Тұлға • 28 Ақпан, 2025

Ғылымның өшпес шырағы

249 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Тіл ғылымы тарихында өшпестей із қалдырған белгілі ғалым, академик Шора Шамғалиұлы Сарыбаев (1925–2018) есімін санамызда қайта жаңғыртып, ғибратты ғұмыры туралы ой толғауымызға түрткі болып отырған жайт – қалың елі биыл оның 100 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Ғылымның өшпес шырағы

Жалпы, Сарыбаевтар әулеті қоға­мы­мыз­дың мәдени өмі­рін­де ерекше орын алады. Әке­ле­рі Шамғалидің өзі «Орыс мек­теп­терінде қазақ тілін үйрету әдістемесі» тақырыбында диссертация жазған тұңғыш ғалым десек, Шора Шамғалиұлының інісі, танымал өнер қайраткері Болат Сарыбаев – қазақ халқының музыкалық аспаптары мен дәстүрлі қазақ музыка мәдениетінің жандануына айтарлықтай еңбек сіңірген саңлақ. Асылдың тұяғы, композитор Талғат Сарыбаев «Арай», «Жетіген», «Гүлдер» вокалды-аспаптық ансамбльдерінің құ­рылуына себепші болған, «Бір бала», «Маусымжан», «Керімай» сияқты басқа да бірталай халық әндері мен қазақ композиторлары әндерінің эстрадалық үлгіде кең таралуына, жаңаша өңдеп, көркемделуіне бір кісідей тер төккен өнер иесі еді.

Шора Шамғалиұлының ұлы Қайрат Сарыбаев – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат. Бірде оның әкесі туралы тебірене сөйлеген сөзіне куә болдым. «Қазақ балабақшасында тәрбиелендім. Қазақ мектебінде білім алдым. Бала күнімнен бастап ана тілімнің қадір-қасиетін сезініп өсуіме әкемнің тигізген ықпалы өте зор болды. Мұның бәрі қазір өткенге ойлана көз тіксем, әкенің балаға деген сүйіспеншілігінің ең жарқын көрінісі екен» деп табанды әрекеттің кейде адам тағдырына да әсер етіп жататынын риясыз көңілмен жеткізген еді. Сонда бірнеше автобусқа ауысып міну арқылы әупірімдеп жететін Алматыдағы жалғыз қазақ балабақшасына ұлын өз қолымен жетектеп апарып жүрген данагөй Шора ағамыз ел ертеңі тікелей тіл тағдырына байланысты болатынын ерте ұққан шын мәніндегі көреген жан болғаны ғой. Осының нәтижесінде сол ұл бүгінде бірнеше еуропалық тілдерді емін-еркін меңгерумен қатар көкейдегі көрікті ойды ана тілінде айтып жүрген азамат. Қыздары Майра мен Салтанат та рухани әлеммен тығыз байланысты. Бірі филология ғылымдарының кандидаты, доцент әрі әке жолын қуып, ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысса, енді бірі режиссура саласының білікті маманы.

Академик Ш. Сарыбаевтың сан қырлы қасиетін бір сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Ол музыканы, ән өнерін (өзі бірнеше тілде ән салатын), спортты сүйді. Оның жинаған коллекциясы мазмұнымен, тағы­лымдық үлгісімен жан баурады. Ғылымға, әдебиетке, тарихқа, мәдениетке, спортқа қатысты дүниелер ғажайып әсерге бөлейді. Марка, төсбелгі, монета үлгісіндегі топтамалар, көрнекті тұлғалар мен әйгілі әйелдер туралы, халықтық медицина жайындағы кітаптар, анекдоттар және т.б. материалдар ешкімді бейжай қалдырмайды. Кейбір таным-түйсігі таяз жандар коллекция дегенді қолы бос адам айналысатын ұсақ-түйек нәрсе деп ойлайды. Коллекционер Шора мұндай пікірдің шындыққа мүлде жанаспайтынын дәлелдеп беріп кетті. Оның әр жиған құнды дүниесінен сол кезеңге тән бедерлі бояудың бәрін табасыз.

