
Кейінгі жылдары Отан алдындағы борышын өтеуге барған жастардың арасында түсініксіз жағдайда қаза табу не мертігу оқиғалары көбейгені белгілі. Қоғамда көп талқыға түскен өзекті мәселеге Мемлекет басшысы да назарын аударып, арнайы тапсырма берді. Бұл – ең алдымен, Қорғаныс министрлігіне қатысты мәселе. Осыған орай Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың бастамасымен әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға, әскердегі тәртіпті нығайуға бағытталған шаралар кешені қолға алына бастады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев айтып берді.
– Бұған дейінгі брифингтер мен басқа да алаңдарда біз қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет бердік. Соның қатарында «Напарник», «Пирамида», «Жауынгерлік дос» жүйелері арқылы жеке құрамды бақылау, «Отбасымен бейнеқоңырау» арқылы туыстарымен сөйлесу сервисінің жұмысы, жеке құрамдағы құқық бұзушылық пен өлім-жітімнің алдын алу бойынша іс-әрекет алгоритмі, бейнебақылау камераларының, профилактика кабинеттерінің жүмысы, т.б. бар. Ал бүгінгі айтайын дегеніміз – өткен жылдағы техникалық шаралар мен жаңашылдықтан бөлек, әскери қызметшілердің әріптестеріне деген өзара сыйластығын қалыптастыруға, тәртіпті сақтауға бағытталған құқықтық әрі моральдық-этикалық нормалар бойынша тұрақты жүйелі сабақтардың енгізілуі, – деді Т.Басқожаев.
Оның айтуынша, бұл жұмыс өз нәтижесін беріп келеді. Қазір әскери қызметшілерге қатысты бұзықтық пен басқа да құқық бұзушылық туралы хабарлауға арналған анонимді қауырт желі жұмысы жандандырылған. Бұған қоса тәртіпке жауапты офицерлер саны көбейіп, оларға басқару мен кикілжіңнің алдын алудың заманауи әдістерін оқыту жолға қойылған.
– Стресті төмендету мен кикілжіңдерді болдырмау үшін әскери қызметшілерді психологиялық қолдау жүйесі жаңғыртылды. Бұл жұмыспен әскери психологтер айналысады. Олардың қолында айрықша назар салуды қажет ететін әскерилердің тізімі бар, – деді Т.Басқожаев.
Қорғаныс министрлігінің өкілі мерзімді әскери қызметін өтеген жастарға 2023 жылдан басталған жеңілдік пен игі өзгеріс жайында кеңірек айтып берді. Соның бірі – әскери қызметті үздік өтеген сарбаздарға тегін білім грантының берілуі. Осы жоба аясында 2023–2024 жылдары 6 мың адам тегін грантқа ие болған. Оларға еліміздің 80-нен аса жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік берілген.
– Сонымен қатар мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға «несиелік демалыс» беру жобасы да жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 17 мыңдай адам «несиелік демалысқа» қол жеткізді. Олардың 6,6 млрд теңгені құрайтын берешек қарызы бар, – деді Т.Басқожаев.
IIM Ұлттық ұлан Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бас басқармасының бастығы, полковник Нұрбай Бектұрсынов Президенттің әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты тапсырмаларын іске асыру үшін ІІМ мен Ұлттық ұланда «2025 жыл – профилактика жылы» деп жарияланғанын атап өтті. Оның айтуынша, әскери қалашықтар аумағында, жатын орындарда, қару-жарақ сақтайтын бөлмелерде, жуынатын, тәуліктік наряд өткеретін, т.б. жердің бәрінде 3 218 бейнекамера орнатылған. Жыл соңына дейін тағы қосымша 1 000 шақты камераны іске қосу жоспарда тұр.
Психологтердің деңгейін көтеру мақсатында бірқатар қоғамдық ұйыммен, оқу орындарымен меморандум жасалғанын, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың отбасымен тұрақты түрде сөйлесуі жолға қойылғанын, Сарбаз аналары комитетімен тығыз ынтымақтастық орнатылғанын атап өткен ол осы жұмыстың бәрі жемісін беріп жатқанын тілге тиек етті. Алайда барлық күштік саланың өзара күш біріктіруі арқылы атқарылатын шаруа әлі де шаш етектен.
– Былтыр ұландықтар қатарынан офицерлердің, әскери қызметшілердің суицид жасау, сондай-ақ бейбіт өмірде қаза табу оқиғалары тіркелген жоқ. Соған қарамастан, әскерилер өлім-жітімінің, соның ішінде суицидтік әрекеттің алдын алу мәселесі әлі де өзекті әрі командирлер мен басшылардың тұрақты назарында, – деді Н.Бектұрсынов.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының орынбасары Серік Рахимов қоғам талқысындағы күрделі мәселеге тоқтала келе, әскери және құқықтық тәртіпті нығайту аясында Шекара қызметінің бөлімшелерінде Бас әскери прокуратура, Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұланмен бірлесе әскери қызметшілер арасында лудомания, суицид, басқа да жағымсыз көріністің алдын алуға бағытталған «Өмірді сақта» бағдарламасы іске асып жатқанын айтты.
– Әскерге шақырылған сарбаздарды сапалы зерделеу үшін оқу орталықтарында қосымша 66 тәрбиеші, 40 психолог пен полиграфолог маман лауазымдары енгізілді. Бұл іс-шаралар әскерге шақырылған контингентті іріктеу сапасын арттырып, оларды бейімдеу үдерісін жақсартты. Былтыр әскери психологтер әскери қызметшілер арасында моральдық-психологиялық климатты зерттеуге, сондай-ақ қызметтің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған 10 мың сауалнама өткізді. 1 мыңнан аса консультациялық және түзету іс-шарасы жүргізілді, – деді С.Рахимов.
ҰҚК Шекара қызметінің өкілі әскерге шақырылушылар арасында жарғылық емес қарым-қатынасты болдырмау мақсатында өткен жылдан бастап жаңадан келгендер мен одан бұрын шақырылған әскери қызметшілердің бөлек қызмет ету тәжірибесі енгізілгенін жеткізді. Яғни олар қызмет кезінде бір-бірімен байланыста болмайды, бұл жанжалдың туындауын барынша азайтады. Сондай-ақ сарбаздар тәулік бойы командирлердің бақылауында болады.
С.Рахимов Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге қатысты тиісті нормативтік-құқықтық акт әзірленіп жатқанын да тілге тиек етті. Атап айтқанда, осы мақсатта Шекара қызметі шекаралас аудандар мектептерінде 375 арнайы «Жас шекарашы» үйірмесін құрған. Олардың құрамында 7 мыңнан аса оқушы бар. Бұл үйірмелерден шыққан 131 жас ҰҚК Шекара академиясына, еліміздің және шет мемлекеттердің басқа да әскери жоғары оқу орындарына білімін шыңдап жатыр.
– Жалпы айтқанда, осы тәрбиелік-идеологиялық жұмыста қабылданған шаралар оң нәтиже беріп отыр. Сонымен қатар халыққа балаларыңызға көбірек қамқорлық жасап, адамгершілік құндылық пен патриотизмге тәрбиелеу қажеттігін жеткізгім келеді. Себебі өсіп келе жатқан ұрпақ – Отанның қорғаны. Еліміздің бейбіт болашағын қамтамасыз ету үшін тек құқық қорғау органдары емес, барлығымыз күш-жігерімізді біріктіруіміз керек, – деді ҰҚК өкілі.