ержүрек ерлері­міздің бірі. Оңтүстік-Батыс майданның 21-армиясының 293-атқыштар дивизия­сының құрамында алғы шепте соғысқан Исатай Сүйеубаев жаудың 300 сарба­­зын жойып, батырлығын әлемге әйгілеген еді. Соғыс уағында Исатайға ақындар өлең арнап, бүкіл газет жарыса мақала жазған. Мәселен, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qasaqstan») газетінің 1943 жылдың 20 тамызындағы №171 санында Ә.Нілдібаевтың «Өлімді жеңген өмір» атты мақаласы жарық көрген. Онда:

«Командир Исатайды сүйіп тұрып, фамилиясын сұрады.

– Исатай Сүйеубаев.

– Нағыз ер екенсің, досым! Бір өзің 300 фрицті өлтірдің!

– Мүмкін емес!

– Рас, бауырым, дәл 300!

Танк тағы да алға жылжыды. Бір дөң­нің шығыс жақ бетіндегі блиндаждарды, атыс ұяларын «КВ» талқандай жөнелді. Немістер беті ауған жаққа қашты. Исатай он адамға арналған оқты жалғыз өзі атып тауысты», делінеді.

Тоғыз жерден жараланса да, майдан даласынан кетпеген батыр ұлдың осы ерлігі «Кеңес Одағының батыры» атануға лайық еді. Бірақ оған да тиісті атағы бұйырған жоқ!

Сөз соңы: Қырған жауы жүзге жетпеген талай сарбаз «Кеңес Одағының батыры» атағын олжалаған. Ол сөзімізге 1987–1988 жылдары Мәскеудің әскери бас­пасынан жарық көрген «Герой Советского Союза» деген екі томдық дәлел бола алады. Қараңыз: «Архипов Василий Сте­панович. Руский. Пулеметчик. При отра­­жении контратаки противника уничтожил нес­колько десятков гитлеровцев» (І том­­ның 81-беті); Белоусов Павел Александрович. Руский. Автоматчик. Уничто­жил несколько вражеских солдат (І томның 146-беті), Блажкун Андрей Фе­до­рович. Украинец. Стрелок. В рукопашной схватке уничтожил несколько гитлер­цев (І томның 146-беті). Мұндай деректерді көргенде жүздеген фашистің көзін жой­ған қазақтың жеті батырының ерен ерлігі еленбей қалғанына нала боласың!

Қош! Екінші дүниежүзілік соғыстың әлі де ашылмаған ақтаңдақтары жетер­лік. 200-ден аса жауды жайратқан қазақ­тың батыр ұлдарының саны осы жеті көкжалымызбен түгесілмейтіні анық. Мәселен, бұл материалда 2022 жылы Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жарлығымен «Халық қаһарма­ны» атағына ие болған екі батырымыз, яғни немістің 397 сарбазын қынадай қырған Төлеуғали Әбдібеков пен 281 фашисті жер жастандырған Ыбырайым Сүлейменов секілді мергендерге тоқтал­ған жоқпыз. Жеңістің 80 жылдық мереке­­сіне орай ерлігі еленбей қалған қаһар­мандарымыздың қатарын елдің есіне тағы бір мәрте салуды ғана мақсат тұттық...