Айта кететін бір жайт, оның коллекцияға деген құштарлығын оятуға әкесінің еңбектері әсер етті деп пайымдауға толық негіз бар. Шамғали Харесұлы педагог, әдеби сыншы, аудармашы һәм журналист ретінде танылып, кезінде Алаш зиялыларымен рухтас, пікірлес болған екен. Ол кісі кітап жинаумен айналысқан, үйіндегі кітапханасы ауқымды еді. Сонымен қатар өзі сүйетін кәсіптен қол үзіп кетпей, арманына қанат бітірген тағы бір тұлға Шоқан Уәлиханов еді. Шоқанды алғашқы қазақ коллекционері деп таныды. Сол себепті де оның шығармаларына жиі жүгінетін, шашыраңқы лингвистикалық идея­лар, бақылаулар, мәлімдемелер жинайтын. Ол өзінің бір еңбегінде былай деп жазды: «Ш. Уәлиханов бірнеше Батыс Еуропа және шығыс тілдерін меңгерген. Олардың сәтті игерілуіне оның ерекше тілдік қабілеті мен феноменальды жады ықпал етті. Оны өз зерттеулерін­де Салыстырмалы тарихи әдісті ал­ғаш­қы­лардың бірі болып қолдан­­ған ғалым деп санауға болады.

Көп тіл білу, шет тілді халық­тардың ғалымдары еңбек­теріне үңілу оған түркі және басқа, әсіресе туыс емес тілдердің деректерін еркін қолдануға, салыстыруға мүм­кіндік берді».

Кейін ол Шоқан Уәлихановтың лингвистикалық мұрасына, оның еңбектерін талдауға қатысты бір­қатар ғылыми мақала жазды. Академик Ш.Сарыбаевтың шығар­машылығы дегенде, алдымен оның еңбектерінің тақырып аясы жұрт назарын айрықша аударар еді. Бұл бір санаңызға күн сәулесінің жарығы түскендей зейініңізді ашатын кең тынысты, арнасы ауқымды дүние дер едік. Бұлар – қазақ тіл білімінің тарихы, лексикология, лексикография, терминология, этимология, грамматика, диалектология, жалпы түркология сияқты ана тіліміздің өзекті салаларын қамтитын зерттеушілік әрі теориялық әдістанымдық сипаттағы еңбектер.

1959 жылы Ш.Сарыбаевтың «Междометие в казахском языке» деген кітабы жарық көрді. Бұл еңбекте одағай категориясы әр қырынан қарастырылған: мағыналық топтары, грамматикалық-құрылымдық ерекшеліктері, модальды-экспрес­сивті реңкі, этимологиясы, тағы басқа да жақтары. Еңбекте одағай бірліктері сөйлеу актісінде, сөй­лесімде, диалог жағдайында көрініс табатын функциональды грамматика тұрғысынан зерттелген. Интонацияның мағына ажыратушы қасиетіне назар аударып, автор контекстің, ситуацияның маңыз­дылығын баса айтқан. Ода­ғай категориясының лексика-грам­матикалық тәсілдер арқылы жасалған түрлері зерттеліп, олар­дың жасалу жолдары, просодика ерекшеліктері нақты тілдік фактілермен, экспериментальды-фоне­тикалық әдістермен дәлел­денген. Одағайлар құрылымы, семантикасы жағынан да өздері түзілетін мәтінмен, контекспен, сөйлеу жағдаятымен тығыз байланыста және оларға бағынышты болып, солардың құрамында ғана өз мағынасына толық ие бола алатыны көрсетілген. Адам факторы, тілдің коммуникативтік қасиеті, прагмалингвистика аспектілері тұрғысынан зерттелуі қазақ тіл білімі үшін маңызды болатыны анық.

Сөз сазының сөйлеу тіліндегі атқаратын рөлін дұрыс түсініп, автор оның сөйлеу процесіндегі қызметін, сөйлегенде көрініс табатынына көңіл бөлген және ол статикалық синтаксисте емес, ди­намикалық синтаксисте қарас­тырылатыны айқын көрінеді. Автордың бұл пікірінің қазіргі таңда дамып келе жатқан ком­му­никативті лингвистика, прагмалингвистикамен ұштасатынын көріп отырмыз. Тіл адамдардың қарым-қатынас орнату құралы (коммуникативтік) екенін ескере отырып, тілдік формаларды қарым-қатынас материалы ретінде зерттеудің коммуникативтік аспек­тісінде қарастыру қолға алынып жатыр. Осы бағытта тіл бір­лік­терінің коммуникативтік акт про­цесінде, контекст, ситуация және сөйлеудің диалогтік формасында қарастырылуы өзекті болып саналады.

Автор зерттеу барысында көп мағыналы одағайлардың семантикасы просодикалық құралдармен байланысына аса көңіл бөледі. «Тіліміздегі көп мағыналы одағай­лар­дың әрбіреуі жұмсалатын мағы­насына қарай әр түрлі интонация­да айтылады. Біресе созылыңқы, баяу, біресе жұлып алғандай тез, жылдам айтылады. Кейбір көп мағыналы одағайлар мағынасы­ның құбылуы олардың айтылу мелодикасына, ырғаққа байла­нысты болады» дейді ғалым. Жұмыс­та жалпы ситуация, коммуника­тив­тік акт процесіне, контекске сүйеніп, автор одағай бірлікте­рін мо­дальды-семантикалық топ­тарға жіктейді. Олардың коммуникативтік-эмоционалды қыз­меті тек контекст құрамында ғана ашылатын болғандықтан, автор одағайлардың семантикалық ерешеліктерін диалог көлемінде беріп отырады. Сондай-ақ бір одағай бірлігі әр түрлі топтарға кіруі мүмкін, бұл жағдайда олардың мазмұны тек просодикалық тәсілдер арқылы ғана ажыратылады. Одағай бірліктерінің көп мағынаның ішінен нақты да дәл мағынасы айтылым­да просодикалық тәсілдер арқы­лы ғана анықталатынын көрсету үшін экс­периментальды-фонетикалық тал­дау жасалған. Сондай-ақ сөз са­зы­ның мазмұн ажырататын қыз­метін автор экспериментті түрде дәлелдеген.

Ғалымның докторлық диссертациясы қазақ тілінің диалектологиясы мәселелеріне арналған. Шора Сарыбаевтың далалық зерт­теу­лердегі көп жылдық тәжіри­бесі, диалектологиялық атлас пен сөздікті құрастыру, диалектілік бірліктерді теориялық талдау туралы ойлары түркология мамандары арасында түрлі пікірталастар тудырды. Қазақ тіліндегі диалекті­лер мен диалектілердің бар екен­дігіне күмән келтірген кезде ғалымға қазақтардың ауызекі тілінің өңірлік ерекшеліктерінің бар екендігін дәлелдеп шығу оңай­ға түскен жоқ. Сол үшін Қазақ­станның бүкіл аумағы бойынша алыс экспедицияларға барып, линг­вистикалық материал жинауға тура келді.

Шора Шамғалиұлы алтаисти­каның дамуына зор үлес қосты. Ол моңғол және қазақ тілдерінің салыс­тырмалы грамматикасы бойынша бірқатар мақалалар жариялады, бұл тіл біліміндегі тұтас бағытқа негіз болды. Ғылыми жұртшылық оның қазақ-моңғол тілдік байланыстары жөніндегі жұмыстарына үлкен қызығушылық танытты.

Сонымен қатар ол еліміздегі библиографиялық ғылымның бас­тауында тұрған адамдардың бірі еді. Ғалым библиография негіздерін білімнің ерекше саласы ретінде танып-білуді көздейді. Терең білім мен мол тәжірибенің арқасында Шора Шамғалиұлы қазақ тіл білімі библиографиясының негізін қалаушы тұлға ретінде аты тарихта қалды. Табиғатынан өте ұқып­ты Шөкеңнің диссертациялар тақырыптары қамтылған картотекасы болатын. Мұны ол тақырыптар қайталанып кетпеуі үшін жасаған еді және ғылым жолына жаңадан түскен жас ізденушілерге диссертацияны қалай жазу керектігін, әдебиетпен қалай жұмыс істеу керек­тігін, қысқасы, жастарға бағыт-бағдар беруден, үйретуден жалықпайтын.

1960 жылы лингвистикалық библиографияның бірінші томы жарық көрді. Бірақ өкінішке қарай, таратуға тыйым салынып, алынып тасталады. Шөкеңнің өзі айтқандай, себеп – сол кездің солақай саясаты бойынша саяси қате жіберілгендіктен, кітап­қа А.Байтұрсынұлы, М.Жұма­бай, Ж. Аймауытұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанұлы сияқты арыстардың 150 еңбегі ен­гізіл­гені үшін. Кейінірек биб­лиографияның тағы 6 томы жарық көрді. 2010 жылы бұл еңбек Түр­кияда түрік тілінде қайта басылды. Ғалымның қажырлы еңбе­гінің арқасында ХХ ғасырдағы қазақ тіл білімі бойынша барлық жа­рия­ланымдарды қамтитын біре­гей библиографиялық еңбек көпшілік оқырман үшін баға жетпес лингвистикалық анықтамалық ретінде қызмет етеді.

Шора Сарыбаев – 300-ден астам монографияның, оқулықтың, ғылыми және публицистикалық мақаланың авторы, сөздіктер құрастырушы, тіл білімі бойынша ғылыми журналдардың редакторы. Оқырманға осы ретте оның әр жылдарда жарық көрген бірқатар еңбектерін атап өтуді жөн санап отырмыз: «Қазақ тіліндегі қиылысу» (1959), «Қазіргі қазақ тілі» (1962, авторлардың бірі), «Қазақ аймақтық лексикографиясы» (1976), «6 томдық Қазақ тіл білімі бойынша әдебиеттің библиографиялық көрсеткіші» (1965–1987), «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» (1989, авторлардың бірі), «Қазақ диалектологиясы» (1967, 1991), «Қазақ лексикасындағы жаңа сөздер» (1992), «Қазақ тіл білімінің мәселелері» (2000), «Қазақ тілі бойынша рефераттар мен диссертациялардың библиогра­фиясы» (2003), «Қазақ өңірлік сөздігі» (2005), «Орыс-қазақ сөздігі» (2005), «Kazak turkcesi bibliografyasi» 2 томдық (2010), т.б.

Көріп отырғанымыздай, оның ғылыми еңбектерінің тақы­ры­бы алуан түрлі болуымен ерек­шеленеді: бұлар негізінен жал­пы және қолданбалы тіл білі­мі­нің, аударма теориясы мен прак­­тикасының мәселелері қоз­ғал­ған дүниелер, сондай-ақ пуб­лицис­тикалық еңбектер.

Ш. Сарыбаевтың қазақ-қырғыз ғалымдары арасындағы ынты­мақ­тастықты дамытуға айтар­лықтай еңбек сіңіргені өз алдына бөлек әңгіме. Қырғызстанның ғылыми кадрларын даярлауға атсалысқаны үшін, Қырғыз Респуб­ликасының мемлекеттік тілін дамытуға қосқан үлесі ескеріліп «Қырғыз тілі» медалімен марапатталды (2012). Мемлекет үздік жетістіктері үшін оның елдік мүддеге сай қызметін өте жоғары бағалады. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1985), «Құрмет» (2000), «Парасат» (2006) ордендерімен марапатталды.

Жоғарыда біз Шора Шамғали­ұлының кәсібіне қоса өзі сү­­йіп айналысатын хоббиі туралы аз-кем тоқталып өттік. Сол ойымызға қосымша тағы мынадай фактілерді мысалға келтіргіміз келеді. Ғалым қолы қалт еткен тұста «Қайрат» футбол командасы туралы түрлі басылымда жарық көрген материалдарды жинап, топтастыруды әдетке айналдырған. 1955 жылдан бастап «Қайрат» командасының жанкүйері болған. «Бірде-бір матч­ты жіберіп алмауға тырыстым, ал егер ойын шетелде өтіп жатса, «қайратшылар» газеттерді репортаждармен алып келді» дейді. Ол тіпті ұлының есімін әйгілі футбол командасының құрметіне қойған екен.

Оның коллекциясындағы жүзден астам альбом тек қана футболға ғана арналыпты. Мұ­ның қабатында кітап, футбол күнтізбелерін басып шығарып, доп бейнеленген спорт киім­дерін, «Қайрат» командасы ойын­шы­ларының қолтаңбасы басылған доптарды, төсбелгілерді жинауға екінің бірі қол жеткізе алмасы анық. Шора Шамғалиұлының 70 жылдығына орай белгілі футболшы, сол кездегі команданың тұрақты капитаны Тимур Сегізбаев барлық қайраткерлердің қолтаң­басы қойылған футбол добын сыйға тартыпты. Қырық жылғы қыруар еңбектен ерекше тұлғаның жан-дүниесіне шуақ шашқан әсерлі сәттерді аңғару қиын емес.

Спорт феномені түрлі ма­мандардың, соның ішінде линг­вис­тердің назарынан тыс қалған жоқ, олар үшін спорттық терминология әлі күнге дейін маңыздылығын жоя қойған жоқ. Шора Шамғалиұлы өзінің тақырыптық мақалаларында спорттық терминдерді жүйелеу және қазақ тіліне аудару бойынша ұсыныстар берген. Мыса­лы, ол «спортшы» және «рекорд­с­мен» сөз­деріндегі «ауысым» жұр­нақ­тарын «шы» жұрнағына (спорт­смен – спортшы, рекордсмен – рекордшы) ауыстыруды ұсынады. Спорттағы халықаралық термин сөздерді дұрыс пайдалана білуге өз үнін қосады. Мысалы, полуфинал – жартылай финал, вольная борьба – еркін күрес, современное пятиборье – қазіргі бессайыс, личное первенство – жекелей біріншілік, академическая гребля – академиялық есу, толкание ядра – ядро серпу, призер – жүлдегер, чемпион мира – әлем чемпионы болып қолданысқа енеді. Бокс, футбол, бадминтон, гандбол, рекорд, финал, хоккей, чемпион, шайба, кубок тәрізді өзге тілден енген терминдер сол күйі сақталып қалды.

Ғалымның жетекшілігімен және кеңесімен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде футбол тер­мин­дерінің бірегей сөздігі жарық көрді. Шора Шамғалиұлының өзі айтпақшы, барлық терминдер қазақ тіліне оңай аударыла салған жоқ. Мысалы, «құрғақ парақ», «тығыз қамқоршылық», «жеке қамқоршылық» сияқты комбинациялар аударма үшін үлкен қиындық тудырды.

Тіл – әр халықтың өмірінің айнасы десек, өмірдегі болып жатқан құбылыстар мен жаңалықтар сол халықтың ең алдымен, тілінен көрініс табатыны анық. Қоғамда болып жатқан саяси-әлеуметтік өзгерістердің қатарына жаңа терминдердің пайда болуы да жатады. Терминология қорының қалыптасуы мен дамуы ұлт ренес­сансының көрінісі іспетті. Сырт­тан енген техникалық не кәсіби мамандыққа байланысты айтылатын әр сөздің баламасын ана тілімізде қолданар алдында оны әбден саралап, ой елегінен өткізіп алуымыз маңызды.

Ғалым терминдерді жасау, қалыптастыру, оларды жүйелеу, қабылдау мен аудару мәселесіндегі өзінің құнды ой-пікірлерін басылым беттерінде жиі жариялап отырды. Бұқаралық ақпарат құралдары тіліндегі жаңа қолданыстар жа­йында әңгіме қозғалғанда, ол былай деді: «Терминдерді жаппай аудару үрдісінің шылауында, яғни пуризм бағытымен кетпей, жаңа қолданыстарды мөлшер деңгейінен асырмай, байыптылық, үлкен жауапкершілік таныту қажет, әсіресе, халықаралық әлем тілдеріне ортақ, тілімізде баламасы жоқ атауларды жаппай аудара салмай, оларды сол қалпында сақтап қолдану тәжірибесі құптарлық».

Академик Ш. Сарыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда терминология саласында бейберекетсіз­дік, иесіздік, бақылаусыздық белең алып отырғанын мойындауымыз керек. Қазір шет тілінен енген интернационалдық сөздерді жаппай аударуды қолдайтын мақала, ұсыныстар пуризммен ұштасып жатқаны айтылып та, жазылып та жүр. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған «Дәрі атаулары» деген шағын мақаланың бір авторы мынадай баламаларды ұсынған: түйме дақ (таблетка), лайша (микстура), допшалар (тилюли), жасалым (техника), жасалымшы (техник)».

Шынында да осындай «опустарды» оқығанда, езуге еріксіз күлкі үйіріледі. Терминжасам үдерісіне әрқашан сыни көзқараспен қарап, тілдің әдеби нормасын сақтау керек қой. Тілдің тағдырымен тек тәжірибелі тілші-ғалымдар айналысуы қажет, әркімнің өзінше термин жасауына тыйым салу керек. Қазіргі терминжасамда әдеби тіл нормасына қайшы келетін сәтсіз неологизмдерден қашуымыз керек.

Ғалымның пікірінше, нама деген жұрнақты да толық пайдалану керек: «Кейінгі жылдары баспа­сөз бетінде тарихнама (историо­графия), есімнама (персоналии), жаднама (памятка), мақалнама (мақалдар жинағы) сияқты сәтті жасалған сөздер кездесіп жүр. Сол сөздерді кең, дәйекті түрде қолданып, тіліміздің актив қорына айнал­дыруымыз керек». Орыс тілі­нен келген самолет, вертолет дегендерді ұшақ, тікұшақ деп ауда­рылуын да ғалым орынды деп есептейді. Сонымен қатар ғалым бүгінгі күннің эстетикалық талабына сай келетін терминдерді жүйелеп, қайтадан саралау, іріктеу уақыт талабы екенін ескертеді.

Бір сөзбен айтқанда, академик Ш. Сарыбаевтың жас мемле­кетіміздің қалыптасу кезеңін­де қазақ терминологиясы дамуына қосқан орасан зор үлесін қошеметпен құрметтеуге құқылымыз. «Қазақ тіліне халықаралық лексика эле­менттерін алудан қорықпа, дейді тіл саңлағы. – Халықаралық ин­теграцияның қазіргі заманғы жағ­дайларына сүйену керек, өйткені қазақ тіліндегі еуропалық және түркі тектес терминдер бұрыннан қалыптасқан». Ғалым халықаралық лексикаға жатпайтын сөздерді аударуға болады және интертерминдердің қолданы­луын мойындау керек деп санай­ды. Мысалы, «бизнес», «менед­жер» сияқты терминдерді қазақша­ға ауда­ру қолайсыз деп санайды. «Мен тілді тазартудың бұл процесін регрессивті деп санаймын» деп жазады ол.

Әрбір ғалым үшін ең басты жетістік – саналы шәкірт тәрбие­леу, өзіңнен кейінгі ізбасар­ларыңның көкірек көзін аша білу. Академик ұстаздың идеяларын жүзеге асыруға қабілетті кейінгі ізбасарлары аз деп айта ал­маймыз. Сарыбаев мектебінен сусын­даған сондай шәкірттерінің алды бүгінде ҰҒА академигі ата­нып, тіл білгірінің ғылымдағы жо­лын жемісті жалғастырып келе жат­қан профессор Кәрімбек Құрма­налиевті айрықша атап өткім келе­ді. Ол әрдайым өзінің ғылыми жетекшісінің қасынан табылып, ұстаз аманатына адал қалпынан айныған емес.

Шора Шамғалиұлы ұзақ өмір сү­рудің құпиясы рухты биік ұс­тай білуде деп санады, белсенді еңбек еткен адам қартаймайды деп есептеді, айналасына мейірім нұрын сеуіп жүретін жандар ұзақ жасайды деді. Қай кезде де оның әдемі әзілі әзір тұратын. Анекдотты жақсы айта білетін. Екі мыңға жуық анекдот жинаған. Бір ғажабы, ол кісі анекдот айтқанда, түрінен күлкінің нышаны байқалмайтын, есесіне тауып айтылған тамаша сөзге жұрттың ішек-сілесі қататын. Бір тойда әйелдің паригін киіп келіп, бәрімізді күлкіге қарық қылғаны естен кетпейді. Біреу-міреу сырқаттанып қалған жағдайда смехотерапиямен емдеу керек дейтін және күлкінің 70 түрін сипаттап берген еді. Рабиға апайдың күлкісін сыңғыр күлкі дейтін.

Институтта түрлі мерекелік кештерге арнап дастарқан жайы­лып жатады. Шөкең үйі­нен өзі пісіріп алып келген бауыр­сақ­тан бізге дәм татқызады. Бауыр­сақ­тарының формасы әр түрлі болып келетін, үш бұрышты, төрт бұ­рышты, домалақ, тағысын тағы. Ол кісі өзінің мерейтойларын да өзге­ше үлгіде атап өтетін. Туған күні құр­метіне өзінің жақындары мен әріп­тестерін театрға, концертке шақыратын.

Табиғат-Ана түлеп, күннің жылуымен, көктемнің шуағымен көңілге гүл еге келетін наурыз айын­да Шөкеңнің әріптестері, шәкірттері, туыстары, еңбе­гін құр­меттеп, сүйетін халқы ғалым­ның ғасырлық мерейтойын лайық­ты атап өтуге кірісіп, шоратануды жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз.

 

Зейнеп БАЗАРБАЕВА,

ҰҒА академигі